Аймақтың шекарасы бекітілді
Ержан Әбіш
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХVІІ сессиясы өтіп, онда облыстың басқару сұлбасына өзгеріс енгізу, Самар және Тарбағатай аудандарының шекараларын және облыс шекарасын белгілеу мәселелері қаралды.
Алғашқы тақырып бойынша баяндаған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова мәдениет басқармасы мен денешынықтыру және спорт басқармасы бірігіп, мәдениет және спорт басқармасы құрылатынын, сонымен қатар ішкі саясат басқармасы мен дін істері жөніндегі басқарма бірігіп, қоғамдық даму басқармасы құрылатынын жеткізді. Бұл – жаңа Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің штатын оңтайландыру мақсатында жүргізіліп отырған шара.
Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дидар Болатұлы баяндамасында қайта құрылған Самар және Тарбағатай аудандарының және Шығыс Қазақстан облысының шекаралары 1997 жылға дейінгі, яғни облыстар мен аудандар қосылғанға дейінгі қалыпта бекітілгенін айтты.
Тарбағатай ауданының әкімшілік орталығы Ақсуат ауылынан Ақжар ауылына көшірілді. Ал Көкпекті ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Самар ауылында орналасқан Самар ауданы құрылды.
Бөліну нәтижесінде облысымыздың құрамында Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонайха және Алтай аудандары мен Риддер қаласы қалды. Облыстың ендігі аумағы – 97,8 мың шаршы шақырым.
– Бүгінгі мәслихат сессиясын тарихи деп атауға болады, себебі жаңа Шығыс Қазақстан облысының шекарасы бекітіліп отыр. Аймағымыз ықшамдала түскендіктен, алдағы уақытта зор қарқынмен дамиды деп үміттенемін. Сіздердің ел игілігі үшін атқарып жүрген еңбектеріңізге мол табыс тілеймін! – деді сессия жұмысына қатысқан облыс әкімінің міндетін атқарушы Алмасхан Сматлаев.
Атап өтерлігі, жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, қала-аудан әкімдері, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, құқық қорғау органдарының, басқармалардың басшылары да қатысты.
Қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.