Аймақ басшысы Астанада төрінде брифинг өткізді
Брифинг
Кеше Астанадағы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті. «Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың негізгі көрсеткіштері. Мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру» атты тақырыпта өткен брифингте облыс әкімі Шығыс Қазақстанда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып, отандық «24 kz» телеарнасы арқылы тікелей эфирде еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.
Облысымыздың экономикасы түсті металлургия, машина жасау, электр энергетикасы саналатын өнеркәсіп өндірісіне негізделген. Сондай-ақ, өңірде ауыл шаруашылығы кешені де жақсы дамыған. Шағын және орта бизнесте облыстың экономикалық жағынан белсенді халқының үштен бір бөлігінен астамы жұмыс істеуде. Шағын және орта кәсіпкерліктегі белсенді кәсіпорындар саны 67 мың бірліктен асып отыр.
– Биылғы сегіз айдағы негізгі экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштерді былтырғыдан төмендеткен жоқпыз. Бұл көрсеткіштер республиканың көрсеткіштерінен жоғары. Шығыс Қазақстан өндірісті облыс болғандықтан, біз үшін өндіріс көлемінің маңызы ерекше. Сегіз айда біздің облыстағы кәсіпорындар 705 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Бұл – былтырғымен салыстырғанда 8,5 пайызға көп. Оның негізгі себебі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жүргізіліп жатқан Үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарламаның жүзеге асуы. Біздің облыста осы бағдарлама бойынша қазіргі кезде 61 жоба жұмыс істейді, жалпы құны – 685 миллиард теңге. Осы жобалар толық жүзеге асқан кезде, ең кем дегенде 25 мыңға жуық қосымша жаңа жұмыс орны ашылатын болады. 600 миллиардтан астам теңгенің өнімі өндіріліп, 100 миллиард теңгеге жуық қосымша салықтар түседі. Қазіргі кезде құны 201 миллиард теңге тұратын 37 жоба іске қосылды, соның арқасында бюджетке қосымша салық түсті, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, – деді аймақ басшысы.
37 жобаның 21-і қазіргі күні 50 пайыздан 100 пайыз толық қуатқа көшірілді. Олардың ішінде «Қазцинк» ЖШС, «Өскемен ТМК», «Арматура зауыты» АҚ, «Фаворит» ЖШС, «Согра ЖЭО» АҚ, «Қазақцемент» ЖШС, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ және тағы басқалар бар. Осы жылы жалпы құны 17,5 миллиард теңге тұратын 13 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асса, 1,5 мың жұмыс орны құрылмақ. Үстіміздегі жылдың тамыз айында Аягөз қаласында жылына 10 миллион тонна өнім шығаратын кірпіш зауытының құрылысы аяқталды («ABS групп» ЖШС). Жүргізілген тіркеудің нәтижесінде жалпы құны 32,3 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба мақұлданып, индустрияландыру картасына енгізілді.
– Өңірдегі екінші негізгі сала – ауыл шаруашылығы. Сегіз айда ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 124 миллиард теңгені құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 102 пайызға жоғары. Жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш тағы да ұлғая түседі деп ойлаймыз. Аталмыш жоғары көрсеткіш негізінен мемлекетімізде жүзеге асып отырған «Агробизнес-2020» бағдарламасының арқасында мүмкін болып отыр. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің облыс мал саны жөнінен республикадағы алғашқы орындардың бірінде. Қазіргі кезде біз 4560 ірі қара малды сырттан алып келдік. Облыста «Жайлау» деген бағдарлама бар. Ссол бағдарламаға сәйкес қойдың санын жылына ең кем дегенде 20-25 мыңға көбейтеміз. Оған қосымша биылдан бастап үкімет жылқы санын көбейтуге бағытталған «Құлан» деген бағдарламаны жүзеге асырып жатыр, бүгінгі таңда біз 650 жылқы алдық. «Асыл тұяқ» бағдарламасы қойлардың санын көбейтуді көздейді, сол жөнінде берілген тапсырма жылдың соңына дейін орындалады.
