Аймақ экономикасы тұрақты дамып келеді
Аймақ экономикасы тұрақты дамып келеді. Биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы ішкі өнім 1,3 трлн. теңгені құраған. Экономика өсімінің драйвері саналатын өнеркәсіп саласы – 108%, агроөнеркәсіп кешені – 107 %, құрылыс – 104%, сауда – 112% болып қалыптасты. Кәсіпорындар өнім өндірісін 53 млрд. теңгеге көтерсе, облыс сүт өндіру бойынша республикада көшбасшылық орынды ұстап тұр. Алда орындалуын күтіп тұрған міндеттер мен жоспарлар да аз емес. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың кезекті ХІІ сессиясында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөнінде есеп берген облыс әкімі Даниал Ахметов айтып берді.
Селекторлық режимде өткен сессияда, бұдан басқа «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджетке» өзгерістер мен толықтырулар енгізу, жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы мәселелер қаралып, облыстық білім басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы орындау жөніндегі ақпараты тыңдалды.
– Ағымдағы жылдың алғашқы жартысы еліміз үшін де, өңір үшін де маңызды саяси оқиғаларға толы кезең болды. Бұлардың бастылары ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу және негізгі заңға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша үндеуін, елдің экономикалық жаңғыруының үшінші кезеңінің басталуын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, сонымен қатар, осы жылдың ерекше ауқымды оқиғасы – «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін атауға болады. Осыған дейін әлем алдында маңызы зор көрмеге 25 мың жерлесіміз қатысып келді. Тағы 16 мың оқушы қатысуға мүмкіндік алып отырса, оның 12 мыңы аз қамтылған отбасылардың балалары. Олар, ең бастысы, аға буынның өздері үшін не істеп жатқанын түсінгендері аса маңызды, – деді облыс басшысы.
Аймақ әкімінің айтуынша, өңірдегі өндірістің тұрақты өсуіне келесі факторлар игі ықпалын тигізіп отыр. Өткен жылы Аягөз ауданындағы Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысы аяқталып, индустриялық дамудың жарқын үлгісі болып табылатын бірегей кешенде 715 адам еңбек етуде. Бұл осы тектес кәсіпорындардағы адам санынан 5-6 есеге артық.
Сонымен бірге, заманауи жаңа технологияларды қолдану арқылы Бақыршық кен – байыту кешенінің алтын кен орнын өңдеу жүргізілуде. Естеріңізде болса, аталмыш кен орны он жылдың көлемінде бос тұрып қалған болатын. Былтыр мұнда 28 млрд. теңге игерілсе, биыл 51 млрд. теңге игеріледі. 2018 жылдың соңында, 2019 жылдың басында кен орны іске қосылатын болмақ. Бұдан бөлек облыстың дамуына ағымдағы жылда 434 млрд. теңгенің 11 индустриялық жобасы өз үлесін қоспақ, бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады деген сөз.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық ғылымның әлеуетін арттыруға ерекше мән беріліп келеді. Соған сай облыста төрт мақсатты ғылыми-технологиялық бағдарлама әзірленіп, оған құны 7 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба кірген. Қазіргі таңда жоғары ғылыми-техникалық комиссия жеті жобаны 3 млрд. теңгеге қаржыландыруға шешім қабылдаған. Қалған үш жоба кәсіпорындар (Казцинк, ТМК, ҮМЗ) және «НАТР» АҚ қаражаты есебінен іске аспақ. Бұлардың арасында танталды облыстың медицина саласында кеңінен қолдану жобалары да бар екенін атаған орынды.
Кооперативтерге бірігу – табыс көзі
Аймақтық экономиканың екінші негізгі саласы – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Биылғы 6 айда жалпы өнім көлемі 7 млрд. теңге өсіммен 106 млрд. теңгені құраған. Облыс сүт өндіруден республикада көшбасшылық орынды ұстап келеді.
