«Дидардың» қонағы

Айгүл Кемелбаева, жазушы, кинодраматург, эссеист, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты: -ШЕТЕЛ АУДИТОРИЯСЫНА ЖОЛ ТАРТУ ЕНДІ БАСТАЛДЫ

Айгүл Кемелбаева, жазушы, кинодраматург, эссеист, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты:   -ШЕТЕЛ АУДИТОРИЯСЫНА  ЖОЛ ТАРТУ  ЕНДІ БАСТАЛДЫ


Айгүл Кемелбаева, жазушы, кинодраматург, эссеист, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты: -ШЕТЕЛ АУДИТОРИЯСЫНА ЖОЛ ТАРТУ ЕНДІ БАСТАЛДЫ

«ЖЕТІНШІ ҚҰРЛЫҚҚА САЯХАТ» ЖАСАҒАН ҚЫЗ

-Айгүл, өзіңіздің елді елең еткізген «Жетінші құрлыққа саяхат» повесіңіз студент кезіңізде жарық көрген екен. Десек те, бүгінгі кішкентай оқырмандарға жетпей қалғандай балаларға арналған бұл тамаша туындыңыз.

–1982 жылы ауылда орта мектепті бітірдім. «Жетінші құрлыққа саяхат» повесін 15 жастан жаза бастап, 1983 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған прозалық туындылардың республикалық жабық байқауында II орын алдым. Балалар прозасы оқылады, қайта өңдеп, екінші мәрте осы кітабымды шығару көкейде жүргелі қашан. Су жаңа нұсқасының басы №2, 2016 жылы «Қасым» журналында жарық көрді. Ескі нұсқадан біраз алып қосамын. Құдай сәтін салған күні қайта жариялаймын.

– Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының шығармашылық конкурсынан «Қоңырқаз» атты әңгімемен өтіпсіз. Мәскеудегі сол жастық жылдарыңыз несімен есіңізде қалды?

Айгүл Кемелбаева, жазушы, кинодраматург, эссеист, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты:   -ШЕТЕЛ АУДИТОРИЯСЫНА  ЖОЛ ТАРТУ  ЕНДІ БАСТАЛДЫ

– Жастықтың буы алтын сияқты. Студенттік шақ кімге болсын таңдаулы уақыт. Оның үстіне бұл ең таңдаулы интеллектуалдық-творчестволық институт, талантты ақын-жазушылар оқыған, қалам ұстаған талайдың арманына айналған. Элитарлық институтта оқысам деген құлшынысым жүзеге асқаны құдайдың бұйрығы, маңдайға жазылған ақ-адал несібем деп санаймын. Оқытушылар қауымы –әлемге әйгілі академиктер мен профессорлар. Гаспаров пен Көроглының лекциясын тыңдаудың өзі неге тұрады! Бұл институтқа қабылдану оңай емес. Бұрын айтқанмын, қазақтың үлкен жазушысы Роллан аға Сейсенбаевтың көмегі зор болды.

БІР ТЫЛСЫМ ҚҰДІРЕТ КҮШ ИЕСІ БАРЫ РАС

-Шығармаларыңызда мистика, қиял-ғажайып, дін тақырыбы басым болып келеді. Неге? Бәлендей бір себебі бар ма?

–Әдебиеттің негізінде әуел бастан мифологиялық сарын жатады. Миф – өзге бір шындықтың таңғажайып көркем түрі, санаға терең әсер ету формасы. Әдебиет жабайы натурализмнен арқасы әбден жауыр болып қажып кетер еді. Адамзаттың варварлық қалыбынан арылуына әрине, ортодоксальды діндер әсер етті. Әйтпесе, адам нәсілі жануарлық стадияда тұтылып қала берер еді. Діндерді дүниетаным дәрежесінде қарастыру керек, өркениет ұтқаны не, ұтылғаны не, оны да дөп басып айту қиын. Бір тылсым құдірет күш иесі бары рас. Бірақ оның нақты формасын адамзат дәл тани алды деуге болмайды. Дінді сөз құдіретін ерте ұғып қойған ересек халықтар, кландық топтар өз мақсаттарына пайдалана береді. Құдайға құлшылық сырт көзге көрінбес, тілсіз, жүректе болуы керек. Қазаққа ең әуелі ұлттық идеология, дін мен дәстүр қабысқан бұрынғы көзқарасты қалпына келтіру керек.