Облыс экономикасына инвестиция тарту көрсеткіші де былтырғымен салыстырғанда жоғары. Өңірдің экономикасына 172 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оған Елбасының бастамасымен құрылған Кеден Одағы, сонымен қатар облыстың басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы, өңірде жұмыс істеп жатқан ірі кәсіпорындардың өз қаржыларын жаңа технология мен инновацияларды енгізуге жұмсауы үлкен септігін тигізіп отыр, – деді облыс әкімі.
Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту деңгейі 99 пайызға жетті
Аймақ басшысы, сондай-ақ, білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына да тоқталды. Бағдарламаны жүзеге асыру екі кезеңге жоспарланған: бірінші кезең 2011-2015 жылдарға арналса, екінші кезең 2016-2020 жылдарды қамтиды. Облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 20,7 мыңнан астам педагог еңбек етеді, оның 51,9 пайызы – жоғары және бірінші санатты ұстаздар.
«Балапан» бағдарламасы да табысты жүзеге асуда. Соңғы төрт жылда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтамасыз ету 12 пайызға өсіп, 98 пайызды құрап отыр.
Биыл облыста 1360 балаға арналған 8 бала бақшаның құрылысы жүргізілуде. Жыл аяғына дейін тағы да 4 бала бақшаны пайдалануға беріп, 700 бүлдіршінді бақшамен қамтамасыз ету көзделуде. Бұдан басқа, 535 балаға арналған 10 жекеменшік балабақша ашылатын болады. Бұл балаларды мектепке дейінгі біліммен 98,8 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Орта білім бағыты бойынша облыста 677 жалпы білім беретін мектеп бар. Ұлттық бірыңғай тестілеудің облыстағы орташа көрсеткіші – 78,04 балл. Бұл өткен жылдың нәтижесімен салыстырғанда 5,64 балға жоғары.
Оқу сапасын жақсартуда оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мен оқушыларды мектепке тасу мәселесі де зор маңызға ие. Бүгінгі күні облыста 4 мыңнан астам оқушыны мектепке тасу мәселесі толық шешімін тапқан.
Облыста оқушыларды тамақтандыруға 98,8 пайыздай жағдай жасалған. 22 мектептің оқушылары шаруа қожалықтарының асханаларында тамақтанады, сонымен қатар олар үшін баламалы тамақтану да ұйымдастырылған. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын тегін тамақпен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды. Балалардың денсаулығын жақсарту мақсатында мектеп асханасының тағамдарына бал мен сүт енгізілген.
– Азық-түлік бағасын ауыздықтау мақсатында тұрақтандыру қорына 11,5 мың тонна өнім жиналды. Жыл басынан бері Өскемен мен Семей және өзге де ірі қалаларда 400-ге жуық ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Тұрғындардың жан басына шаққандағы орташа кірісі 7 пайызға өсіп, 55,9 мың теңгені құрады. Облыстағы орташа еңбекақы мөлшері – 96 мың теңге. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға кеміп отыр, – деген аймақ басшысы бұл бағытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы үлкен көмегін тигізіп отырғанын атап көрсетті.
Бүгінгі таңда аймақта қысқы жылыту маусымына дайындық қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл мақсатта қазынадан және кәсіпорындар қаражатынан 22,5 миллиард теңге қарастырылған. Қазандықтар толықтай дерлік жылыту маусымына дайын. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 684 шақырым су құбыры жөнделіп, салынды. 55 ауылда тұратын 33 мың адам алғаш рет орталықтандырылған су жүйесімен қамтылды. Жалпы, облыстағы тұрғындардың 84 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған.
«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша осы жылы облыста 51 көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін өңірімізде жалпы ауданы 346 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Әлеуметтік сала нысандарының құрылысы да қарқын алған. Айталық, облыста 93 әлеуметтік мекеменің, яғни, білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет салалары нысандарының құрылысы жүргізілуде.
