Білім

«Ақылды Awards -2019» премиясы табыс етілді

«Ақылды Awards -2019» премиясы табыс етілді


Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде «Ақылды Awards -2019» премиясының иегерлері белгілі болды.

«Ақылды Awards -2019» – өңірдегі мектеп бітіруші оқушыларға, яғни «Алтын белгі» үміткерлеріне арнайы өткізілген эксклюзивті іс-шара. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймардановтың айтуынша, бұл іс-шараның негізгі мақсаты – облыстың талантты түлектерін аймақтағы университеттермен таныстыру және олардың алыс жақын мемлекеттердің жоғары оқу орындарына ағылу үрдісін тежеу көрінеді.

– Биылғы жыл – Жастар жылы деп жарияланып отыр. Олай болса, біз ең талантты, ең дарынды жастарымыздың осында қалып, жергілікті жоғары оқу орындарында сапалы білім алып, еліміздің дамуына өзінің үлесін қосуы үшін барлық мүмкіндікті қарастыруымыз керек, – деді «Ақылды Awards -2019» шарасының ашылу салтанатында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ проректоры Сәуле Рахметуллина. Сондай-ақ облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова өз сөзінде мектеп түлектеріне бөлінетін грант санының жыл сайын өсіп отырғанын жеткізді. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындары мен мектептердің арасындағы байланыс нығая түскен. Соның айқын дәлелі ретінде осынау шараны мысалға келтіруге болады.

«Білікті маман» бағдарламасының аясында өткізілген осынау шараға қатысқан оқушылар университетпен танысып, экскурсия жасап қоймай, осындағы инновациялық білім беру бағдарламалары көрмесі мен тарихи музейді де тамашалады. Аталған оқу орны мектеп бітіріп, қияға ұшқалы отырған түлектерге «Медициналық техника», «Жерді зерттеудің сандық әдісі», «Жобалаудағы BIM-технология», «Нақты жер шаруашылығы» секілді болашақ мамандықтарын да таныстырды.

Осылайша, бұл шараға қатысқан әрбір 16-шы оқушы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне түсуге мүмкіндік беретін грантқа ие болды. Атап айтсақ, «Сәулет және жаңашылдық» аталмыш бойынша грантқа Алтай ауданынан келген түлек Азиза Нағыбаева ие болса, «Эйнштейн дерлік» аталымына Абай ауданындағы Қарауыл гимназиясының оқушысы Іңкәр Алтынбекқызы, «Пифагордың ұрпағы» аталымына Өскемендегі №43 мектептің оқушысы Аружан Құрманбекова, «Нәтижеге бағдарлау» аталымына Өскемендегі №3 мектептің оқушысы Жәмила Шәріпханова, «Болашақ инженері» аталымына Өскемендегі №44 мектептің оқушысы Малика Асқарқызы ие болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шара енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button