АСТЫРТЫН МОЙЫНДАУДАН АРТЫҚ МЫҚТЫ МОЙЫНДАУ ЖОҚ

-Әуезхан Қодар жеті жыл бұрын Айгүл Кемелбаева өз бағасын ала алмай келе жатқан жазушы деп жазыпты.

–Әуезхан марқұм 1998 жылдан бастап баспасөзде мен туралы талай мәрте жоғары пікірлер айтты. Мадақ пен сынға төзімдімін, өрекпіп құлап түспеймін.
Біздің қазақ әдебиетінде ақын-жазушыны мойындаудың екі түрі бар. Бірі ашық, бірі астыртын. Ашық мойындау екіге бөлінеді: бірі шынайы мойындау, екіншісі өтірікке негізделген мойындаған түр таныту, әншейін қарабайыр тізіммен сыдыртып өтеді, қайсыбірі аты дардай болғанымен заты жоқ, оқылмайтын жазушылар. Меніңше, астыртын мойындаудан өткен мықты мойындау жоқ. Пушкинде бар биік ұғым: «Другой от нас умчался гений, Другой властитель наших дум». Астыртын мойындаудың негізінде осы құбылыс жатады. Бұл атыңды атап, мақтап-мадақтамаса да, жазған дүниелеріңді қалт жібермей оқып, ақырындап ұрлап-жырлап, кәдімгі плагиаторлықтың бау-бақшасын өсіріп, өздеріне жұғысты қылып, меншіктеп алып жатады. Мұнан асқан керемет мойындау болмайды! Бірақ сол өздері идея алатын, қарызданатын авторды шын мәнінде жек көру, жақтырмау, білмегенсу, елемеген түр таныту сиқыры барған сайын ұлғая түседі. Бұған бола оларға ренжудің, қайғырудың түкке қажеті жоқ. Олар да тыныш, сен де тыныш. Күншілдерге шығындалу, энергия құрту обал. Уақыт бәрін өз орнына қояды. Түк байқамағансып жүре беру керек. Мұхтар Әуезов солай жасаған, өзіне шабалана үрген көрінген моськаға бұрыла берсе, жазуы мандымас еді.

-Мағжанның «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің желісімен түсірілген киноға сценарий жаздыңыз. Он жылдай бұрын Өскеменде де премьерасы өтті. Алдағы уақытта экранға сценарий жазу ойыңызда бар ма?

–Режиссер Болат Шәріп «Қазақфильмде» түсіріп, 2005 жылы жарық көрген бұл фильмнің жолын қызғаныш қылған біреулер жауып, елеусіз қылып тастады. Әсіресе қазақ тілді журналистер премьерадан соң бір жұмаға жеткізбей фильмді кеміткен мақалалар жазып, бағасын түсіріп-ақ бақты. Алайда орыс тілді бейтарап журналистер, ұлты басқа сыншылар биік бағалаған рецензиялар артынан да жарық көріп жатты.

Иә, біраз сценарий жаздым. Бұйырса, мерзімі келгенде бір-бірлеп шығып та қалар, үмітсіз емеспін. Бірақ киноның жолы оңай емес. Оны да бауырына басып, қызғыштай қорып жүретін сол саланың адамдары бар. Кинематографияда бап шаппайды, бақ шабады. Шетелде сапалы кинодраматургияға сұраныс мол, өйтпесе табыс әкелмейді, адал бәсеке күшті. Бізде де бұл солайша қалыпқа түсер, әзірге бұл салада көзге түсу, мықты пиар жасау үшін тер төгу керек.