– Сүт қабылдау пункттерінің негізінде кооперация құратын боламыз. Ол – әлемдік тәжірибеде бар дүние. Онсыз біз саланы әлемдік стандарттарға сай алға бастыра алмаймыз. Облыс аумағында үлгілік жабдықтарды шығаратын кәсіпорын құрылған. Бұдан бөлек, жеке қосалқы шаруашылықтарда отардың өнімділігін арттыруға, тауарлы-сүт фермаларын дамытуға шағын несиелер берілуде. Несиелеу сомасы 6 млрд. теңгені құрап отыр. Сүт қабылдау зауыттарының жүктемесі 2015 жылы 29 пайыз болса, өткен жылы 40 пайыздан асты. Алдағы бір жарым жылда 60 пайыздан асуымыз қажет. Ол үшін қалалар мен аудандар әкімдері ағымдағы жылы 38 қанатқақты кооператив құрулары тиіс. Биыл біз құрамына 16-дан кем емес жеке қосалқы шаруашылық кіретін 132 кооператив құруымыз қажет. Бұл қиын да күрделі жұмысты әкімдер атқарып шығуы керек, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Алайда, аймақ басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, кей әкімдер кооперативтер құрудың маңыздылығын әлі де жете түсінбей келеді.
– Тексерулер қорытындысы көрсеткендей, Көкпекті ауданында сүт қабылдау пункттерінің жұмысын ұйымдастыруда кемшіліктер анықталды. Біз ауылдық әкімдерге не істеу керектігін түгелдей кітапша етіп шығарып, қолдарына бердік. Оларға қалғаны – соны түсіне отырып, іске асыру ғана. Өндірген тауарларымыз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Мұның бәрі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Сондай-ақ, облыста 201 мың суармалы жер (егістік жерден 15% ) бар болса, оның 45% немесе 91 мың га ғана пайдалануда. Бұл өте аз. Бір ғана мысал, соңғы бес жылда мемлекеттен облыстың ауылшаруашылық саласына, оның ішінде суармалы жерге 13 млрд. теңге бөлінді. Жыл сайын 150 млн. теңге мөлшерінде суды жеткізіп беру қызметінің құнын қаржыландыруға және жұмыс пен жабдықтар құнының 30% мөлшерінде инвестициялық қаржыландыруға қаражат бөледі. Ал нәтижесі, қайтарымы көңіл көншітпейді. Сондықтан ауылшаруашылық саласындағы аталған тапсырмаларға барлық деңгейдегі әкімдер жауапкершілік алады, әрі бұл үнемі бақылауда болады, жыл соңына дейін инвестициялық жобалар дайындағандары жөн, – деді Даниал Ахметов.
Алматы нарығына толық кіре алмай отырмыз
Экономиканы дамытудың келесі маңызды бағыты инвестиция тарту, бизнес ортаны кеңейту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен бірге ынтымақтастықты арттыру және елдің өзге өңірлерімен бірігу екені белгілі. Бұл бағытта Алматы қаласының, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Алматы облыстарының бизнес қауымдастықтарымен кездесулер өткізіліп, меморандумдарға қол қойылды. Өңірдің тауар өндірушілерінде Қазақстанның барлық облыстарының және шекаралас мемлекеттердің нарығына шығуға мүмкіндік бар. Тек соны ұтымды пайдалану қажет.
