Шығыста іске асып жатқан ірі жобалардың қатарында Бұқтырма көпірін айтуға болады. Ертістің екі жағындағы елді бір-бірімен жалғайтын бұл өткелдің құрылысы бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Президенттің тікелей тапсырысымен қолға алынған бұл жобаның шекаралық аудандардағы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң әсер етері анық.
Өзінде бар орасан зор аграрлық әлеуетті тиімді пайдалануды көздеген Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығының өнімдерін жан-жақты өңдеу ісіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Әлбетте, өнімді шикізат күйінде емес, барынша өңдеп, халықаралық стандарттарға сай әрі сапалы түпкі тұтыну тауары ретінде саудалаған, экспортқа шығарған анағұрлым тиімді екені анық. Осы ретте де өңірде бірқатар ірі жобалар қолға алынған, оның қатарында өндірістік бал шығаратын фабрика салу, өсімдік майынан сұйық және құрғақ лецитин өндіру сынды ауқымды бастамалар бар.
Бұқтырма көпірі барлық салаға серпін береді
Бұқтырма көпірі – Шығыс өңірінің жұртшылығы жарты ғасырдай уақыт сарыла күткен ерекше нысан. Қазіргі кезде облыстағы Күршім және Марқакөл аудандарының тұрғындары аймақ орталығына жаз кезінде пароммен, ал қыста мұз үстімен қатынап жүр. Көпір салу қажеттілігі көп жылдан бері айтылып келген-ді.
2019 жылдың 19 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Твиттердегі парақшасында Үкіметке Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу үшін қаражат бөлуді тапсырғанын мәлімдеді. Аталмыш жаңалықты өңір халқы үлкен қуанышпен қарсы алды.
Тиісті қаржы бөлініп, 2021 жылдың ақпанында нысан құрылысы басталып та кетті. Бұл жобаның бастапқы құны 30,2 млрд теңге көлемінде есептелді. Кейінірек, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты 2022 жылдың тамызында жобалық-сметалық құжаттама түзетіліп, құны 61,4 млрд теңге болды.
Екі жолақты автомобиль көпірі Қазақстандағы ең ұзын көпірдің бірі болмақ, ұзындығы – 1316 метр, ені – 12,2 метр, ал өткізу қабілеті – тәулігіне 80 мың автомобильге дейін.
Көпірдің тағы бір ерекшелігі сол, ол кеме қозғалысына кедергі жасамайды. Сондай-ақ екі жағынан да мұзкескіштер орнату қарастырылған. Сең жүргенде мұздар сонда қопарылып, көпір тіректеріне тимейтін болады.
Құрылыс жұмыстарына Алматы қаласынан, еліміздің түрлі өңірлерінен келген инженерлер тартылған, ал негізгі жұмыстарды жергілікті білікті мамандар мен еңбеккерлер атқарып жатыр. Осы жобаның арқасында облыста бірегей көпір құрылысшыларының бүтін бір шоғыры қалыптасып отыр.
Былтырғы 29 желтоқсанда Бұқтырма су қоймасында технологиялық көпір түйісті. Технологиялық өткелдің салынып бітуі – негізгі көпір құрылысын едәуір жеделдететін маңызды кезеңдердің бірі.
Көпір құрылысы Күршім және жаңадан құрылған Марқакөл аудандарының экономикасына өзінің оң әсерін тигізбек. Көлік қатынасы қарқын алған соң осы өңірдегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, сауда салалары соны серпін алады. Қазірдің өзінде кен орындарын игеру, тауарлы сүт фермаларын салу, Марқакөл көлінің жағалауына демалушыларға арналған қонақ үйлер тұрғызу сынды жобалар қолға алынған.
Жаңадан құрылған ауданда туризм дамиды
Президент тапсырмасымен жаңадан құрылған Марқакөл ауданында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, туризм салаларына қатысты бірқатар ауқымды жоба іске асырылмақ. Әсіресе шекаралық өңірдің туристік әлеуетін барынша пайдалануға күш салынатын болады.
Аудан ауыл шаруашылығын дамытуға аса қолайлы. Мұнда өнеркәсіптің қалыптасуына да мүмкіндіктер бар. Пайдалы қазбалардың қоры мол. Шекара шебінде жатқан бұл таулы өлкенің табиғаты өзінің сұлулығымен ерекшеленеді. Ең бастысы, мұнда суының мөлдірлігімен танылған әйгілі Марқакөл көлі орналасқан, тарихи орындар да жетерлік. Шетелдік туристерді тартатын бал, балқарағай жаңғағы, қымыз, балық секілді брендтік өнімдері де бар.
Осыған орай алдағы уақытта Марқакөл көлінің жағалауын дамытып, емдік-сауықтыру туризмі нысандарын салу жоспарланып отыр.
Туризмді дамыту үшін сенімді әрі сапалы көлік қатынасының болуы – басты шарт. Бүгінгі таңда аталмыш ауданға облыс орталығынан жеңіл көлікпен жету үшін паромнан өту керек. Алдағы уақытта Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпірдің құрылысы бітісімен осы бір әдемі өлкеге жыл он екі ай еш кедергісіз қатынауға болады.
– Өз басым осы көпірдің іске қосылуын тағатсыздана күтіп жүрмін. Нысан пайдалануға берілген соң туристерді үлкен әрі тарихи-танымдық шеңбер арқылы қыдыртуды көздеп отырмын. Яғни, шеттен Өскеменге келген қонақтарымды еліміздегі ең ұзын көпір арқылы жүргізіп, ары қарай «жердегі Марс» атанған – Қиын-Керіш шатқалына, Марқакөл көліне жеткізіп, одан соң Аустриялық жолмен Катонқарағай ауданындағы патшалар жазығына апарып, қайта облыс орталығына оралтамыз, – дейді бірнеше жылдан бері туризм саласында еңбек етіп келе жатқан өскемендік жеке кәсіпкер Дарын Ермекұлы.
