Қоғам

Аймақ басшысы Даниал Ахметов тұрғындар алдында есеп берді

Аймақ басшысы Даниал Ахметов тұрғындар алдында есеп берді

Ел алдындағы есеп

Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ тұрғындармен өткен жылды қорытындылап, алдағы уақытта атқарылар мақсат-міндеттерді айқындаған есептік кездесуін өткізді. Бұл жиынға Ішкі істер министр Қалмұханбет Қасымов, Парламент Сенатының депутаты Талғатбек Абайділдин, Парламент Мәжілісінің депутаты Виктор Киянский, сондай-ақ, өңірдің аудандары мен қалаларынан өкілдер қатысты.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов тұрғындар алдында есеп берді

Былтыр Шығыста қандай жұмыстар атқарылды? Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қай деңгейде? Өнеркәсіп кәсіпорындары өндірген өнімдердің көлемі қанша? Жоспарланған жобалардың нешеуі іске асырылып, нешеуі кезегін күтіп тұр? Жаңадан құрылған кәсіпорындарда қанша жұмыс орыны ашылды? Жұрт көкейінде жүрген осындай сауалдың жауабы облыс басшысының есептік баяндамасында айтылды.
– Өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы 2013 жылмен салыстырғанда жоғары болды. Мәселен, жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) 2,5%-ға, өнеркәсіп өнімінің көлемі 10%-ға өсті. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция 346 млрд. теңгені құрап отыр, – деп нақтылаған аймақ басшысы Индустрияландыру картасы бойынша іске асырылған жобаларға тоқталды.
Ресми деректерге сүйенсек, республикалық ҮИИД бағдарламасына біздің облыстан 846 млрд. теңгенің 76 жоба енгізілсе, соның 44-і (жалпы құны 220 млрд. теңге) қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр. Еліміздегі бүкіл инновациялық өнімінің 20 пайызы Шығыс Қазақстанда өндірілетіні де көңілге қуаныш ұялатады. Бұл тұрғыда қол жеткізілген өнім көлемі 109,4 млрд. теңгенің үстіне шықса, инновациялық өнімнің экспорттық үлесі 60%.
Сондай-ақ, облыстағы маңызды салалардың бірінен саналатын ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 2,2%-ға өсіп, 294 млрд. теңгеге жетті. Өсімдік, мал және құс шаруашылықтарында ауыз толтырып айтарлық нәтижелер бар. Айталық, өңірдегі дәнді дақылдардың егіс алқаптары 27 мың гектарға немесе 4,8%-ға, суармалы жердің аумағы 5 мың гектарға ұлғайса, 438 мың гектар жерге ылғалүнемдегіш технология енгізілген. Бұл 2013 жылдың деңгейінен 18%-ға артық.
Ет өндіруде 6,6%, сүт өндіруде 2,4%, жұмыртқа өндіруде 7,4% өсімге қол жеткіздік. Төрт түліктің басы көбейіп, тұқымын асылдандыру жұмыстарына жете мән берілуде.
Алайда, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ауыл шаруашылығындағы бұл көрсеткіштердің әлі де аздық ететінін, оларды еселей түсуге өңірдің әлеуеті артығымен жеткілікті екенін айта келе, биыл осы бағытта бірқатар нақты міндеттер іске асырылатынынан хабардар етті.
Бұған қоса аймақ басшысы шағын және орта кәсіпкерлік, «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді тұрғын үй-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламаларының орындалуы, құрылыс жұмыстарының барысы, инфляциялық үдерістерді тежеу бойынша қолға алынған шаралар, жол жөндеу жұмыстары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жүзеге асқан жобалар, оның ішінде жылумен, сумен қамту, сол секілді денсаулық сақтау, білім, мектепке дейінгі тәрбие беру, мәдениет, спорт және өзге салаларда атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Жаңа экономикалық саясат тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартады
Есептік кездесудегі елді елең еткізер жаңалық алдағы уақытта аймақта атқарылатын іс-жоспарлар болды. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бұл орайда Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру экономиканың тұрақты өсімі мен тұрғындардың өмір сүру сапасын қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап көрсетті.
Бағдарламаның басты бағыттарының бірі саналған жол құрылысына. биыл 25 млрд. теңге бағыттау жоспарланған. Оның ішінде 14 млрд. теңгеге 209 шақырым республикалық маңызы бар жол, 6 млрд. теңгеге 66 шақырым облыстық маңыздағы жол, 5,5 млрд. теңгеге 85 шақырым аудандық маңызы бар жол және көшелер жөнделеді.
Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту макроөңірлерді қалыптастыру шеңберінде хаб қағидаты бойынша жүргізіледі. Облыста «Астана-Өскемен» магистралі бойынша 118 шақырым жол қайта жаңартылса, биыл тағы 53 шақырым жөндеу жоспарда бар. Сонымен қоса «Астана-Өскемен» магистралі бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Осы жобалардың арқасында 2020 жылға қарай автомобиль көлігімен тасымалдау көлемін 1,5 есе арттыруға, 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Ең маңыздысы, аталған құрылыс жұмыстарында жергілікті материалдар қолданылатын болады.
– Бағдарламада айтылған тағы бір маңызды сала – энергетикалық инфрақұрылымды дамыту. Бұл ретте құны 45,5 млрд. теңгеге есептелген жоғары вольтты 500 кв-ты ұзындығы 705 шақырымды құрайтын «Екібастұз-Семей-Өскемен» желісінің құрылысы басталады. Бұған қоса Тұрғұсын СЭС-ін салу және Өскемен ЖЭС-да қуаттылығы 120 МВт №12 турбогенератор орнату жұмыстары атқарылуда, – деп нақтылаған аймақ басшысы осы салада жоспарланған өзге жобаларға тоқталып, оларды жүзеге асыру кезінде сапаға баса көңіл бөліну қажеттігін қадап тұрып айтты.
Деректерге сүйенсек, Ұлттық қордан жылу және сумен қамту жүйелерін жаңартуға бағытталатын қаражаттан қаржыландыру үшін биыл облыста 9,5 млрд. теңгеге 20 жоба ұсынылып, оның 14-і мақұлданған. Соның арқасында жылумен қамту бойынша 14,8 шақырым жылу желісі салынып, қайта жаңартылады. 155 көппәтерлі үйдің жылумен қамту желісі жақсартылады.
Сондай-ақ, Семей қаласының ЖЭО-1, РК-1 жылу көздері жалпы сомасы 3 млрд.теңгеге қайта жаңартылуы жалғастырылады.
«Ақбұлақ» бағдарламасымен 2,4 млрд. теңгеге 5 жоба іске асады. Глубокое және Катонқарағай аудандарында 3 нысан қолданысқа беріледі. Нәтижесінде 11 мыңнан астам адамның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік туады.
Жиын барысында аймақ басшысы Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасында тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылғанын атап көрсетті. Бұл бағытта биыл жалпы ауданы 367 мың шаршы метрді, жалпы сомасы 32 млрд. теңгені құрайтын 1468, соның ішінде 39 көпқабатты тұрғын үй салынады. Жыл соңына дейін 19 көпқабатты және 1429 жеке тұрғын үйді пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 2975 жұмыс орны ашылып, сегіз мыңға тарта адам тұрғын үймен қамтылады. Ұлттық қор қаражатына «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы қолжетімді тұрғын үйлер салынады.
Өскемен мен Семейде бой көтеретін 6 үйдің құрылысына «Ертіс» ӘКК жалпы сомасы 3 млрд теңге (әр қалаға 1,5 млрд теңгеден) бөліп отыр. Оның ішінде төртеуі бюджет қаражаты есебінен, екеуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша салынады.
«Нұрлы жол» бағдарламасының тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Биыл бұл салада 21 мектепті, оның ішінде апаттық жағдайдағы 12 білім ошағының орнына жаңаларын іске қосу көзделіп отыр. Ұлттық қор қаражаты есебінен 5 мектептің, оның ішінде үш апаттық және екі бірдей үш ауысымда оқытатын білім ошақтарының құрылысы басталады.
Орындар тапшылығын азайту үшін биыл 39 мектепке дейінгі тәрбиемен қамту нысаны іске қосылады. Оның ішінде бесеуі бюджет қаражаты есебінен, 11-і мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында және 23 жекеменшік балабақша ашылады. Сөйтіп, 2020 жылға дейін облыстағы орын тапшылығын толығымен жоямыз.
Мемлекет басшысы баса көңіл бөліп отырған ауылшаруашылық өнімін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында бес бағытты қамтитын облыстық жоспар әзірленуде. Соған сәйкес мынадай міндеттер қойылып отыр: таурлы-сүт фермаларын қайта жаңғырту және жаңадан салу; тұрғындардан сүт сатып алуды ұйымдастыру; сүт өнеркәсібі қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын толық жүктеу; суармалы жерлердің аумағын кеңейту және мал азығы дақылдары өсірілетін алқаптарды ұлғайту есебінен мал азығы базасын нығайту; мал шаруашылығында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
– Бүгінгі таңда облыс сүт өндіруден республикада бірінші орында тұр (776 мың тонна), бірақ қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктелімі 35%-ды ғана құрайды, тұрғындардың қайта өңдеуін есепке алғанда сүттің небәрі 24%-ы қайта өңделеді. Аталған міндеттерді жүзеге асыру нәтижесінде қайта өңдеу өнеркәсібінің жүктелімін 54%-ға жеткізетін боламыз, – деп атап көрсеткен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ 2015-2016 жылдары өңірімізде 28 таурлы-сүт фермасы қайта жаңартылып, жаңадан тоғыз нысан салынатынын айтты.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов тұрғындар алдында есеп берді

