Қоғам

Аймақ басшысы шекаралық облыстар әкімдері арасында алғаш болып брифинг өткізді

Аймақ басшысы шекаралық облыстар әкімдері арасында алғаш болып брифинг өткізді

Кеше Астанадағы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде шекаралық облыстар әкімдері арасында алғашқы болып облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті. Еуразиялық интеграция аясындағы өңіраралық өзара іс-қимыл мәселелеріне арналған брифингте аймақ басшысы мемлекетаралық ықпалдастыққа байланысты Шығыс Қазақстанда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– Көршілес мемлекеттермен ықпалдасу, олармен өзара тиімді сыртқы экономикалық байланыстарды нығайтып, кеңейту – міне, Шығыс Қазақстан облысының экономикасын дамытудың маңызды басымдықтары осындай. Өздеріңіз білесіздер, Шығыс Қазақстан шекаралық өңір болып саналады. Біздің облыс Ресеймен де, Қытаймен де шектеседі. Ресеймен шекарамыз 840 шақырымды құраса, Қытаймен 1150 шақырымдық шекарамыз бар. Сондықтан біз көрші мемлекеттермен, сондай-ақ, өзге елдермен де экономикалық қарым-қатынас жасауға мүдделіміз. Бұл біріншіден, біздегі кәсіпорындардың өнімін шетелге экспорттауға, екіншіден, сол елдердің технологиялары мен озық тәжірибелерін өзімізде қолдануға мүмкіндік береді. Әрине, бірінші кезекте, осыдан үш жыл бұрын құрылған Кедендік Одаққа мүше елдермен алыс-берісімізді арттырып, олармен барлық саладағы байланысымызды нығайтуға күш саламыз, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылдың өзінде ғана Ресей мен Шығыс Қазақстанның арасындағы тауар айналымы 27 пайызға ұлғайған. Беларусь Республикасымен арада да сауда-саттық жағынан айтарлықтай өсім бар. Сонымен қатар, облысымыз өзге көрші мемлекеттермен де, Еуропа және Азия елдерімен де тығыз қарым-қатынас орнатуда. Олар негізінен – өнеркәсіп саласындағы байланыстар.
Қазіргі таңда облысымызда шетелдіктермен бірлескен 400-ге жуық кәсіпорын жұмыс істесе, оның 230-ы Ресеймен, бесеуі – Беларусь Республикасымен ортақ кәсіпорындар. Сонымен қатар, аймағымызда Армения, Қырғызстан және Қытаймен бірлесіп құрылған кәсіпорындар да бар. Олардың дені өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, медицина және білім салаларында жұмыс істейді. Аймақ басшысының айтуынша, осындай кәсіпорындардың арқасында облыс экономикасы өрлеп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатының жақсаруына негіз болуда.
Тағы бір айта кетер жайт, 2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ресей Федерациясымен және Беларусь елімен арадағы сауда айналымы шамамен 1,9 млн. АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт көлемі – 300 млн. долларға, ал импорттікі – 1,6 млн. долларға жетіп отыр. Сондай-ақ, республиканың өзге өңірлерімен арадағы сауда айналымының салмақ үлесі де жыл санап ұлғайып келеді. Бүгінде бұл көрсеткіш аймақтың сыртқы сауда айналымының 40 пайызын құрап отыр.
– Қазіргі уақытта облысымызда қолға алынып отырған ең ірі жоба – Ресеймен бірлесіп салынып жатқан «Азия Авто» зауыты. Жаңа зауыттың жылдық қуаты 120 мың көлікті құрайтын болады. Осы ретте Семейде беларустармен бірлескен трактор зауыты табысты жұмыс істеп келе жатқанын айтқым келеді. Бұл зауыттан жылына мың жарымға жуық трактор шығарылуда. Оған қоса, бізде осы Беларусь елімен бірлескен сүт өңдейтін кәсіпорын ашылды. Жалпы, қазіргі таңда ТМД елдері арасында сүт өндіріп, өңдеу жағынан Беларусь Республикасы көш бастап келеді. Сондықтан бізге осы елдің тәжірибесі мен технологиясын қолданған тиімді, – деген аймақ басшысы Беларусь Республикасының Могилев облысымен тығыз байланыс орнатылғанын атап көрсетті.
Аймақ басшысы Кедендік Одаққа мүше елдермен ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарға да тоқталды. Облыста әсіресе, асыл тұқымды ірі қара малы мен тұқым өсіру шаруашылықтарын дамытуға көп көңіл бөлінуде екенін айтты. Сонымен қатар, денсаулық сақтау, ғылым және білім салаларындағы өңіраралық қарым-қатынастың жоғары деңгейге жетіп отырғанын алға тартты.
Бұдан кейін аймақ басшысы брифингке қатысқан журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Аймақ басшысы шекаралық облыстар әкімдері арасында алғаш болып брифинг өткізді

