Қоғам

Айлық жыл сайын өсіп отыр

«Бірінші байлық денсаулық» дейді халық даналығы. Осы орайда халықтың денсаулығы – мемлекеттің ең басты байлығы екені сөзсіз. Мемлекет басшысы еліміздің денсаулық саласы мен медицина қызметкерлерін қолдау мәселесін үнемі басты назарында ұстайды.  2020 жылғы Жолдауында  да Президент  2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысын 2,5 есе өсіру туралы қадап айтқаны белгілі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Г.Сағидоллина Мемлекет басшысының жоғарыдағы Жолдауда айтқан тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында министрліктің  Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысына өзгерістер енгізілгенін айтады.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап біліктілігі жоғары мамандардың лауазымдық жалақысына, яғни басқарушы А-блогы мен негізгі В1, В2 блогына 2,02 коэффициент есептеліпті. Нәтижесінде, дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 30 пайызға артқан. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап түзету коэффициенті 2,63-ке жетіпті. Нақты айтсақ, 2020 жылы дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 285 588 теңгені құраса, 2021 жылы 380 599 мың теңгені, ал 2022 жылы 494 425 мың теңгені құраған екен.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау мекемелерінде бүгінде 5 427 дәрігер еңбек етеді.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап  орта  медицина қызметкерлерінің орташа айлық жалақысының түзету коэффициенті 2,73-ті құрайтын көрінеді.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап біліктілігі  жоғары және орта деңгейдегі лауазым иесінің айлығына (негізгі В3, В4 блогының) 1,63 коэффициент қосылған. Нәтижесінде, орта  медицина қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 20 пайызға ұлғайып, ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап түзету коэффициенті 1,95-ке жеткен.

Жалпы орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 2020 жылы 175 500 теңге болса, 2021 жылы 220 475 мың теңгені, ал 2022 жылы 264 570 мың теңгені құраған. Жалпы бүгінгі таңда облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінде 11 806 орта медицина мамандары еңбек етеді.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап түзету коэффициенті тағы да 2,05-ке артады деп күтілуде.

Мейрам Екпін 

Осы айдарда

Back to top button