Осы бағытта Көкпекті, Жарма, Бородулиха аудандарында сүт қабылдау пункттерін ашу және сүт сатып алуды ұйымдастыру қанатқақты жобасы іске асырыла бастады. Биыл бұл жоба Шемонайха, Глубокое, Катонқарағай, Ұлан, Үржар аудандарында жалғасын табады. Осының нәтижесінде сүт өндіруді 100 мың тоннаға жеткізу, 61 мың жекеменшік қосалқы шаруашылықтар іске тарту жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыс басшысы мал тұқымын асылдандыру, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, жемшөп базасын нығайту мәселелерін де қаузады. Ауыл шаруашылығында жоғары өнімділікке қол жеткізу тек асыл тұқымды түліктердің арқасында мүмкін екенін еске салды.
Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жұмыс жалғасатын болады. Ол үшін республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінеді. Мемлекетік қолдау көрсету шараларымен 17 мың адам қамтылады. Тұрғын үй құрылысына, әлеуметтік объектілерді жөндеуге 1,2 млрд. теңге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз тұрғындарға 4,4 млрд. теңге, бағдарламаға қатысушыларды дайындауға және біліктілігін жоғарылатуға 462 млн теңге, уақытша жұмыс орындарын құруға 221 млн. теңге қаражат көзделген.
Сол сияқты бағаны тұрақтандыру және инфляцияны тежеу үшін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелерін өткізу, тұрақтандыру қоры тауарларын сату, сауданы делдалсыз ұйымдастыру жұмыстары жалғасын табады.
Баяндама соңында аймақ басшысы биыл аталып өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының және Конституцияның 20 жылдық, Ұлы Жеңістің 70 жылдық, Қазақ хандығының 550 жылдық, Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойларына арналған кешенді іс-шаралар туралы айтып берді. Бұдан соң кездесудің маңызды бөлігі – сұрақ-жауапқа кезек берілді.

Бұқтырма су қоймасындағы көпірге 21 млрд. теңге қажет

Аймақ басшысы Даниал Ахметов тұрғындар алдында есеп берді

Е. Ақтекенов, Күршім аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бұқтырма су қоймасының үстінен салынатын көпірге қаражы бөлінді ме? Көпір қашан салынады? Кейінгі екі айда ғана тоғыз мәшине мұз астына кетті.
– Бұл мәселе – менің назарымда. Көпір салу үшін шамамен 21 млрд. теңге қаражат қажет. Ондай ақша жеке кәсіпкерлердің қалтасында жоқ. Сондықтан мұны мемлекет өзінің міндетіне алып отыр. Қазір менің орынбасарларым мен тиісті басқарма басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкімен несие алу жөнінде жұмыстар жүргізуде. Көпірдің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Жарты жылдан соң бұл сұрақтың жауабы белгілі болады.

