Аймақ басшысы спорттық нысандардың әкім келген кезде ғана ашылмай, қалған уақытта да жұмыс істеуін тапсырды
Өскемендегі Жекпе-жек сарайында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қорытынды форумы өтті.
Форумда облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының өткен жылғы жұмыстары қорытындыланып, алдағы уақытта атқарылмақ іс-шаралары белгіленді.
– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ дене-шынықтыру мен спортты дамытуға жете көңіл бөліп келеді, – деді облыс басшысы. – Биылғы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа міндеттерді атап көрсетті. Соның ішінде ел тұрғындарының 30 пайызы бұқаралақ спортпен тұрақты түрде айналысуына жағдай жасау керектігі нақтылы айтылды. Жыл қорытындысы бойынша біздің облыстағы спортпен айналысатын тұрғындардың са-ны 350,2 мың адамға жетті. Бұл жалпы тұрғындардың 25,1 пайызын құрайды. Спортпен айналысушылардың саны жағынан біздің облыс республикада бірінші қатарға шықты.
Спорт саласының материалдық базасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Өткен жылы облыстың денешынықтыру және спорт жүйесіндегі жалпы инвестиция көлемі 12 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде республикалық бюджеттен 496 млн. теңге, облыстық бюджеттен 3 млрд. 600 млн. теңге бөлінді және 8 млрд. теңгеге жуық жеке инвестиция тартылды.
Біздің облыс спорт ғимараттарын салып, пайдалануға беру саны жағынан рес-публикалық рейтингте бірінші орында келе жатқанын да мақтанышпен атап өтуге болады. Үш мыңға жуық ғимарат бой көтерді.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев өткен жылдың қорытындысы және биылғы жылға арналған міндеттер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, есепті мерзім аралығында жалпы жиыны төрт мыңдай спорттық шаралар ұйымдастырылған. Соның ішінде тоғыз халықаралық, 29 республикалық және облыстық деңгейдегі 143 әртүрлі спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілген.
Былтыр Семейде жазғы спорт түрлері бо-йынша жоғары спорт шеберлігі мектебі ашылды. Біздің өңірде денешынықтыру мен спортты қолдау мен дамытуға арналған мемлекеттік қор құрылды.
Ол осы салада еңбек етіп жатқан мамандар құрамына да тоқталып өтті. Қазіргі уақытта денешынықтыру жүйесінде 3644 адам жұмыс істеп жүр. 2012 жылмен салыстырғанда 581 адамға артты. Ал ауылдарда 1757 адам еңбек етуде Осы салада-ғы қызметкерлердің 2931-і – жоғары білімді мамандар. Облыстың сегіз ауданына денешынықтыру нұсқаушысының штат-тық бірліктері бөлінді, ал қалған аудандарда қызметтік еңбекақысына үстемеақы тағайындалған. Глубокое, Бородулиха, Зайсан, Күршім, Катонқарағай аудандарындағы ауылдық округтерде спорт нұсқау-шылары штатын енгізудегі оңды іс-тәжірибелерін атап өтуге тұрарлық. Бүгінгі таңда облыста 115 әдіскер-нұсқаушы ғана жұмыс істеп жүр. Алайда, бірқатар ауданда әлі де 203 әдіскер-нұсқаушы жетіспейді.
Осы мәселені шешу үшін халық санына байланысты әр қала мен ауданда әдіскер-нұсқаушылар мөлшерлемесін арттыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Әр ауылдық округте бір нұсқаушы болуы тиіс. Мұның өзі денешынықтырумен, спортпен шұғылданушылар санын арттыруға, сонымен қатар, спорттық шараларды тұрақты ұйымдастыруға ықпал етеді.
Облыста ұлттық спорт түрлерін насихаттау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазақ күресінен, тоғызқұмалақтан, ат спорты түрлері бойынша республикалық, халықаралық жарыстар өткізу қалыптасқан дәстүрге айналып келеді. Ұлттық спорт түрлерімен 29753 адам айналысуда.
Қазір біздің облыста спорттың 88 түрін, соның ішінде 34 жазғы Олимпиада, 10 қысқы Олимпиада, 44 олимпиадалық емес түрлерін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде спорттың көптеген түрінен Қазақстан құрама қомандасының сапында біздің облыстан бір мыңға жуық спортшы еліміздің намысын қорғап жүр. Өткен жылы 16 спортшыға халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы, 175 адамға спорт шебері, 463 адамға спорт шеберлігінен үміткер атағы берілді.
Қазақстанның ІІІ қысқы спартакиадасында және мектеп және колледж оқушыларының VI қысқы спартакиадасында шығысқазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алып, еліміздің өңірлері арасында қысқы спорт түрінен өздерінің көшбасшы екенін тағы да дәлелдеді. Қазақстанның жас-тар ойындарында облыс құрамасы жеңіл атлетикадан екінші, дзюдо, ауыр атлетика, семсерлесу, ерлер волейболы мен бокстан үшінші орынды иеленді. Шымкентте өткен V «Ақ бидай» республикалық ауыл ойындарында біздің облыстың спортшылары жалпыкомандалық есепте екінші орынды еншіледі. Басқа да халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленді. Біздің облыстың спортшылары есепті мерзім аралығында 217 алтын, 163 күміс, 191 қола медальды жеңіп алды.
– Бізде спортпен қанша баланың қамтылғаны жөнінде нақтылы есеп жоқ, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Жаңа спорт ғимараттарын екпінді қарқынмен тұрғызып жатырмыз. Ал тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту небәрі үш пайызға ғана өскен. Хоккей модульдері мен кешендері бос тұратын болса, соларды неге салып жатырмыз?
Бұған қоса, Бердібек САПАРБАЕВ нысандар әкім келген кезде ғана ашылып, салтанатты жағдайдан кейін жабылып, құлыптаулы тұратынын қатаң сынға алды.
Облыстық білім басқармасының оқушы-ларды спорт секцияларына, балалар мен жеткіншектер клубтарына тарту жөніндегі берген ақпараттары кей жағдайда спорт бөлімдерінің статистикалық мәліметтеріне сай келмей жататыны да мәлім етілді.
Әбіл Дөңбаев Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарына біздің облыстың спортшылары спорттың бес түрі бойынша қатысатынын, Олимпиаданың ашылу салтанатында үржарлық шаңғышы Ердос Ахмадиев Туымызды ұстап шығатынын, бүкіл еліміз соларға жанкүйер болатынын қуанышпен жеткізді.
Аймақ басшысы кәсіби спортшыларға, чемпиондарға біздің өңірде жан-жақты жағдай жасалып жатқанын, соларға атаулы шәкіртақы тағайындалғанын және өңірімізден, елімізден тысқары жерде жүрген жерлестеріміз – кәсіби білікті жаттықтыру-шылардың қайта оралуына жағдай жасау керектігін де атап өтті.
Аймақ басшысы футбол мен хоккейден аудандық, облыстық жарыстарды, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандармен спорттық іс-шараларды тұрақты ұйымдастырып өткізу жөнінде басқарма алдына тапсырмалар жүктеді. Бұған қоса, облыс Әкімі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жаңа спорттық нысандарды салуға назар аударуды ескертті.
Форум соңында спортшылар мен жаттықтырушылардың өткен жылғы жетістіктері бағаланып, оларды облыс Әкімі алғыс хаттармен, сыйлықтармен марапаттады.
Әлімжан Қадылбекұлы