Аймақ басшысы жылу мәселесін бір-ақ күнде шешті
Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентіндегі Айтықов көшесінің тұрғындары күні бүгінге дейін жылусыз қалып келді. Кент тұрғындарының мұндай халге түсуіне басты себеп – «Еңбек-Семей» РМК мердігер мекемесінің көшедегі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстарын күн суытқанша созып жіберуі. Бұдан хабардар болған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бірден Қасым Қайсенов кентіне барып, орын алған жағдаймен танысты.
– Баспаналарымыз суып кетті. Әсіресе, кішкене балаларға, немерелерімізге қиын болуда. Дәл жылу беретін уақытта бұл жұмысты неліктен қолға алғанын түсінбей жүрміз. Осы Айтықов көшесіне қарасты барлық тұрғын үйлер және 12 пәтерлік үш қабатты үй тұрғындары да жылусыз отыр. Оның үстіне жаңа материалдарды дайындап алмай тұрып, ескілерін кесіп алып кетіпті, ортасында біз жылусыз қалдық – дейді жылусыз қалған үйлердің бірінің тұрғыны Сансызбай Шәкеров.
Бұған қоса ол сонау кеңестік заманнан бері бұл үйлерде ғана канализация жоқ екенін, көшеде түнгі уақытта жарық жанбайтынын, сабақтан қайтқан балалар үшін алаңдайтындарын да айтып қалды.
Жөндеу жұмыстарын уақытында дұрыс ұйымдастырмаған Ұлан ауданы әкімдігінің сылбыр жұмысын қатты сынға алған аймақ басшысы тұрғындармен жеке-жеке тілдесіп, тәулік ішінде үйлерге жылу қосылатынын жеткізді.
– Сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңіз өте дұрыс. Бұл жұмыстарды аудан әкімдігі екі ай бұрын, тым болмағанда бір ай бұрын аяқтауы тиіс болған. Алдымен ескі құбырды пайдалана отырып, жаңасы дайын болғанда алмастыра салуға болар еді. Ал мұнда бәрі керісінше болған. Мен бұл жайды естіп, арнайы келіп отырмын. Бүкіл облыс бойынша 19 аудан, бес қала бар. Олардың бәрінде жылу бар. Жалғыз сіздерде ғана жылу жоқ. Тұрғындар 25 күн жылусыз отырды. Бұл – сұмдық жағдай. Ешқандай сын көтермейді. Жауапты адамдар уақытпен санаспай күні-түні жұмыс істеу керек болған. Ертең осы уақытта келіп тексеремін. Егер бір тәулікте жағдай оңалмаса, жылу берілмесе, тиісті адамдар жауап беретін болады, – деді облыс әкімі.
Ал Ұлан ауданының әкімі Дәулет Батырбаев облыс басшысын жөндеу жұмыстарын түнімен бітіріп, баспаналарға таңертең жылу қосылады деп сендірді. Оның айтуынша, көшедегі екі шақырымға созылатын жылу құбырларын ауыстырумен 20 адам айналысып жатыр. Енді тек соңғы бөліктер ғана қалған.
Мұндағы жұмысшылар санын көбейту керектігін ескерткен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ринат Омаровқа барлық шаруаны қадағалауға алуды, таңертең атқарылған жұмыстардың есебін беруді тапсырды.
Бет қатталып жатқанда:
Кеше, материал газетке дайындалып жатқанда редакцияға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ринат Омаров хабарласып, кентке облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ екінші мәрте барғанын, тұрғын үйлерге толықтай жылу берілгенін арнайы өзі тексергенін, тұрғындардың үйлеріне кіріп, олармен жеке-жеке тілдескенін хабарлады.
Басқарма басшысының айтуынша, Қасым Қайсенов кентіндегі мәселе қосымша мердігерлер тарту арқылы толық шешімін тапқан. Бұл мәселе облыс басшысының берген тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта да «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының бақылауында болып, арнайы қаралмақ.
Дәурен Аллабергенұлы