Айхановтан бата алған балуан
Катонқарағай ауылында тағдыры қызық, кешегі Одақ кезінде еркін күрестен КСРО шебері атанған, атақты балуандар Айханов пен Бұғыбаевтың сарқытын ішкен, дүбірлі додаларда топ жарған Төлеген Көкенов деген ағамыз тұрады. Жақында шалғайдағы ауданда іссапарда болғанымызда Төлегеннің шәкірті, еркін күрестен КСРО спорт шеберлігіне кандидат, «Исатай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ертай Кешілбаев үйіне қонаққа шақырып, келер жылы жетпіс жасқа толатын балуанмен таныстырды. Екі иығына екі кісі мінгендей, бойы екі метрге жуық, алпамсадай Төкең ақкөңіл азамат екен, бірден әңгіменің тиегін ағытып, үйіріп әкетті.
Көкеновтың талантын таныған Куропаткин
– 1947 жылдың сәуірінде Күршімде дүниеге келіппін. 10-шы сыныпты Күршімдегі Гагарин атындағы мектепті аяқтар шақта Өскеменде облыстық спартакиада өте қалып, ауданнан белдесуге мені жіберді. Күрес өнерін енді бастаған кезім, тәжірибе аз, сонда да екінші орынға ие болдым. Атақты бапкер Юрий Иванович Куропаткин менің денеме және қарсыласының айласын жасауды күтпестен шабуылға шығатын әрекетіме қызықса керек, жарыстан соң жаныма келіп:
– Төлеген атағынан ат үркетін атақты балуан болғың келсе, менің секцияма кел, өзім баптаймын, – деп қолқа сала бастады.
– 11 сыныпты ауылда бітіргім келеді. Бара алмаймын, – дедім.
– Оған қам жеме. Өскеменде Жамбыл атындағы жалғыз қазақ орта мектеп-интернаты бар. Оның директоры спортты жанындай жақсы көретін, ән салғанда Ермек Серкебаевтан кем түспейтін менің досым Уәлиахмет Байділдинов деген азамат. Орта білім туралы аттестатты алуға көмектесемін, -деп жата жабысқаны. Ақыры солай болды, мектепті Өскеменнен жеделдетіп (экстренный) оқып бітірдім де, Куропаткиннің қарамағында жаттығуға кірісіп кеттім, – деген Төкең бір сәтке ойланып қалды.
60 жылдардың ортасында Абылай кеткен кентіндегі ауыл шаруашылығы техникумының атағы шарықтап тұрған. Онда білім алатын қазақтың қара домалақ балалары еркін күрестен өтетін жарыстарда бірінші орынды ешкімге бермеуші еді. Төлеген сол кездің өзінде атағы шығып үлгерген Мұсабек Қапанов, Ғазез Қайқубаев, Жиен Көпжанов деген жастармен еркін күрес секциясында бірге жаттықты. Аты аталғандар КСРО спорт шеберлері, Одақ жарыстарында сан мәрте жүлде тергендер. Куропаткин күрес десе жанып кететін жастарды баптады, баулыды, томағасын сыпырды. Ол кездері «Еңбек резервтері», «Қайрат», «Динамо», «Спартак», «Буревестник» сияқты ерікті спорт қоғамдары арасында жарыстар жиі өтетін. Төкең техникумда білім алып жүргенде Қап тауының Орджоникидзе, Пятигорск, КСРО-ның бірнеше қалаларындағы дүбірлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. 1965 жылы Қазақстанның біріншілігінде 78 келі салмақта екінші орынға табан тіреді. 1967 жылы КСРО спорт шебері нормасын орындады. Ал мұндай атаққа ілуде біреулер ғана ілінуші еді.
– Айханов, Бұғыбаев бізден 7 және 4 жас үлкен болатын. Алматыға жарыстарға барар кезде ол ағаларым менің күресімді көріп, ұнатты, батасын берді. Атақты ағалардың сарқытын ішкенімді мақтан тұтамын. Өскемендегі педагогика институтының дене тәрбиесі факультетінде оқыған кезде де еркін күреспен дендеп шұғылдандым. Оны аяқтаған соң Катонқарағайда ашылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер болып қызмет еттім. Сергей Герасимов, Сергей Никишин деген шәкірттерім спорт шебері, Ертай Кешілбаев және онға тарта шәкіртім спорт шеберлігіне кандидат, бірнешеуі бірінші разрядты балуандар. Бұдан кейін «Қайрат» ерікті спорт қоғамында 8 жыл, 5 жыл ферма басқардым, 11 жыл жылқы бақтым, – деп әңгімесін аяқтады Төкең.