БІЗДІҢ АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР СЫНДЫ ҚАБЫЛДАУҒА ҚАБІЛЕТСІЗ

-Сыншысыз. Қазақ прозасының, поэзиясының бүгінгі деңгейі қандай?

– Сыншымын демеймін. Мен әдебиеттану ғылымына қатысты танымдық эссе, мақалалар жазамын. Сынды қабылдауға біздің ақын-жазушылар қабілетсіз. Ашу-кектен ісіп-кеуіп буынып өліп қалады немесе соңыңа шам алып түседі. Ол кімге керек. Татымсыз прозаның мінін қазғанша өз ісіңмен айналысқаннан артығы жоқ.

Әдебиет теориясына негізделген екі кітабым жарық көрді. «Мәжнүн жүрек» (2013) және «Сөз хикмет» (2016). Бұл қос томдық десе болар, әрқайсысы 20 баспа табақ, текст бір-бірін қайталамайды. Бұйырса, биыл әдебиеттануға арналған үшінші кітабым мемлекеттік тапсырыспен шығады, көлемі 20 баспа табақ. Сонымен 3 томдық еңбек. Осы уақытқа дейін әдебиет пен өнерге қатысты жазғандарымды тегіс кітапқа салса, бұдан бөлек 3-4 кітап болып қалады.

– Ғылыми атағыңыз бар ма?

– Ғылыми дәреже маған керегі жоқ. Оған ниетім, уақыт мүмкіншілігі бола қоймады. Жазушылар ұзақ уақыт қаламақысыз өмір сүріп келді. Етікші құрлы болмады.

-Қазір кітап шығарушылар көбейіп кетті. Оқырмандардың кітап оқымауына «Не көп, кітап көп» дегізіп, осы тенденция әсер еткен жоқ па?

–Бұл әншейін уақытша әлеуметтік құбылыс, жаңа қоғамның интеллектуалдық әлеуеті кеміп кетті, күнкөріске, одан қалса тобырлық мәдениетке шырмалды. Бұл кемшілік те өтеді. Қыста жаңа жыл алдында Медеу аға Сәрсеке «Ертіс кітапханасы» сериясымен шығаруға бір кітабыңды дайындай бер деп айтқан болатын. Прозамның басын қосып үлкен бір том жасаймын. Кейбірінің электрондық нұсқасы жоқ екен, қайта басуға әжептәуір уақыт кетті. Қысқасы, кітаптың 90%-ы дайын. Жыл соңына дейін даяр қылсам деймін.

– Ұлы Абай «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр» дейді ғой, десе де оқырмандарыңыздың өзіңіз жайында да білгісі келері хақ.

– Жазушының көркем шығармасында жанама болсын өзінің автопортреті, дүниетанымы жүреді.

КЕМЕЛБАЙ АТАМНЫҢ СЕПТЕСУІМЕН ТАЛАЙ ӘУЛЕТ АМАН ҚАЛҒАН

-Атаңыз 1937 жылы қуғын-сүргінде атылып кеткен деген дерек кездестірдім. Ол кісінің тағдыры да тағы бір шығармаңызға арқау болар.

– Кемелбай атам халық жауы болып Магаданға айдалып кете барған, су түрмесінде өлген. Дерек өте аз. Оны айтып беретін туыс аз, біле бермейді. Атам аштық жылдарында көп адамға қайырласқан. Төрт кластық орысша білімі бар, Семейдің ет комбинатында істеп, қазақтарға қай дүкенде малдың ішек-қарны, бас-сирағы сатыларын алдын ала астыртын хабарлап қояды екен. Естіген ел түн ортасынан барып, кезекке тұрып сатып алады. Сөйтіп, талай әулеттің аман қалуына себі тиген. Менің 18 жасымда республикалық ірі әдеби жабық конкурстан жарып шыққаным, шығармашылық жолымның болғыштығы атамның атын алғаныма байланысты деп ойлаймын. Көптің ризашылығын алған ақниет жанның есімі ақталып, рухы жарыққа шығуына құдай нәсіп етті, былайша, реабилитация, әділет нышаны. Үлкен атамызға жазылған екі немересіне қалам дарымағанына қарап солай болжаймын, үйдегі ортаншы балаға атасының есімі өшпесін деп бөлек фамилия берген. Көз көрген, ата-баба десе санама бірден келетін нағашы атам Оразхан бейнесін бірнеше туындымда суреттедім. Өте дегдар, адал, мейірбан адам болатын. Аузынан жаман, теріс сөз шықпайтын, біреуге қатты кейісе, «Сәулесіз, түйтік жоқ ғой», – деп отыратын.