Жанболат Серікбай, 31 арна:

– Шығыс Қазақстанда облыстық маңызға ие жолдарды айтпағанның өзінде, республикалық тасжолдардың жағдайы сын көтермейді, шұрық-тесік, өте нашар. Атап айтатын болсақ, Аягөз бен Ақсуат арасындағы жолдың 70-80 пайызы соңғы 50 жылда жөндеу көрмеген. Осы жолдар қашан қалпына келтіріледі? Екінші сұрағым, 1992 жылы қабылданған Семей полигоны туралы заң өз әлеуетін жойды деуге болады. Өзіңіздің тарапыңыздан, өңір басшысы ретінде Парламентте осы мәселенің қайта қаралуына ықпал ете аласыз ба?

– Жолдардың сапасы жақсы болса, инвесторлар да, туристер де келетінін түсінеміз. Әрине, кейбір жолдардың сапасы нашар. Дегенмен, Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз бірінші кезекте ең маңызды республикалық жолдарды күтіп ұстауға ден қоюымыз қажет. Бұл әсіресе, Алматы – Өскемен және Астана – Өскемен бағыттарындағы жолдарға қатысты. 30-40 жылда жөнделмеген жолдарды бес-алты жылда жөндеп біту мүмкін емес. Оның үстіне, бұл мәселеге келгенде алдымен халық көп қатынайтын жолдарды жөндеуге күш жұмсаймыз. Десек те, жөнделмейтін жол жоқ, бірте-бірте барлық бағыттағы жолдарды қалпына келтіретін боламыз.
Жалпы, 2014 жылы автокөлік жолдарын жөндеу және күтіп-ұстауға 21 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның 16 миллиарды республикалық маңыздағы автожолдарға, ал қалғаны жергілікті маңыздағы жолдарға қарастырылған.
Ал екінші сұрағыңызға келер болсақ, біздің ойымызша, осыдан 22 жыл бұрын қабылданған заңға өзгерістер енгізу керек. Сондықтан аталмыш мәселені назарда ұстайтын боламыз. Бұл жөнінде алдағы уақытта ел Үкіметіне тиісті ұсыныстар да жолдамақпыз.

Жанерке Жұматаева, СТВ телеарнасы:

– Бірінші сұрағым, Риддер қаласында жер астына түсіп кеткен үйдің отбасына қандай көмек көрсетілді? Осыған байланысты, кен өндірушілерге қатысты талаптар күшейтілді ме? Екінші сұрағым, Шығыс Қазақстан облысының бірқатар жерлері Қытайға жалға беріледі деген ақпарат рас па?

– Қазіргі кезде Риддердегі құлаған үйге қатысты мәселе толығымен шешімін тапты. Баспана иелеріне «Қазцинк» АҚ атынан жаңа үй салып, не сатып алуға қажетті соммадағы қаражат бөлінді. Жалпы, шұңқырдың маңындағы 43 үйдің тұрғындарына тиісті көмек көрсетіліп, әр отбасына кем дегенде 100 мың теңгеден төленді. Ал «Қазцинкті» жауапқа тарту мәселесіне келер болсақ, қазіргі уақытта облысымызда төтенше жағдайдың мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрылған. Комиссияның шешімі бойынша кінәлілер жауапқа тартылатын болады. Бұл облысымыздағы барлық кен өндірушілерге қатысты мәселе екенін ерекше ескерткім келеді.
Ал жерлерді Қытайға жалға беру мәселесіне келер болсақ, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жердегі әңгіме егін шаруашылығында қытайлық технологияларды, олардың озық тәжірибелерін қолдануға ғана қатысты.

– Бүгінде Ресейдің Алтай өлкесінде Шығыс Қазақстан облысымен бірлесіп құрылған 139 кәсіпорын жұмыс істеуде. Өз сөзіңізде олардың саны арта түсетінін айттыңыз. Алдағы уақытта құрылатын кәсіпорындар қандай бағытта жұмыс істемек?

