Қоғам

Аймақ басшысын «Алғыс» орденімен марапаттады

Аймақ басшысын «Алғыс» орденімен марапаттады

Андреев кафедралды соборының шіркеулік мейрамын атап өту үшін Өскеменге ат басын байлаған Астана және Қазақстан митрополиті Александр мемлекет пен шіркеулік қарым-қатынасты нығайтуда сіңірген зор еңбегі үшін облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА «Алғыс» орденін табыс етті.

Аймақ басшысы Астана және Қазақстан митрополиті Александр бастаған православтық христиан діні өкілдерін қабылдаған кездесуде елдегі конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулықты сақтауда, достықты насихаттауда, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде діни қызметкерлердің алатын орны бөлек екені айтылды. Сондай-ақ, мәдени-қоғамдық іс-шараларды өткізуге де дін ұстанушылардың белсенді атсалысатындығы сөз болды.

– Қазір біздің өңірде 36 приход бар. Олар ислам сияқты өзге діндердің өкілдерімен келісімде, татулықта өмір сүріп жатыр. Жергілікті басшылық тарапынан заң аясында тиісті қолдаулар көрсетіліп, Андреев соборында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Біз аймақтағы ірі кәсіпорындармен келісімдер жасағанбыз, соған сәйкес олар діни бірлестіктерге тиісті қаржылай қолдаулар көрсетіп отырады, – деген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бүгінде Митрофановка елді мекеніндегі шіркеудің қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, қолданысқа тас-түйін дайын екенін жеткізді.

Бұған қоса кездесу барысында облыс Әкімі өңірдің кейбір елді мекендерінде дін қызметшісі жетіспейтіндігін көлденең тартып, астаналық құрметті қонақтардан осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұрады. Мәселен, Бесқарағай ауылында жақында ғана шағын шіркеу қайта жөндеуден өткізіліпті. Бірақ онда қазір жұртқа қызмет көрсететін кадр жоқ.
Ал митрополит Александр болса, жергілікті билік тарапынан өңірдегі православ христиандарының шіркеулеріне тиісті қолдау-көмек көрсетіліп жатқанына шын ризашылығын білдірді.

– Біздің арадағы келісімдердің жүзеге асып жатқанына қуаныштымын. Облыс басшылығының қолдауының арқасында демеушілердің қаржылай көмегімен Троицк соборының сыртқы келбеті қалпына келтірілуде. Келешекте мұндай көмек-қолдаулар жалғаса береді деп сенеміз, – деп ағынан жарылған Астана және Қазақстан митрополиті Александр мемлекет пен шіркеулік байланыстың беки түсуіне зор үлесін қосқаны үшін аймақ басшысының кеудесіне «Алғыс» орденін тағып, өздерімен бірге ала келген сый-сияпаттарын тарту етті.

Айтпақшы, бейбітшілік пен татулықтың елшілері өздерімен бірге Өскеменге Әулие Луканың шірімей сақталған сүйегін ала келіпті. Естеріңізге салсақ, Архиепископ Лука 1877 жылы 27 сәуірде Керчи қаласында дәріханашының отбасында дүниеге келген. Өз заманында жалпақ жаһанға емгерлік қасиетімен мәшһүр болған, Ұлы Отан соғысы кезінде ажал аузында жатқан мыңдаған жаралы жауынгердің өмірін арашалап қалған Луканың православ дінін насихаттауда да еңбегі ерен. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде түрлі приходтарды басқарған оның соңғы қызмет істеген жері – Симферополь қаласы.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button