Н.Чернышова, облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау бойынша эксперттік жұмыс тобының төрайымы:
– Кейінгі кездері қант диабетімен ауыратын адамдардың саны арта түсуде. Осыған орай диагностикалық орталықта диабетикалық табан кабинеті ашылса…
Екінші ұсынысым, туберкулездің алдын алу үшін көше кезіп жүретін қаңғыбастармен күресті белсендіру қажет сияқты. Өйткені, олардың дені әлеуметтік маңызы бар ауруларды тарату көзі болып табылады. Сондай-ақ, екпе жүргізгенде адамдарды қатаң тәртіппен іріктеп алу дұрыс болар еді.
– Иә, сіздің айтқан ұсыныстарыңыз орынды. Ондай жұмыстар жүргізу керек. Диабетикалық табан кабинетін ашудың қажеттілігін түсінемін және бұл сөзіңізбен келісемін. Мәселені жан-жақты қарау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына тиісті тапсырма беремін. Ал туберкулез ауруына келсек, Семейде бұл сырқатты емдейтін тамаша аурухана бар. Оны тиімді пайдалануымыз қажет. Жалпы, бізге жаңа орындар ашуда бір нәрсені ескеруіміз керек. Ол – мемлекеттің қаражатын тиімді пайдалану, үнемдеу. Бір мысал келтірейін, Семейде ауданы 50 мың шаршы метрді құратын заманауи жедел жәрдем аурухана салынды. Бұл мекеменің қазір 12 мың шаршы метрі (25%-ы) ғана кәдеге жаратылуда. Бұл жоқ дегенде 70 пайыз болу керек. Оған қоса ғимаратты жылытуға ай сайын 70 млн. теңге ақша жұмсалады. Сонда нысанды салар алдында жобалаушы мамандар қайда қараған? Біз бұл мәселемен алдағы уақытта айналысамыз.

Облыс бойынша Чернобль одағының өкілі:
– Осыдан 29 жыл бұрын Өскемендегі Ертіс өзенінің жағалауында чернобльдіктерге арналған ескерткіштің қазығы қағылған еді. Бірақ содан бері қанша жыл өтсе де, ол ескерткіш әлі күнге бой көтермей келеді. Осы мәселеге қолдау білдіруіңізді сұраймыз.
– Біз атом жарылысынан зардап шеккендерді ешқашан ұмытпаймыз. Бұл жөнінде Елбасының берген тиісті тапсырмасы бар. Сондықтан ол жағына еш қам жемеңіз. Осы жиынға қаланың әкімі қатысып отыр, мәселені қараймыз.

Өскемендегі Сол жағалау ауданының тұрғындары атынан:
– Ертіс өзенінің үстінен өтетін көпірде көліктердің легі күннен-күнге көбейіп, кептеліс туындауда. Бұл мәселе қалай шешіледі? Сондай-ақ, Ертісте жаңа көпір салына ма?
– Көпірдің құрылысы басталды. Келесі жылы аяқталады. Ал енді көліктер кептелісіне келсек, өте дұрыс айтасыз, мәселе бар. Оны біз көпірдің аузындағы айналма жолдың орнына жаңадан жол айырығын салу арқылы шешеміз деп отырмыз. Мамырға дейін құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалады. Жобаның құны қанша екенін шамамен білеміз.

Н. Акулова, Зырян аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы:
– Малеев кенішіндегі қазба қоры таусылуға жақын. Егер жұмыс тоқтайтын болса, жергілікті кеншілер не істейді, қайда барып еңбек етеді?
– Олар ешқайда да бармайды, сол жерде жұмыстарын істей береді. Өйткені, қазір мемлекет есебінен үлкен геологиялық барлау жұмыстары атқарылуда. Бұған қосымша «Қазцинк» компаниясы 5 млрд. теңгені осы мақсатқа бөліп отыр. Маллев кен орынында тиісті барлау жүргізілуде. Бүгінгі есеп бойынша ол жердегі кен қоры 2021 жылға дейін жетеді деп нақтыланғанмен кенішті ары қарай игеруге болады. Болашағы бар. Сондықтан зыряндықтарға алаңдауға негіз жоқ.