Жалпы, биыл облыстың туризм саласын дамытуға 18 млрд теңге бөлінген. Былтыр салаға 15 млрд теңге қаражат жұмсалған болатын, өсім 36% болды. Әсіресе көлік логистикасына, сервис пен қонақүй инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлінетін болады.
– Шығыс Қазақстанның туристік әлеуеті өте зор. Біз хайкинг, жазғы фестивальдар өткізіп, ұлттық дәстүрлерге негізделген жобаларды дамыта түсеміз, бұл туризм индустриясына ірі инвесторлардың қызығушылығын арттыратын болады, – деген болатын осы ретте аймақ басшысы Ермек Көшербаев.
Омарташылар экспорт көлемін еселеуге әзір
Шығыстың омарташылары алдағы уақытта өнім өндіру көлемін еселемекші. Себебі облыста бал өңдеу фабрикасының құрылысы жоспарланып отыр. Аталмыш кәсіпорын шаруалардан жиналған өнімді әлемдік стандарттарға әрі барлық елдерге экспорттауға сай етіп өңдейтін болады.
Шығыс Қазақстан – омарта шаруашылығы өнімдерін өндіру жөнінен еліміздегі көшбасшы аймақтардың бірі және бірегейі. Елімізден алыс-жақын шет мемлекеттерге экспортталатын балдың 77 пайызы нақ осы Шығыс өңірінде шығарылады.
Қырық жылға жуық ара өсірумен және бал өнімдерін өндірумен айналысып келе жатқан «Пасека» шаруа қожалығының жетекшісі, республикалық ара шаруашылығы палатасының өкілі Валерий Қасымбаевтың айтуынша, Алтай тауларында емдік шөптердің алуан түрі өседі, соның арқасында әлемде ешбір баламасы жоқ шипалы әрі сапалы бал жиналады. Бүгінде оның шаруа қожалығы «Алтай балы» брендімен тауарларын Ресей, АҚШ, Араб Әмірліктері, Моңғолия, Қытайға саудалауда. Алайда кәсіпкер өңірдің экспорттық әлеуеті әлі толығымен іске аспай отыр деп санайды.
– Шығыс Қазақстанда елдегі бүкіл аралардың шамамен 70%-ы өсіріледі. Бұл шек емес, ара санын да, өнім көлемін де ұлғайтуға әлеует жетерлік. Сол себепті балды халықаралық стандарттарға, азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына сай өңдейтін кәсіпорын аса қажет болатын. Тәтті өнімді шетелге көптеп әрі жоғары бағада сату үшін белгілі бір талаптар бар. Ол өндірістік бал болуы керек. Өз басым бал өңдеу фабикасын салу жөніндегі бастаманы қос қолдап құптаймын, – дейді Валерий Қасымбаев.
Облыстың кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармаларына, сондай-ақ аудан әкімдеріне осы мәселені түбегейлі зерделеу, бал өңдеу фабрикасын салу бойынша нақты жоспар әзірлеу және осы үлкен жобаға инвестор тарту жүктелген.
– Біз бүгінгі таңда балды жай ғана сатып жатырмыз. Оны ары қарай өңдеумен ешбір кәсіпорын айналыспайды. Сол себепті осы мәселені жан-жақты зерттеп, ара шаруашылығының өнімдерін стандарттарға сай өңдейтін фабрика ашуға тиіспіз, – деп тапсырған болатын аймақ басшысы Ермек Көшербаев.
Бұндай өндіріс орны ең алымен омарташыларға тиімді болмақ, жоба жүзеге асқан соң олар өнімін фабрикаға тапсыратын болады, бал сол жерде өңделіп, талапқа сай тауар экспортқа жөнелтіледі.
Алғашқы отандық лецитин Шығыста өндірілмек
Шығыс Қазақстан майлы дақылдарды өсіру және өңдеу бойынша ел өңірлері арасында көш бастап келеді. Бүгінде облыс майлы дақылдарды өңдеу көлемін 900 мың тоннаға, ал өсімдік майларын экспорттауды екі есеге арттыруға бағыт алып отыр.
Өңірде майлы дақылдарды қайта өңдеу жолға қойылған. Май экстракциялау зауыттарының қуаты майлы дақылдарды, соның ішінде дайын өнімді Қытайға экспорттау үшін Ресей аумағында өсірілген дақылдарды өңдеуге мүмкіндік береді.
Ел Президенті Жолдауында үш жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін ұлғайту міндетін қойғаны белгілі. Осы ретте облыс басшылығы халықты сапалы және қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ экспорт географиясын кеңейту мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін барынша тиімді өндіруге баса назар аударып отыр.
Осы ретте Глубокое ауданындағы «Altyn Shygys» ЖШС биылдан бастап күнбағыс дәнін терең өңдеу жөніндегі технологияны елімізде алғашқы болып енгізбек, нәтижесінде жылына 4 мың тонна көлемінде сұйық лецитин өндірілетін болады.
Осы орайда тұқым қоры мол болуы қажет. Біздің өңірде элиталық тұқым өсіретін «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС бар, кәсіпорын күнбағыс, соя, жаздық бидай будандарын өндіреді. Айталық, «Бәйтерек» және «Байқоңыр» күнбағыс сорттары бірқатар әлемдік бәсекелестерінен озып, жетекші орындарға ие болған.
Жалпы, облыста ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жоспарлы түрде ұлғайып келеді.
Ержан Кеңесұлы