Биыл облыстағы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мөлшері 50,8 миллиард теңгені құрады, бұл 2011 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6 есеге көп. Өткен жылға қарағанда осы жылы өкпе дертіне шалдыққандар саны 18,1, бала өлімі 18,9, ана өлімі 3 пайызға кеміген.
Жалпы алғанда, Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы оң қарқынды өсумен сипатталады. Мәдениет пен спорт, туризм салаларындағы жетістіктер де бір төбе. Сонымен қатар, облыста «Тірек ауылдар», «Моноқалалар» бағдарламасы табысты іске асырылуда.
Бұдан кейін аймақ басшысы брифингке қатысқан журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Қысқарған жұмысшылар далада қалмайды
«Жас Қазақ» газеті:
– Өскемен қаласында ауаның ластану индексі бір жылда 7,2-ден 8,3 балға дейін ұлғайыпты. Ауаны ластайтын бүкіл заттардың 45 пайызы Өскеменнің, 21 пайызы Семейдің үлесінде екен. Осы орайда облыс орталығының экологиясын жақсарту бағытында қандай жұмыстар қолға алынуда?
– Бүгінгі таңда Өскеменде орналасқан «ТМК», «ҮМЗ», «Қазцинк» сияқты кәсіпорындар жаңа технологияларға негізделген қондырғылармен, оның ішінде заманауи сүзгілермен жабдықталуда. Ол қондырғылар ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтуға көмектеседі. Осыдан екі жыл бұрын «Қазцинк» ЖШС күкірт қышқылын тазалайтын зауытты іске қосты, соның нәтижесінде күкірт қышқылы атмосфераға тазартылып жіберілуде.
Сол сияқты үш жылдан бері Өскеменнің экологиялық ахуалын, яғни, ауаның, судың, топырақтың құрамын ұдайы тексеріп отыратын орталық жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтың қалада тәулік бойы жұмыс істейтін 15 пункті бар. Негізінен олардың көбісі кәсіпорындарда орналасқан. Осы пункттер арқылы кез келген адам қаланың экологиялық жағдайы туралы нақты мәліметтер ала алады. Мәселен, 2011 жылы ауаға шығарылған зиянды қалдықтардың көлемі 123 мың тонна болса, қазір ол көрсеткіш 44 мың тоннаға азайды. Сондай-ақ, бір ескеретін жәйт, ауаны тек кәсіпорындар ғана емес, көліктер де ластайды. Біз олармен де жұмыс істеп жатырмыз.
«Казахстанская правда» газеті:
– «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-нің екі жүздей қызметкері жұмыссыз қалғаны белгілі. Олардың мәселесі не болып жатыр?
– Біріншіден, екі жүз емес, жүзге тарта жұмысшы. Екіншіден, бұл мәселе туындаған сәтте біз арнайы комиссия құрып, тексеру жүргіздік. Сіздер білесіздер, барлық кәсіпорынмен үшжақты келісім жасалған: жұмыс беруші – жұмысшы – кәсіподақ. Келісімнің барлық қатысушысы жұмыс тобының құрамына кіреді. Топ барлық мәселені қарады. Бір ай бұрын «Тарбағатай Мұнай» басшылығы 100 жұмысшыны шақырып, оларға қысқартылатыны туралы ескерткен. Оған себеп – Қытай тарапынан бөлінетін инвестицияның азаюына байланысты оңтайландыру амалдарының жүргізілуі. Қысқартылғандарға басқа жұмыстар ұсынылды. Жүз жұмысшының 65-і – біздің облыстың адамдары. Оларға үш айлық жәрдемақы бөлінген. Қазір Энергетика министрлігі мен Қытай жағы инвестиция көлемін азайтпау, тоқтатпау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Мәселе шешілсе, жұмысшылардың бәрі қайта өз орындарына келеді. Бүгінде 65 жұмысшының 10-ын жұмысқа орналастырдық, егер Энергетика министрлігі мен қытайлықтар үш ай ішінде мәселені шешпесе, қалған жұмысшыларды жұмысқа орналастырамыз.