Ертайды жерлестері ерекше құрметтейді
Ертай Кешілбаевты аудан жұртшылығы қарапайым мінезі, сіңірген еңбегін бағалап ерекше құрметтейді екен. Катонқарағай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайыржан Сәдуов елге сыйлы, «Исатай» атты құрылыс жұмыстарын жүргізетін серіктестікті басқарып отырған, аудандық мәслихаттың депутаты жайында жылы лебіз білдіре келіп, Төлегеннің шәкірті, кезінде еркін күреспен шұғылданып, байрақты бәсекелерде сан мәрте топ жарған Ерекеңнің ұстазын ерекше сыйлайтын азамат екенін айтқан болатын.
-Ұстазым Төлеген Көкенов алғаш рет Катонқарағайда ашылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне еркін күрестен бапкер болып келгенде КСРО спорт шебері, атақты балуанмен танысып, амандасуға аудан жұртшылығы жиі келуші еді. Себебі ол кезде ол кісінің атағы жер жаратын. Білікті маман баулыған ондаған шәкірттері дүбірлі додаларда атой салды. Алғаш рет ұстазым басқаратын күрес секциясына 40 бала жазылған едік. Қатал, темірдей тәртіпті ұнататын бапкер ерінбей тер төгуді, жаттығуға кешікпей келуді талап етті. Бір жылдан кейін үйірмеде 13 бала қалдық. Қалғандары ауыр жаттығулар мен ұстаздың сынынан өте алмады. Менімен бірге күреспен шұғылданған Ақан Ысқақов, Ербол Нұрғазин, Фархад Ластаев облыстық жарыстарда жүлделерге ие болды. Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенде күреспен мықтап айналыстым. Қазақ күресінің өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан, атақты балуан, бапкер, Одақтың бірнеше дүркін жүлдегері Мұсабек Қапанов мені бір жыл бойы бақылып жүріпті, бір күні қасыма келіп, өзінің үйірмесіне шақырды, сонымен бес жыл бойы білікті бапкердің тәрбиесін алдым. Студенттер арасындағы ел біріншілігінде екі дүркін күміс жүлдегер, түрлі ерікті спорт қоғамдары арасындағы турнирлерде сан мәрте топ жардым,–дейді Ертай Кешілбаев.
Жоғары білім алып келген жас жігіт «Алтай кеңшарында механик қызметінде жүрген кезде де өзі жанындай жақсы көретін күресті тастай алмай, сан рет аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, ауданның намысын қорғап жүрді. Ерекеңнің үйінде сол кезде алған мақтау грамоталары мен медальдары ілініп тұр. Осыдан 20 жыл бұрын нарықтың сын сәтінде жеке кәсіпкерлікпен шұғылдана бастайды. «Исатай» ЖШС-ігін құрып алып, көптеген ауылдарда пошта, Мәдениет үйі, аудандық мұражай, мектептерде күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы етіп атқарды. Қатарынан екі рет жерлестері сенім көрсетіп, Катонқарағай өңірі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты сайлады. Халық қалаулысы ретінде Топқайың ауылына ауыз су тартқызды, Катонқарағайды абаттандыру жұмыстарына қаржы тауып берді. Кіреберістегі Қаратай батырға қойылған тұғырлы ескерткіште де ел сыйлайтын азаматтың сіңірген еңбегі ересен екенін көпшілік біледі, сол үшін алғыстарын жаудырады.
-Жұбайым Мағрипа есепші ретінде маған қолғабыс жасайды, өзінің дүкені бар. Үш ұл тәрбиелеп өсірдік, барлығы өзіме тартып спортпен шұғылданды, нәтижелері жаман емес. Үлкеніміз- Махамбет Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін бітірген жоғары білімді маман, қазір өзімде прораб, екінші ұлым- Исатай Өскеменде жоғары оқу орнының үшінші курс студенті, ал кенжеміз Мәди облыс орталығындағы қазақ-түрік гимназиясының 11-сынып оқушысы, футбол ойнайды,–дейді ел құрметіне бөленген Ертай ініміз.
Үлкендерді сыйлап, ұлағаттау, олардың сіңірген еңбегін үлгі-тәрбие ету мақсатында жастардың құлағына құйып отыру Ертай Кешілбаев сияқты азаматтарға жарасса керек. Ұстаз бен шәкірті арасындағы жарты ғасырға созылып келе жатқан жарасымдылық тек қазаққа ғана тән қасиет болса керек.
Оңдасын Елубай
Катонқарағай ауданы.