– Біз Алматы қаласымен жұмысты бастадық. 2015 жылы тауар айналымы 967 млн. теңге болса, үш айда 3,2 млрд теңгеге жеткіздік. Ол үшін екі рет Алматыға барып келдік, екі рет кәсіпкерлермен жұмыс барысында кездестік. Нәтижесінде өзара алыс-беріс үш есеге дейін артты. Сол жұмыс жалғасын табуы керек, біз Алматы нарығына тұрақты енуіміз керек. Ол үшін нақты талдамалық сараптама қажет. Мәселен, Алматы қаласы 1 млрд. АҚШ долларының сүт өнімдерін тұтынады. Оның бәрі шеттен келеді. Неге осы нарықты алуға жұмыс жасамасқа? Неге өз өнімдерімізді сапалы етіп, Алматыға кіргізбеске? Бал бойынша да дәл осылай жұмыс қажет. Біздің өнім Ресей мен Беларуссияның балынан еш кем емес. Республикада ең сапалы бал бізде. Ет өнімдерін өндіруде де солай. Бізде ангус та, шероле, геррофорд, қазақтың ақбас сиыры да бар. Неге Алматының мыңдаған мейрамханаларын сапалы етпен қамтымасқа? Тиісті орынбасарым мен тиісті басқарма осыған талдау жасауы керек, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі білім, денсаулық сақтау саласындағы атқарылмақ жұмыстарды да саралап берді. Облыс басшысы өз есебінде, сонымен бірге, Өскемен мен Семей әуежайларын заманауи жөндеуге, көлік-логистикалық құрылымды дамытуға, тұрғын үй құрылысын ары қарай жалғастыруға, облыстың демалыс орындары мен туристік базаларына апаратын жолдарды қалпына келтіруге де тоқталып, өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру жобаларына да тоқталды. Оған біздің өңірде мүмкіндік мол.
Міне, осыларды атап өткен облыс басшысы бұл жұмыстар алда да жалғасын табатынын, ең бастысы, бәрі де жерлестеріміздің өмір сүру сапасын арттыруға бағытталатынын атады. Депутаттар Әсет Досқожанов пен Людмила Цыбенко әкімге Семей қаласын көркейтуге және ауылшаруашылық саласын дамытуға білдірген қолдауы үшін алғыс білдіріп, атқарылған жұмысқа көңілдері толатынын айтты.
Босаған қаржы әлеуметтік салаға жұмсалады
Сессия барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджетке» өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тоқталып, кірістердің және облыстық бюджетке түсімдердің ұлғаюынан, сонымен бірге, қайта бөлу кезінде босатылған қаржылардың есебінен түскен лимиттердің қайда бағытталғанын мәлім етті. Оның айтуынша, аталмыш қаржы жанар-жағармай алу үшін облыстық ІІД-не, дәрі-дәрмектер алуға денсаулық сақтау басқармасына, қажетті өртке қарсы техникалар алуға облыстық табиғат ресурстары мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасына, «ЭКСПО – 2017» көрмесіне оқушыларды апаруға, көліктер алуға облыстық білім басқармасына, «УБА» шипажайын жөндеуге облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына және басқа да басқармаларға қажетті сұраныстарына орай бөлінген.
Облыстың барлық білім беру ұйымдарында жазбаша арыз-өтініштерге арналған жәшіктер, сенім телефоны көрсетілген ақпараттық стендтер орнатылған. Ұйымдардың веб-сайттарында үнемі әрекет ететін «Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар» бөлімі жұмыс істейді, мұнда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған ақпараттар орналастырылған. Бұл туралы сессияда облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров ақпарат берді. Оның айтуынша, жемқорлықтың болуына ықпал ететін факторларды, оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар құқығын шектеуді болдырмау үшін басқармада және білім беру ұйымдарында тұрақты негізде 701-828 сенім телефоны жұмыс істейді.
Жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы мәлімет берген облыстық ІІД қарасты жергілікті полиция қызметінің бастығы Дулат Қазақпаев ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық көрсеткіштерді азайтуға қол жеткізілгенін атады.
Сессияға қатысқан облыс прокурорының міндетін атқарушы Құсайын Игембаев жергілікті полиция қызметі көрсеткіштерге көбірек сүйенбей, керісінше қылмыстың алдын алу, тұрғындарға заңнамаларды, құқықтық жауапкершілігін түсіндіру шараларына баса мән беру керектігін атады.
Сессияда бюджет, экономикалық реформалар және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебін комиссия төрағасының орынбасары Болатбек Нұрасылов жасаса, бұдан бөлек бірқатар әртүрлі мәселелер қаралды. Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.
Дәурен Аллабергенұлы