– Дұрыс айтасыз, жақын болашақта кәсіпкерлеріміз Алтай өлкесінде сауда үйлерін ашып, қазақстандық өнімді сол жақта өндіруді жолға қоймақшы. Жақында біз Өскеменде ТМД елдері арасында алғашқы болып құс етін тереңдетіп өңдейтін зауыт аштық. Аталмыш зауытта бір килограмм еттен 70 түрлі өнім жасалмақ. Кәсіпорын Алтай өлкесінде де өз зауытын ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар, Алтай өлкесінің губернаторымен болған соңғы кездесуде Барнаулда Шығыс Қазақстан облысының өнімдері сатылатын сауда орнын ашу туралы келістік.
Жалпы, біз азық-түлік өнімдері бағасына қатысты талдау және салыстыру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеміз. Таяуда ғана Барнаулда Шығыс Қазақстан облысының күндерін өткіздік. Онда жәрмеңке ұйымдастырып, азық-түлік өнімдерін саттық. Біздің ет мың теңгеден сатылғанын айтқым келеді. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Барнаулда еттің құны 1500-1700 теңгені құрайды екен. Сүт өнімдеріне қатысты жағдай да осындай. Бізде ол жақта өз сауда орындарын ашып, өз өнімдерін сатқысы келетін кәсіпкерлер жетіп артылады.

Сұңғат Әліпбай, «Егемен Қазақстан» газеті:

– Кез келген экономиканың ең бір қозғаушы күші машина жасау саласы екенін Жапония, Германия, АҚШ сияқты дамыған елдердің тәжірибесіне қарап түсінуімізге болады. Біздің «Азия Авто» шетелдік алпауыт компаниялармен бәсекелесуге қаншалықты әзір?

– Сұрағыңыз өте орынды. Жалпы, біз экономиканың бұл саласына қашанда зор мән беріп келеміз. Өскеменде орын тепкен «Азия Авто» зауыты биыл үш айда 8 мың автокөлік шығарғанын атап өткім келеді. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан еліміздегі машина жасау саласындағы басты өңір болып есептеледі. «Азия Авто» өткен жылы жалпы құны 100 млрд. теңге тұратын 30 мың машина шығарды. Биыл бірінші тоқсанның өзінде ғана құны 27 млрд. теңгеге бағаланған 8 мың машина шығардық. Бүгінде «Азия Авто» Қазақстанның 63 пайыз жеңіл көліктерін шығаруда. Менің ойымша, Өскемендегі автокөлік құрастыру зауытының бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндігі зор. Мемлекетіміз кәсіпкерлерге барлық жағдайды жасап отыр. Бізде салық салуда бірқатар жеңілдіктер бар және олардың көлемі Ресейдікімен салыстырғанда әжептәуір төмен. Сондай-ақ, электр энергиясы мен судың бағасы, тіптен жұмыс күшінің құны олардікімен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Бұл өз кезегінде, бізде шығарылатын көліктерді төмен бағамен сатуға мүмкіндік береді. Сондықтан көлік жасау жағынан шетелдік компанияларға есе жібермейтінімізге сенемін.

Берік Дүйсенбай, «Еуразия» телеарнасы:

– Өскемендегі қоғамдық көлік тасымалдаушыларының тарифті көтеру жөніндегі талабы орындала ма? Семей қаласындағы мешіт құрылысы аяқтала ма?

– Өздеріңіз білесіздер, мамыр айына дейін республика бойынша ешқандай тарифті көтеруге болмайды. Бұл – бір. Екіншіден, сол автобус парктерінің шығынын қарауымыз керек. Ең бастысы, жанармай бағасы өскен жоқ. Сондықтан ол жөнінде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Кешегі болған әкімдік мәжілісінде мен әркім заңға сәйкес жұмыс істеу керектігін ескерттім. Олардың заң алдында халықты қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету жөнінде алған міндеттемелері бар. Ал мешітке келер болсақ, бұл бағытта да жұмыс істеп жатырмыз. Оған енді демеуші табуымыз керек.

Лера Бундарева, «Bnews» ақпараттық порталы:

– Шығыс Қазақстан – өңіраралық интеграцияның бастамашысы болып табылады. Бұл жұмыстың негізінде не жатыр?

– Бұл жұмыстың негізінде халықтың тұрмысын жақсарту міндеті жатыр. Халықтың өмірі жақсару үшін экономиканы дамыту керек. Ал экономика ықпалдастық болған кезде ғана дамиды. Бұл жерде ең бірінші кезекте көршілес елдермен ықпалдастықтың маңызы зор. Одан кейін барып жаңа технологиялар мен инновация енгізу арқылы өнімдерімізді өткізетін нарықтарға жол ашамыз. Сол үшін де біз түрлі форумдар мен бастамалар көтеріп, өзге елдермен ықпалдастыққа қол жеткізіп келеміз.