Бұл мәселе біздің бақылауымызда.
Индира Жылқайдарова, 7 арна:
– Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде су, жылу, кәріз құбырларының 75 пайызы тозған, ескірген. Ауызсу бағдарламасы бойынша біршама нысандарда су құбырлары жүргізілмеген. Автокөлік жолдарының да жағдайы мәз емес көрінеді. Әсіресе, Тарбағатай, Бесқарағай аудандары мен Курчатов қаласындағы жолдарды жөндеуге қаражат бөлінбеді деген ақпарат бар. Бүгінде бұл проблемалар қалай шешілуде?
– Бүгінгі күні ауызсу бағдарламасына сәйкес облысымызда 29 елді мекенде жаңа су құбырлары салыну үстінде. Құны – 8,9 млрд. теңге. Осы құбырлардың 21-і жыл соңына дейін аяқталса, қалғандары келесі жылы іске қосылады. Ал енді құрылысты жүргізген мердігерлердің кесірінен толық бітпей қалған су құбырларына келсек, олардың саны – 9. Біз осыған орай жауапсыз мердігерлердің біршамасын тауып, сотқа бердік. Жұмысты басқа кәсіпорындарға тапсырдық. Жыл соңына дейін 9 су құбыры дайын болады. Қазір облыста ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші – 83 пайыз. Бұл – өте жақсы көрсеткіштердің бірі.
Ал енді жолға келсек, республикалық маңыздағы трассаларды жөндеуге биыл 10 млрд теңгенің үстінде ақша бөлінсе, жергілікті жолдарға 5,5 млрд. теңге бөлінген. Әрине, отыз-қырық жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген жолдардың бәрін қалпына келтіру мүмкін емес. Біртіндеп қолға алып жатырмыз. Әуелі, Алматы-Өскемен, Алматы-Семей, Семей-Өскемен, Омбы-Майқапшағай сияқты тасжолдар жөнделуде. Бұл жұмыстар облысішілік жолдарда да өз жалғасын таба береді. Ал енді Бесқарағай, Тарбағатай аудандарында, Курчатов қаласында жолдарды жөндеуге қаражат бөлінбеген деген сөзіңізбен келіспеймін. Өйткені, үш жылдан бері тірек ауылдарын дамыту, сондай-ақ, өңірімізде жүргізіліп келе жатқан «Жол картасы» бағдарламалары арқылы көлік жолдары мен көшелер жөнделуде.
Туризм саласына инвесторлар тарту керек
Әсемгүл Қасенова, «Тенгри ньюс» ақпараттық порталы:
– Үш сұрағым бар. Бірінші, облыста туризм саласын дамыту қалай жүзеге асырылуда? Екінші, өткен жолы белгілі болған монополияға қарсы инспекция өкілдерінің кәсіпкерлерге қарсы заңсыз әрекетіне байланысты қандай да бір шара қолданыла ма? Үшінші, қайта жөндеуге жіберілген Өскемендегі Абай мен Михаэлис ескерткіші қашан орнатылады?
– Шығыстың туристік әлеуметі өте зор. Біздің өңірде Катонқарағай, Бұқтырма, Алакөл сияқты табиғаты тамаша көптеген жерлер бар. Біз осы жерлерге туристерді тарту үшін жағдай жасауымыз керек. Ал жағдай жасау үшін инвестиция керек. Дәл қазіргі уақытта біздің қолымызда жоғары деңгейлі жолдар салатындай ақша жоқ. Соған қарамастан Өскемен-Рахман қайнарлары бағытындағы трассаны қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Биыл аталған құрылысқа қосымша 100 млн. теңге, келесі жылы 3,5 млрд. теңге қаражат бөлінеді.