В. Харченко, жеке кәсіпкер, Бесқарағай ауданы:
– Үш жыл бұрын Семей-Павлодар тас жолының құрылысы жүргізіле бастаған еді, былтыр қаржы тапшылығынан жұмыс тоқтап қалды. Енді осы құрылыс ары қарай жалғасын таба ма, қашан аяқталады?
– Биыл Семей-Павлодар тас жолының кемінде 59 шақырымын салу жоспарда бар. Дәл осы 59 шақырым сіздердің ауданның аумағында орналасқан. Жұмыс тоқтамайды, ол жағына күмәніңіз болмасын. Құрылыс шамамен 2017 жылы аяқталуы тиіс.

П. Магомадова, жеке кәсіпкер, Риддер:
– Кейінгі уақытта концессиялық жобалар туралы көп айтылып жүр. Білейін дегенім, бұл жобаларда атқарушы билік тарапынан кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі?
– Біз алғашқы 11 балабақшаның құрылысын концессиялық негізде қолға алып бастадық. Әрбір балабақшаның құны 670 млн. теңге. Бұл ақшаны біз жеті жыл көлемінде бөліп қайтарамыз. Осыдан соң жеке кәсіпкер балабақшаны 15 жыл бойы басқаратын болады. Осы уақыт ішінде мемлекет кәсіпкерді мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етіп отырады. Жалпы, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің жеті формасы бар. Олардың бәрі кәсіпкерге өзі салған инвестициясын қайтарып алуға мүмкіндік туғызады.

«Исток» ҚБ-нің өкілі, Семей:
– Семейде абаттандыру жұмыстары биыл жүргізіле ме, жүргізілсе қаншалықты деңгейде?
– Семей қаласының келбетін түбегейлі өзгерту керек. Оны неден бастаймыз? Егер былтыр шаһарды гүлдендіруге 14 млн. теңге бөлінсе, енді ол соманы жеті-сегіз есе көбейтеміз. Бұл – бір. Екіншіден, қаланың әкімінен бастап депутаттар, өзге де жауапты адамдар абаттандыруды қалай жүргізген дұрыс, тиімді болатынын ойластыру қажет. Семейдің орталығында жарық-музыкалы субұрқақ орнатамыз. Ертістің жағалауын ретке келтіруді мықтап қолға аламыз.
Сондай-ақ, 2 млрд. теңгеге Қарағайлы шағын ауданында жалпы ауданы 576 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй, Президент мектебін, балабақша және өзге де бірқатар нысандар салынады.
Мұның сыртында жылу, су құбырларын ауыстыру, жолдарды жөндеу, көшелерді көріктендіру сияқты толып жатқан шаруалар тағы бар. Қаланың тазалығына барлығымыз жұрт болып жұмыла атсалысуымыз керек. Сонда нәтиже болады. Әр ай сайын мен Семейге арнайы барып, бұл жұмыстардың қалай іске асырылып жатқанын қадағалап отыратын боламын.

Риддер-Өскемен тас жолы биыл жөнделеді

Катонқарағай ауданының тұрғыны:
– Екі жылда бір рет өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форум алдағы уақытта өткізіле ме?
– Сұрағыңыз түсінікті. Жазып алдым. Осы жерде орынбасарларым отыр, мен оларға тапсырма беремін. Барлығын зерделеп, есептеп болған соң нақты жауабын айтамын. Мұндай ауқымды шаралардың барлығы қаржылық мүмкіндікке байланысты өтеді ғой. Елбасы бізге мемлекет қаражатын үнемдеп ұстауға, пайдалы іске жаратуға тапсырма берді. Біз осы жағын басшылыққа ала отырып мәселені қарайтын боламыз. Меніңше, өткіземіз деп ойлаймын.