Арайлым Бексейітова, «Baq.kz» ақпараттық порталы:

– Кедендік одақ аясында оған мүше елдердің тауар айналымына, экспортына төтеп бере алатын қандай жобалар қолға алынбақ?

– Жобалар туралы жоғарыда айтылды. Ең негізгісі, нарық пен бәсекелестікке төтеп беру үшін шығарып жатқан өнімнің сапасын жақсартуымыз керек. Ол қазіргі талапқа, стандартқа сәйкес болуы керек. Біз сол жөнінде жұмыс істеп жатырмыз. Кейбір сертификаттарға байланысты бір мәселелер бар, соған байланысты Ресей Федерациясымен келісімшарттар жөнінде Үкіметке, арнаулы комиссияға ұсыныстар қойғанбыз. Қазір ол мәселе шешіліп жатыр. Ол бойынша оңды шешім қабылданса, Кедендік Одақ бойынша кедергілер бола қоймайды деп ойлаймын.

Дана Омарова, «Вечерная Астана» газеті:

Алтай өлкесіне жасаған жұмыс сапарыңыздан кейін ондағы білім беру кластеріне деген қызығушылық танытқаныңыз жөнінде ақпарат таратылды. Болашақта Шығыс Қазақстан облысында аталмыш кластер негізінде білім беру құырылымдарын құру жоспары бар ма?

– Интеграция тек экономикамен шектелмейді. Білім беру саласында да бір-бірімізден үйренер дүниелер көп. Өйткені, болашақ жоғары білікті мамандардың қолында. Егер көршілес Алтай өлкесінде бұл бағытта жақсы беталыс бар болса, оны біз зерделеп, өзімізде пайдаға жаратуымыз керек. Мектеп пен балабақшаны, мектептен тыс мекемелерді бір жерге шоғырландырған, ақпараттық технологиямен жабдықталған кластер құру жобасы бізді шынымен қызықтырды. Бұл бізде білім беру кластері жоқ, ақпараттық технологиялар оқыту процесіне қолданылмайды деген сөз емес. Қазір біздің мамандар жұмыс істеп жатыр. Аталмыш кластердің озық деген тұстарын өзімізге енгізуге құлықтымыз.

Гүлнара Тұрсынова, 24. kz телеарнасы:

– Курчатов қаласының базасында ғылыми қалашық құру жоспарланып отыр. Бұл істе Бийск қаласының тәжірибесі есепке алынуда. Осы жұмыстың қалай өрбіп жатқаны жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.

– Өзара байланыстың аясында бұл істе де Бийск пен Дубнаның тәжірибесін зерделедік. Қазірдің өзінде Ресей аумағында 11 ғылыми қалашық бар. Оларда «Ғылыми қалашық туралы» Заң да қабылданған. Ал Курчатов негізінен аталмыш талаптардың бәріне сай. Ол жерде ғылыми, өндірістік база бар, мамандар жеткілікті. Сондықтан біз Қазақстанның ғылыми қалашықтары туралы Заң қабылдап, соның негізінде Курчатовта ғылыми қалашық құру жөнінде ұсыныс көтергенбіз. Елбасы бұл ұсынымызды мақұлдады. Қазір бұл істі Үкіметпен бірлесіп атқарып жатырмыз.

Аймақ басшысы шекаралық облыстар әкімдері арасында алғаш болып брифинг өткізді

Айнұр Қозкина, «Zakon.kz» ақпараттық порталы:

– Қателеспесем, наурыз айында сіздің Шығыс Қазақстанның әкімі ретінде қызмет етіп келе жатқаныңызға бес жыл толды. Әкім ретінде бір орында ұзақ отыруыңыздың құпиясы неде?

– Ал сіз бес жыл деген ұзақ мерзім деп есептейсіз бе? Көрші Ресейде облыс басшылары 10-15 жылға дейін бір жерде қызмет істей береді. Мұның ешқандай құпиясы жоқ Тек қана жұмыс істей білу керек. Бар болғаны – сол.

Аманғали Қалжанов, «Астана ақшамы» газеті:

– Облыстарыңыздың Ресеймен және Беларусиямен экспорт, импорт үлесі қанша екенін айта аласыз ба?