Бұған қоса шетелден инвесторлар тарту үшін алдымен тиісті құжаттарды әзірлеу қажет. Біз жауапты министрлікпен және неміс компаниясымен бірлесіп шеберлік-жоспарын құрғанбыз. Қазір сол шетелдік әріптестерімізбен инвесторлар тарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Екінші сұрағыңызға келсек, монополияға қарсы департамент бізге бағынбайды. Дегенмен бұл сұрақ қаралып, басшысына тиісті шара қолданылды. Оның үстіне күні кеше ғана мен облыстың кәсіпкерлерімен кездесіп, осы саладағы түйткілді мәселелерді талқыладық. Бәрі де бақылауда.
Абай мен Михаэлистің ескерткіші комиссияның рұқсатынсыз қойылған-ды. Сол себепті оны алып тастады. Сіздер жақсы білесіздер, ескерткіштерге қатысты облыстық, республикалық комиссиялар бар. Бүгінде біздің мүсіншілердің ұсыныстары аталған комиссиялардың қарауында жатыр. Егер ұсыныстар қабылданса, түзетулер енгізілген ескерткіш қайта орнатылатын болады.
«Вaq.kz» ақпараттық порталы:
– Зайсан өңірінде газ өндіріле бастағанынан хабардармыз. Бұл көгілдір отын облыстың басқа елді мекендеріне қашан жетеді? Екінші сауалым, Аягөз өңірінің жолын жөндеуге қаражат қарастырыла ма?
– Қазір Зайсан қаласында 430 тұрғын үй мен бірқатар әлеуметтік нысандар газға қосылған. Енді біз сол газды әрбір үйге жеткізетін тораптарды жасауымыз керек. Алдымен Зайсан ауданының ауылдарын газдандырамыз, содан кейін қаржылық мүмкіндігіміз болса, көршілес жатқан Тарбағатай, Көкпекті, Күршім, Жарма аудандарын, Өскемен қаласын көгілдір отынға жеткізсек деген ойымыз бар. Өскеменге газды көлікпен тасымалдау жоспарда бар. Бұл бір жағынан экологиялық мәселенің оң шешілуіне өз ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Аягөз ауданының жолдарына келсек, аудан орталығынан Тарбағатайға, Баршатасқа, Қарағандыға дейін баратын тасжолдар жөнделуде. Қарағандыға баратын жолға ұмытпасам, биыл 120 млн. теңгедей қаражат бөлінген.
«Вnews» ақпараттық агенттігі:
– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Шығыс Қазақстанда қандай бірлескен жобалар жүзеге асырылуда? Меценаттардың арасында шетелдіктер бар ма?
– Облыстағы «Қазцинк», «Қазақмыс» «ТМК», «ҮМЗ» сияқты ірі кәсіпорындардың қатысуымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 3-тен 5 млрд. теңгеге дейін қаражатты әлеуметтік салаға жұмылдырып отырмыз. Биылдың өзінде ғана 3,5 млрд. теңгеге олимпиадалық үлгідегі жабық суда жүзу бассейні, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі, Жекпе-жек сарайы салынды. 300 орындық спорттық мектеп-интернат құрылысы аяқталуға жақын. Өскеменде оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылында даңқты балуан, жерлесіміз Дәулет Тұрлыханов 3 млн долларға спорт кешенін тұрғызса, Төлеутай Сүлейменов Аягөз қаласында бокс орталығын ашты. Медғат Құлжановтың қаражатына Абай ауданының орталығы Қарауылда 120 млн. теңгеге спорт орталығы бой көтерді. Одан басқа да кәсіпкерлер есебінен салынып жатқан көптеген клубтар, балабақшалар бар.