-Әдебиеттегі, шығармашылықтағы принципіңіз, қағидаңыз қандай?

– Адалдықты ұлық тұтып қастерлеу. Иррационалды жаратылысты тану. Шығармашылық идея туралы алдын ала ешкімге тіс жармау. Нарциссизм, өз шығармашылығыма деген сүйіспеншілік. Жұрт шығармашылығым туралы не айтады екен деп емінбеу, жалтақтамау, қас-қабағын бақпау, баспасөзде беделіңді өсіріп, мадақтайтын біреулерді жалдамау, фальсификация жасаудан жирену. Жазушылығымды қастер тұту, оны құдайдың бергені, биік жазмыш, асыл мұрат деп тану. Жазуым туралы қисық сөздерді қабылдамау, олар не айтса да өз ойымнан танбау. Мен мұны жасырын бөгеттерді көп көрген соң айтып отырмын. Ол болуы тиіс, әншейін, түкке тұрмайтын кедергілер ғана. Рухани өсуге себі тимей қалмайды. Қолыма қалам ұстағалы 40 жыл толыпты.

–Қазіргі қазақ жазушылары шет тілдеріне аударылып, рухани кеңістігі, аудиториясы кеңіп жатыр. Сіздің мұндай жетістіктеріңіз бар ма?

– Ең сүйініштісі, шетел аудиториясына жол тарту енді басталды. Әдебиет пен өнер біртұтас, шекарасыз, күллі адамзатқа ортақ құндылық. Орыс, әзербайжан, түрік, неміс, ағылшын тілдеріне әңгімелерім аударылды. Орыс тіліне үш әңгіме аудардым. «Қоңырқаз» қазіргі заманғы
әдебиет антологиясының «Моих степей полынная звезда» атты 2 томына енді. Москваның «Художественная литература» баспасынан 2013 жылы жарық көрді. Неміс тіліне 4 әңгімем аударылды, Берлинде жарық көрген халықаралық жинаққа енді, екеуі Алматы Гете-Институтының жобасы бойынша
тәржімаланды. Түрік және әзербайжан тілінде қос әңгіме журналда шықты, антологияға енді. Марқакөлдің тумасы, жазушы, әдебиеттанушы,
мәдениеттанушы, аудармашы Зәуре Батаева ағылшын тіліне жолма-жол аударып, редактор тауып, қаржысын өзі төлеп редакциялатқан шағын романым
бар. Аудармашы Shelley Fairweather-Vega. Үзіндісі Нью-Йоркте «Words Without Borders» атты журналға 2018 жылы шықты. «Рухани жаңғыру»
бағдарламасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне «Ұлттық аударма бюросы» аудартып жатқан «Қазақ прозасы» антологиясына көлемді эпикалық әңгімем енді.

–Қыздарыңыз шығармашылық жолды қалады ма?

– Назерке суретші, 5- курста жеке сурет көрмесі өтті, жақында университет бітірді. Балнұр кинорежиссураны таңдады, 4-курс бітірді, оқу процесі үшін қысқа метражды фильмдер түсіріп жүр. Балалар үшін ең күшті инвестиция – тиянақты білімге бастайтын жол – көркем әдебиеттің қадірін біліп, кітап оқуға құмартып өсуі. Мейлі, бала қай саланы таңдамасын, техникалық бола ма, гуманитарлық бола ма, кітап оқу қасиетіне дүниеде ештеңе жетпейді.

-Әңгімеңізге рахмет, Айгүл!

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button