– Арадағы тауар айналымы Ресеймен 289 млрд. теңге, Беларусиямен 62 млрд. теңге екенін айттым. Экспорт пен импортты салыстыратын болсақ, 60 пайыз экспортқа 40 пайыз импорт сәйкес келіп отыр. Былайша айтқанда, екі елмен де тауар айналымындаға сальдо оң нәтиже көрсетіп тұр.

Сара Аяпбергенқызы, «Жетінші арна»:

– Елбасы орта және шағын кәсіпкерліктің кедергісіз дамуына баса назар аударып келеді. Сіз басқарып отырған өңірде осы тұрғыда қандай қадамдар жасалып жатыр?

– Шынымен де Елбасы бизнестің дамуын тежейтін кедергілерді азайтуға күш салуды тапсырған. Бізбен ықпалдастыққа түсіп отырған елдердің кәсіпкерлерімен тығыз жұмыс істеу үшін, біздің кәсіпкерлер ол елде еркін іскерлік жүргізуі үшін кедергілерді қысқарту бізге де пайдалы. Өткен жылы Көлік және коммуникация министрлігімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, «Нұр Отан» партиясымен бірге қанатқақты жобаны қолға алғанбыз. Соның арқасында әр түрлі анықтамалар мен рұқсаттардың санын және оларды алу мерзімін әжептәуір қысқарттық. Мәселен, өткен жылы бұл салада екі мыңның көлемінде тексерулер өткізілсе, биыл одан екі есеге аз болмақ. Сондықтан біз бұл жағынан мейлінше көмек көрсетіп отырмыз. Тек кедергілерді жою бойынша ғана емес, қаржылай тұрғыда да көмек көрсетуді бастап кеттік. Жыл сайын индустрия саласында да, аграрлық секторда да кәсіпкерлерге арзан несие ұсыну мақсатында жалпы сомасы 2 млрд. теңгенің көлемінде қаржылай қолдау көрсетіп келеміз.

Мәдина Бүркітбаева, «Хабар» агенттігі:

– Мемлекеттер арасындағы ықпалдастық әсіресе, ірі кәсіпкерлік ұйымдар үшін тиімді екені жасырын емес. Ал шағын және орта бизнес өкілдеріне экспортқа шығу барысында мемлекет тарапынан жеңілдіктер берілуі керек сияқты. Сіздерде бұл жөнінде нақты шаралар қабылданып жатыр ма?

– Шағын және орта бизнес өкілдеріне кедендік және әкімшілік кедергілерден босату жөніндегі көмектен бөлек несиелік қолдау білдіріп отырмыз. Олар екінші деңгейлі банктерден 15-17 пайызбен алған несиені бізден 5-6 пайызға алады. Соңғы кезде әсіресе, омарташыларға көп көмек көрсетіп келеміз. Бұл сала көптеген жылдар бойы мемлекеттен ешқандай да қолдау көрмегенін білесіздер. Осы көмектің нәтижесінде өткен жылы ғана елімізде бірінші болып Қытайға 20 тонна бал саттық.

– Бал мен панта өнімін экспортау мүмкіндігі бар ма? Екінші сұрағым қант бағасына қатысты аласапыран жөнінде еді.

– Қазақстандағы балдың 90 пайызы біздің өңірде өндіріледі. Кенжелеп қалған бал шаруашылығын дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдадық. Соның арқасында ептеп экспортқа шығара бастадық. Қытайдан кейін Алтай өлкесіне бес тоннадай бал өткіздік. Жыл сайын бал фестивалін өткізіп жүргендегі басты мақсатымыз – балды экспортқа кеңінен шығару. Аталмыш шараны алғаш рет өткізгенде 8 мемлекеттің өкілдері қатысса, өткен жылы 15 мемлекеттен адамдар келді. Жуықта біздің бал өндірушілер Біріккен Араб Әмірліктерінде болып қайтты. Пантакрин өндірушілерге де осы тұрғыда көмектер көрсетіп отырмыз. Катонқарағай өлкесіндегі демалыс орындарында бұл өнімге деген сұраныс көп. Енді біз панта өнімдерін Оңтүстік Корея мен Қытайға, біртіндеп Ресейге де саудалайтын боламыз. Ал қант бағасына қатысты ешқандай аласапыран болған жоқ. Басында қобалжулар болғанымен, барлығына түсіндіріп айттық. Қанттың қымбаттаған ештеңесі жоқ. Қазақстанда қантпен қамтамасыз ететін орталық бар. Біз солармен жұмыс істеп келеміз. Бұл жөнінде ешқандай мәселе жоқ.

Нұржан Кенжеұлы, Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button