Шетелдік меценаттарға келсек, Семей қаласында Сауд Арабиясының өкілдері бөлген 1,5 млрд. теңге қаражатқа туберкулезге шалдыққан балаларды емдейтін аурухана тұрғыздық. Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері бөлген инвестицияға Күршім ауданында екі паромды жөндеуден өткізіп, аталған ауданның орталығында интернатты жабдықтадық. Сондай-ақ, шамамен 2 млн. доллардай ақша Өскемендегі жаңа мешіттің құрылысына жұмсалды. Қазір біз Сауд Арабиясы өкілдерімен магнитті-резонансты томография, компьютерлік томография аппараттарын сатып алуға қаражат бөлу жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Қысты қамсыз қарсы алуға дайынбыз
Асан Қалиахмет, «Астана» телеарнасы:
– Курчатов қаласында АЭС салу туралы нақты шешім қабылданды ма? Егер қабылданса, дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде? Екінші сұрақ, Семей қаласының жылыту маусымына дайындығы қалай?
– Курчатовта АЭС салына ма, жоқ па, соңғы шешім қыркүйектің 30-ы күні Атырауда Қазақстан және Ресей Федерациясы президенттерінің қатысуымен өтетін форумда белгілі болады. Дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жылыту маусымына дайындық, бұл – ең негізгі мәселелердің бірі. Бүгінгі күні облыстың бүкіл елді мекендері қысты қысылмай қарсы алуға дайын. Әсіресе, Семейдегі жылумен қамту нысандары. Сіздер білесіздер, Үкіметпен Семейдегі жылыту нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған арнайы бағдарлама әзірленген. Соның негізінде жыл сайын шамамен 7 млрд. теңгедей қаражат қаланы жылумен қамтитын кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын күшейтуге жұмсалуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен елімізде тұңғыш рет Семейдің Сол жағалау ауданында екі су жылыту қазандығы бар шамамен 400 гигакалория жылу беретін ЖЭО салынды. Бұл жылу Сол жағалауды тұтас қамтуға жеткілікті. Қазіргі күні облыста барлығы 751 қазандық болса, солардың 90 пайызы тастүйін дайын. 10 пайызы – резервтегі қазандықтар. Қатты отынның да нормативтік қоры жеткізілген. Кестеге сәйкес қыс басталғанша барлық тиісті нысандар, оның ішінде әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үйлер қажетті көмірмен толықтай қамтамасыз етіледі. Жалпы, биылғы жылыту маусымына 25 млрд. теңге ақша қарастырылған. Олардың жартысына жуығы – кәсіпорындардың есебінен болса, қалғаны – республикалық және жергілікті қазынадан бөлінген қаражат.
«Оilnews.kz» ақпараттық-сараптамалық мұнай-газ порталы:
– Облысқа тартылған инвестициялардың дені Өскемен мен Семей қалаларына бағытталған болса, азғана мөлшері Абай, Катонқарағай сияқты аудандарға тиесілі екен. Осы орайда аудандардың, қалалардың арасындағы алшақтықты қалай жоюға болады? Екінші сұрақ, ауыл шаруашылығында «Қазагро» бағдарламасы қалай іске асырылуда? Үшінші сұрақ, қазіргі жанармай тапшылығы сіздердің облыста тұтынушыларға қалай әсер етуде?
– Қалалар мен аудандар экономикасының арасындағы алшақтық біздің өңірге ғана емес, бүкіл республикаға тән. Бұл тенденция кеше ғана қалыптасқан жоқ. Мәселен, Абай, Күршім, Көкпекті аудандарында бір де бір өнеркәсіптік кәсіпорын жоқ. Тек ауыл шаруашылығымен айналысады. Мәселен, Абай ауданында мал шаруашылығынан басқа ештеңемен айналысуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан ол ауданда жүн өңдеу, мал сою цехтарын ашып жатырмыз. Көкпекті ауданында 4,5 млрд. теңгеге ірі агроөнеркәсіптік кешен аштық. Дәл осындай шаруалар басқа аудандарда да қолға алынған.