Семей қаласының тұрғыны:
– Бүгінгі күні медицинаның онкогемотология саласына жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Болашақта бұл мәселеде қандай да бір оң өзгерістер бола ма?
– Президент тапсырмасына сәйкес Семейде радиологиялық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл өте ерекше нысан, мұндай орталық Азия елдерінде кем де кем. Онда екі бірдей позитронды-эмиссионды томография бар. Ондай қондырғы елімізде үшеу ғана. Қазіргі күні техникалық мәселелерді шешіп жатырмыз. Көп ұзамай іске қосылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірегей оңалту орталығы салынады. Сол сияқты үлкен гемотология орталығының құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Риддер тау-кен байыту кешенінің ардагерлер кеңесінің төрайымы:
– Риддер-Өскемен бағытындағы ойдым-ойдым болған автокөлік жолына биыл жөндеу жүргізіле ме?
– Міндетті түрде жүргізіледі. Ол жолдың жағдайын білемін. Онымен тек риддерліктер ғана емес сонымен бірге өңіріміздің әсем табиғатын тамашалауға келген туристер де жүреді. Сондықтан жолды жөндеуіміз керек. 2015 жылы толық бітіреміз. Бір айта кететін жәйт, әзірше күрделі жөндеудің қажеті жоқ. Өйткені 10 шақырым күрделі жөндеуге кететін ақшаға 120-130 шақырымдық жолды орташа жөндеуден өткізуге болады.

Өскемен қаласының тұрғыны, зейнеткер:
– Жастар тәрбиесі назардан тыс қалған сияқты. Қазіргі балалар жат қылықтарға әуес болып өсіп келе жатыр. Өскелең ұрпақ тәрбиесін қашан қолға аламыз?
– Жастардың бәрі жат қылыққа әуес деген сіздің сөзіңізбен мен келісе алмаймын. Біздің балаларымыз өте жақсы. Олар еліміздегі білім беру базасы мықты іргелі жоғары оқу орындарында оқиды. Дұрыс тәрбие алады. Әрине, ішінара шешілмеген мәселелер бар шығар, бірақ жастардың бәріне топырақ шашуға болмайды. Қазіргі жастар білімді, көздері ашық, көкіректері сайрап тұр.

Ж. Дүйсенбаев, Аягөз аудандық мәслихатының депутаты:
– Әлеуметтік серіктестік туралы екіжақты келісім дайындалып жатқанын білеміз. Аталған құжатта ауылдық жердегі бюджеттік қызметкерлер үшін жеңілдіктер бола ма?
– Сіздерге қандай жеңілдіктер керек? Тұрақты табыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Одан артық не істей аламыз? Сіздерге тек еңбек ету керек. Қосымша жұмыс орынын ашудан басқа ешқандай жеңілдік жоқ. Ал енді жеке компаниялармен әңгіме басқаша. Оларға біз мектеп, емхана сияқты әлеуметтік нысандар салғызатын боламыз.

Г.Ботабаева, Қазақстан коммунистік халық партиясы облыстық комитетінің хатшысы:
– Биыл облыс орталығында абаттандыру жұмыстары қалай жүзеге асырылады? Екінші сауалым, медициналық мекемелердегі ұзын-сонар кезекті қашан азайтамыз?
– Мен медицина мәселелеріне байланысты жауапты орындарға бірқатар тапсырмалар бердім. Алдағы уақытта нәтижесін көре жатармыз. Ұзын-сонар кезектің туындау себебі, біз бұрыннан қалыптасып қалған ескі тәсілмен жұмыс істейміз. Ауруханалар мен ондағы медициналық құрал-жабдықтар жаңа болғанмен, технология ескі. Сол үшін заманауи ақпараттық технологияларды пайдалануымыз керек. Бұл бізді кезекке тұрудан құтқарады.
Ал енді абаттандыруға келсек, биыл біраз жобаларды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, Өзен вокзалынан Ертістің бойын жағалай отырып «Жеңіс» мемориалдық кешеніне дейінгі аралық абаттандырылады. Жүгіруге арналған жол, балалар ойнайтын, спортпен шұғылданатын алаңдар салынады. Бағандарға ілінген ескі шамдар ауыстырылып, демалыс орны бүгінгі күнге сай жаңаша келбетке енеді.

