
Өңірдегі ірі кәсіпорындар Өскеменнің ауасын ластамайды. Мұны бірнеше жыл қатарынан жүргізіліп келе жатқан мониторинг дәлелдеп отыр.
Бұл жайлы облыс орталығында өткен аймақтық «ECOJER» форумы аясында айтылды. Экология саласын реттейтін басқармалар мен оны зерттеп-зерделеумен айналысатын мамандардың, қоғам өкілдерінің, журналистердің басын қосқан іс-шарада облыс орталығының экологиялық мәселелері талқыланды.
2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген жаңа Экологиялық кодекс қоғамның бұған дейін назардан тыс қалған жақтарын қайта қарастырып, экологиялық жағынан зияны жоқ деген салаларды қайта зерделеуге күш салмақ. Яғни бұдан былай еліміздегі экологиялық мәселелер кешенді түрде қаралатын болады. Өйткені экологиялық мәселелер өз кезегінде халық денсаулығын нашарлатуымен қатар, елді үлкен экономикалық шығынға батыруы да мүмкін.
Эколог мамандардың айтуынша, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі атмосфералық белсенділігі жағынан ең тыныш қалалардың бірі саналатын Өскемен соңғы кездері тұмшалаған түтіннен арыла алмай тұр. Бұл көрініс әсіресе қыс маусымында ерекше көрініс табуда. Қаланың әр жерінде орналастырылған автоматтандырылған құрылғылар ауаны зауыт мұржаларынан шығарылатын қалдықтардың емес, жеке сектордағы жеке үйлер мен қаланы жылытатын жылу орталықтары мұржаларынан шығатын күл қалдықтарының ерекше ластап жатқанын көрсетуде.
– Өкінішке қарай қаламызда экологиялық мәселелер аз емес. Оның үстіне осы саланы зерделейтін мамандарымыз да жоқтың қасы. Мәселені қозғап жүрген қарт адамдар мен кәсіпорындарымыздың бірнеше өкілі ғана. Ендігі үмітіміз – Өскемендегі екі ірі жоғары оқу орындарының осы саланың мамандарын даярлап шығаратын заманауи қалыптағы кафедралар ашуында, – дейді қоғам белсендісі Александра Осипова.
Бүгінде халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар ауа ластамайтын арнайы заманауи қондырғылармен жабдықталған.
– Экология мәселелері талқыланатын кез келген диалогтық кездесулерді қуана қабылдаймыз, – дейді «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургиялық кешенінің эколог маманы Вадим Кушнарев. – Біздің компанияның осы бағытта бұған дейін атқарған ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері мен алдағы уақытта атқаратын жоспарлары жетерлік. «Казцинк» компаниясы жұмыс істеп келе жатқан 24 жылдан астам уақыт аралығында біз ауаға шығарылатын лас қалдықтарды еселеп азайттық. Анықтап айтар болсақ, Өскеменде бұл көрсеткіш 4 есеге төмендеген. Алдымыздағы экологиялық стратегиялық жоспар анық. Оған 20 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалатын болады. Алдағы бес жылда атқаратын жұмысымыз тазарған ауамен көрініс табатын болады.
Оның айтуынша, биылғы жылдың бірінші шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген жаңа Экологиялық кодекс аталмыш саладағы мәселелерді кешенді түрде қарап, көп мәселенің басын ашатын көрінеді. Яғни, экономикалық жағынан тиімді деген нысандар қоғамдық талқылаудан бірнеше рет өткеннен кейін ғана бір шешімін таппақ.