«Қазагро» бойынша бүгінде барлығы 39 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мәселеге байланысты Президенттің ескертулері назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жанар-жағармаймен қамтуда өңірімізде соншалық бір өткір мәселе жоқ. Әрине, жанармай жетіспеушілігі сезіледі. Айталық, ай сайын біз Энергетика министрлігі тарапынан жиыны 23 мың тонна бензин, дизель отыны және басқаларын алу керек болсақ, қазір осының тең жартысын алып отырмыз. Дегенмен, біздің бизнесмендер өздері жанар-жағармай тасымалдауда. Бұл мәселе бойынша министрлікпен бірлесе жұмыс істеудеміз. Өйткені, бүгінде егін орағы науқаны жүріп жатыр және оны тезірек аяқтау керек. Проблема бар және біз онымен айналысудамыз. Алайда көлік қозғалысы, егін орағы және кәсіпорындар қызметінің тоқтап қалуы секілді мәселелер жоқ.
Жанерке Жұматаева, «СТВ» телеарнасы:
– Елбасы спорттық нысандар салуға бөлінген қаржыны 52 апаттық мектепті жоюға жұмсаудың тиімділігін ескерткен еді. Сол сияқты, Өскемендегі Қан орталығы сияқты құрылысы бітпей тұрған бірқатар нысандарды тезірек іске қосуды тапсырған еді. Бұл мәселе қалай шешімін табуда?
Екінші сұрақ, «Шығыс Қазақстан облысы саны көп, сапасы жоқ ескерткіштер тұрғызудан алдыңғы орында» деген пікір бар. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Біріншіден, ол спорттық нысандар кәсіпорындардың қаржысы есебінен салынды. Екіншіден, 52 апаттық мектеп жөніндегі Білім және ғылым министрлігінің таратқан ақпараты дұрыс емес. Бүгінгі күні облыста ешқандай апатты жағдайда тұрған және үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Бірақ қазіргі заман талабына сай келмейтін, салынғандарына 50-60 жыл болған мектептер бар. Осы мектептерді жою үшін 31 білім ошағының құрылысы жүргізілуде. Биыл 26 мектептің құрылысы аяқталады, келесі жылы ескі мектептердің ешқайсысы болмайды.
Ал енді құрылысы аяқталмаған медициналық нысандарды салушы жауапсыз мердігерлердің алды сотқа тартылып, қамауға алынған. Ұзаққа созылған құрылыс нысандары басқа мердігерлерге тапсырылып, кейбіреулері қоланысқа беріліп үлгерсе, қалғандары көп кешікпей іске қосылатын болады.
Ескерткіштер жөнінде айтқан сөзіңізбен келіспеймін. Кейінгі кезде айтылып жүрген бұл сын Абай мен Михаэлистің ескерткішіне қатысты шығып жүр. Біздегі барлық ескерткіштер жауапты комиссияның рұқсатына сәйкес салынған.
Драма театр жыл соңында бітеді
Руслан Меликша, «Қазақ радиосы»:
– Өскеменде салынып жатқан қазақ драма театрының бастапқы құны біршама өсіп кеткен дейді. Себебі не?
– Драма театрдың құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады. Нысанның алғашқы жобалық құны 2,8 млрд. теңгенің көлемінде болса, қазір 3,1 млрд. теңгені құрады. 300 млн. теңгеге қымбаттауы бірқатар қосымша жұмыстарға байланысты болды. Оның ішінде айталық, театр төмендеу жерде тұрғандықтан, биікке көтеріп, аздаған түзетулер енгізілді. Бұл негізді, жауапты орындардың тиісті шешімі де бар.
«ТДК» телеарнасы:
– Сіз үнемі әкімдер рейтингісінде Астана мен Алматы қалаларының басшыларынан кейін үшінші орынға орналасасыз. Сөйте тұра, сіздердің облыста проблемалар көп. Мұны қалай түсінуге болады? Жалпы, әкімдер рейтингісі сізге не береді?
– Проблема барлық жерде бар. Біз сол проблемаларды шешу үшін басшылыққа тағайындалдық. Дегенмен, мәселелер жыл сайын көбейіп келе жатқан жоқ, керісінше азаюда. Әсіресе, жылумен қамтудағы проблемалар 2011 жылмен салыстырғанда былтыр екі есе азайған.