Жаңа мектептерді тиімді пайдалану керек

А. Мустафин, Аягөз ауданы:
– Аягөз қаласында жаңа мектеп салына ма? Қазір балалар оқып жатқан 30-40 жылдарда салынған мектептердің ғимараттары заман талабына сай келмейді.
– Аягөзде бір емес, үш мектеп салу керек. Сіздердің қалада үш ауысыммен оқитын білім ошақтары барын білемін. Сондықтан бұл мәселе менің қатаң назарымда. Мүмкіндікке қарай құрылысты бастаймыз. Бірақ жаңадан салынатын мектептердің толық пайдаланылуын ескеруіміз керек. Өйткені, кейбір ауылдық жерлерде жаңадан ашылған білім ошақтары оқушылармен толық қамтылмаған, жартысы бос тұр.

Өскемен қаласының тұрғыны:
– Қаламызда мемлекеттік дәріхана ашыла ма? Муниципалдық автопарк құру мәселесі қалай шешілуде? Черемшанка құс фабрикасын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар ма?
– Мемлекеттік дәріхана ашудың меніңше қажеттілігі жоқ. Өйткені қаладағы дәріханаларда зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар санатына жататын адамдарға жеткілікті деңгейде жеңілдіктер қарастырылған. Ал енді ол жеңілдіктерді көбейту – басқа мәселе.
Автопарк жайына тоқталсам, Өскемен мен Семей қаласында салынады. Қазір техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленіп болды. Ол үшін, әрине, бірнеше миллиард теңге қаражат қажет, бұл жоба өзін 8-9 жылда ақтайды. Дегенмен, бұл «СемАЗ» зауытының автобустар шығару жүктемесін арттыра түсетіні белгілі. Бұған сонымен қатар әлемдік қаржылық институттарды тарту қажет. Ал енді Черемшанка құс фабрикасына келсек, қазір біз кәсіпорынды қайтадан қалпына келтіру жағын ойластырып жатырмыз.

Семей қаласының тұрғыны:
– Қаламыздағы Оңжағалау ауданында бірыңғай ЖЭО бола ма? Бұл өзекті болған жылуэнергетикалық мәселелерді шешуге септігін тигізер еді.
– Семейде жылуэнергетикалық желілерді қалпына келтіру бағытында үлкен жұмыстар атқарылды. Қазір ЖЭО-ның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірлену үстінде. Жақын болашақта мәселенің түйіні шешіледі.

Өскемен қаласының тұрғыны:
– Қаладағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері облыстық бюджеттен қалалық-аудандық бюджеттерге ауыстырылды. Қаржыландыру көлемі сақтала ма?
– Қаржыландыру көлемі азаймайды. Оған қоса Өскемендегі Ворошилов көшесінде орналасқан денешынықтыру-сауықтыру кешені толығымен балалар-жасөспірімдердің қажеттілігіне беріліп отыр. Суда жүзу бассейні, спорттық секциялар жеткіншектер үшін қолжетімді болады. Сондай-ақ, ЖМК ықшамауданындағы орталық суда жүзу бассейні де балалардың аталған спорт түрімен айналысуына қызмет көрсетеді.

Ардақ Бөлдекбай, «Достық» газетінің редакторы, Зайсан ауданы:
– Алматы-Зайсан бағытында әуе рейсін қалпына келтіру мүмкін бе?
– Бұл мәселені мен жақсы білемін. Сіздің сұрағыңызды жазып алдым. Осында тиісті басқарманың басшысы отыр, тапсырма беремін. Алдағы уақытта жауабын береміз.
Кездесу соңында жиынға қатысушылар бірауыздан облыс әкімінің жұмысына оң баға беріп, алдағы істерге сәттілік тіледі. Өз кезегінде аймақ басшысы жиында қойылмай қалған (уақытқа байланысты) сұрақтарды жазбаша түрде жолдауға болатынын және оларға нақты жауап берілетінін ескертті.
– Қазіргідей дағдарыс заманында ел ішіндегі ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтай білуіміз керек. Сонда ғана көлденең қиыншылықтарды еңсеріп, экономикамыз дамиды. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында тұрғындар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттер орындалуда. Алайда, еліміздің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының артуына, татулық пен тұрақтылықтың сақталуына әрбір адам өзінің үлесін қосуы тиіс, – деп түйіндеді өзінің есептік кездесуін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button