Аймақ басшысы ардагерлерге дастарқан жайды
Кеше Өскемендегі «Той думан» мейрамханасында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бір топ Ұлы Отансоғысының ардагеріне Елбасы атынан 500 мың теңгелік сертификатты салтанатты түрде табыс етіп, мерекелік дастарқан жайып, құрмет көрсетіп, жылы лебіз білдірді.Салтанатқа облыстың түкпір-түкпірінен 30 ардагер келді.
– Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жеңіс күні – ұлы да, қасиетті күн. Осы Жеңіс күнінен бүгінгі біздің бақытты тамаша өміріміз басталған. Сіздерге зор денсаулық тілеймін! Бақытты болыңыздар! Балаларыңызға, немерелеріңізге, шөберелеріңізге тек қана ақ ниетпен, шын жүректен шаттықты, бақытты өмір тілеймін! Біздің бақытымыз – Сіздер! Біздің елдің мақтанышы – Сіздерсіздер, қадірменді, қасиетті ардагерлер! Сіздердің қасыңызда, Сіздерден үлгі алып жүрген біздер де бақыттымыз, – деді облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде.
Елбасы ардагерлерге әрдайым көңіл бөліп отырады. Жеңістің 70 жылдығында еліміздегі әр ардагерге 500 мың теңге көлемінде сыйлық табыс етілген болатын. Біздің облыс сол игі дәстүрлі үзбей жалғастырып келеді.Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкованың айтуынша, биыл облыстағы 328 ардагерге аталмыш сыйақылар тарту етіледі. Оларға сонымен қатар, аудан-қала әкімдіктері тарапынан да түрлі мөлшерде ақшалай сыйлықтар табысталады, тыл еңбеккерлері де жергілікті әкімдіктерден қаржылай және материалдық көмек алады.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ шешімі бойынша Жеңіс күніне орай әрбір Ұлы Отан соғысының ардагеріне 500 мың теңгеден сыйлық берілді. Төлемдер мөлшері Жеңістің 70 және 71 жылдықтарында болған деңгейде сақталды.
Құрмат Рахимов, соғыс ардагері: – Соғыс жайында көп айтылды, көп жазылды. Көзі тірі қалғандар аз қалды. Соғыс өте қиың болды, күтпеген жерден басталды соғыс, біздің жақтың дайындығы нашар болды, немістерден көп жағынан қалып қойдық, әскери техника, тактика жағынан. Әсіресе, алғашқы жылдары өте қиың болды. Менің бір нәрсеге жүрегім ауырады. Майдан даласында жауынгерлер қоршауда қалып, тұтқынға топ-топ болып түсіп жатты ғой, соғыстан кейін оларды орынсыз айыптады. Олардың кінәсі қанша?! Сол үшін оларды жазалаудың қажеті жоқ еді. Көбісі сол қудалаудан қорқып, Еуропада қалып қойды ғой елге қайтпай… Осындай ерлерді ескерсек, елеусіз қалтырмасақ деймін Иван Иванов, соғыс ардагері:- Мен Ресейдің Алтай өлкесінде туып-өстім. 1943 жылы соғысқа шақырылып, Балтық майданында болдым. Жеңіс күнін Төменгі Новгород қаласындағы госпитальда қарсы алдым. Аяғымнан жаралы боп жатқан болатынмын. Граната жарықшағы тиген екен. Біз жеңдік дегенді таңертең естігенде емханада жатқандардың бәрі қуаныштан айғайлады ғой. Аяғымды баса алмай жатқан мен сол кезде қуанғанымнан төсектен атып тұрыппын. 1951 жылы тағдырдың жазуымен Өскеменге көшіп келдім, қалтамда со кезде 3 сом ақшам болатын. Қазақстан ұнады, осында қалдым. Қазір төрт балам, 10 немерем, 15 шөберем бар. Бақытты өмір кешіп жатырмын.
Ержан ӘБІШ