Жылу жүйесіндегі проблемалар Өскемен мен Семейде ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінде кездеседі. Өйткені жылу беру жүйесі мен жылу орталықтары 30-40 жыл жөндеу көрмеген. Мысалы, Семейдің бу қазандықтары 1934 жылы, 1948-1950 жылдар аралығында салынған. Ал олардың өзінің нормативтік жұмысы қырық жылдан аспауы керек. Бұл орталықтар өздерінің жұмысын баяғыда еңсеріп тастаған. Қазіргі кезде құбырлардың да жағдайы осындай. Семейдің өзінде ғана жылу жүйесі 80 пайызға тозған. Оның барлығын бірден жөндеуден өткізу оңай емес. Дейтұрғанмен, атқарылып отырған жұмыстардың арқасында облыс халқы қыстан қиналмай шығады деген ойдамын.
Рейтингке тоқталатын болсақ, жалпы менің ұстанымым бойынша әрбір көрсеткішке талдау жасаған кезде, оның негізі болуы керек. Әсіресе, басшылардың жұмысын анықтау ол статистикалық мәліметтерге байланысты. Осы мәліметтерге назар аудару қажет. Екіншіден, сол өңірдегі саяси-қоғамдық жағдай, халықтың тұрмысы ескерілген жөн. Осының барлығы негізделсе, онда мен бұл рейтингті дұрыс деп санайтын.
Рейтингтің бір пайдасы, қалай дегенмен де намысқа тырысасың. Жан-жағыңа қарап, жақсы жұмыс нәтижесін көрсеткің келеді. Осы орайда рейтинг жұмысқа қосымша демеу береді. Бұл тұрғыда оның пайдасы бар.
«Қазақстан Заман» халықаралық газеті:
– Облыстағы болашағы жоқ ауылдардың жағдайы қалай? Көші-қон мәселесі жөнінде не айтасыз? Сондай-ақ, келешекте қандай инновациялық бағыттарда өндіріс орындары құрылмақ?
– Біздің өңірде он-он бес шаңырақ қана тұратын болашағы жоқ отызға тарта ауыл бар. Біз олармен тиянақты жұмыс істеп жатырмыз.
Көші-қонға келсек, келетіндер мен кететіндердің, дүниеге келгендер мен өмірден озғандарды қоса есептегенде біздің өңірдің жұрты 650 адамға көбейді. Сырттан келетін қандастарымызды қабылдауда да ешқандай мәселе жоқ.
Ал енді инновациялық өндіріс орындарына келсек, биыл біз жыл соңына дейін құны 17 млрд. теңге болатын 13 жобаны іске асырамыз. Оның ішінде негізгілерінің бірі – «ТМК» мен кәріс компаниясының бірлесіп құрған титан құймаларын шығаратын зауыт. Бұл зауыт жыл соңына дейін іске қосылады.
Елдар Бақпаев, журналист:
– Ертіс өзенінің үстіне Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын көпір салынады деген сөз қаншалықты рас? Екінші сұрақ, Бұқтырма су қоймасында балық аулайтын балықшылардың лимиттері шектелуіне байланысты қандай шара қолданылуда?
– Екі жылдан бері кәріс компаниясымен бірге концессиялы негізде көпір салу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ол көпірдің ұзындығы 2 шақырымнан асады. Қазір концессияның жобасы барлық министрліктерден өтті. Енді соңғы сараптаманы Экономика министрлігі жасайтын болса, конкурс жариялаймыз.
Балықшылардың мәселесін білемін, жақында ғана балықшылар тұратын ауылдың жұртымен кездестім. Лимитті азайту Зайсан көліндегі балық қорын сақтаумен, қорғаумен байланысты. Қазіргі күні біз тиісті министрлікпен көксерке балығына берілетін лимитті көбейту жөнінде жұмыс істеп жатырмыз.
Ержан Әбіш,
Серік Әбілхан