Қоғам

«Айгөлек» балабақшасы күрделі жөндеуден өтті

 Облыс орталығындағы «Айгөлек» балабақшасы алғаш рет күрделі жөндеуден өткен. Жалпы сомасы 21 миллионнан астам қаржы бөлініп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Балабақшадағы заманауи кабинеттердің ашылуына «Казцинк» компаниясы қаржылай қолдау көрсетіп, жобаны қалалық білім бөлімімен бірлесе іске асырған.

Қаланың «Стрелка» шағын ауданында орналасқан «Айгөлек» балабақшасының жылыту және сумен жабдықтау жүйелеріне және серуендеу верандаларына  жөндеу жұмыстары жүргізілген. Балабақшаның қызмет көрсету сапасын жақсартып, заман талабына сай жабдықтаған.

– Өскемен қаласында білім саласына қатысты бірнеше нысан жөндеуден өтті. Соның ішінде мектептер мен балабақшалар бар. «Айгөлек» балабақшасының су құбырлары мен ішкі бөлмелері жөндеуден өтті. Ең бастысы, бұл – балаларға көрсетіліп жатқан қамқорлық. Бөлме жылы әрі жайлы болса, балалардың денсаулығы да жақсы, көңіл күйлері көтеріңкі болады. Бізбен серіктесіп, «Казцинк» компаниясы да балаларға қамқорлық көрсетіп жатыр, – дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Эльдар Төлеубеков.

«Айгөлек» балабақшасында жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылған 11 топ тәрбиеленіп жатыр екен. Ондағы балалар биыл жылы әрі заманауи жайлы бөлмеде ойынын қандырып, білім нәрімен сусындайтын болады.

Қарбаласы көп қалада қауіпсіздік ережесін сақтау – балалар үшін басты міндет. Ол үшін кішкентайынан жол ережесі мен жол жүру қауіпсіздігі туралы құлағына құйып отыру қажет. Бұл бастаманы «Айгөлек» балабақшасы қолға алып, бөбекжай ішінен «Бағдаршам» атты кабинет ашыпты. Кабинет ішінде балаларға нұсқау беруге арналған жол белгілері мен бағдаршам қойылған.

– «Казцинк» компаниясы балабақша тәрбиеленушілері үшін өте маңызды екі жобаны іске асырып, үш миллионнан астам қаржылық қолдау көрсетті. Инклюзивті оқыту кабинеті мен жол қозғалысының ережелерін үйрететін «Бағдаршам» кабинетінің ішін жабдықтап берді. Балалардың қауіпсіздігін сақтау – бүгінгі таңдағы басты міндеттердің бірі. Біздің бұл бастамамыз мектепке дейінгі жастағы балалардың білім алып, өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне септігін тигізеріне сенемін, – дейді «Казцинк» ЖШС-нің қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Евгений Фоминых.

Игілікті іс-шара аясында ашылған инклюзивті кабинеттің де балалар үшін пайдасы көп. Тәрбиешілер инклюзивті кабинеттің мүмкіндігі шектеулі балалардың толыққанды қоғам жағдайында дамуына мүмкіндік беретінін айтады. Жалпы бұл білім беру жүйесі барлық балаларды тең қабылдауды және әр баланың ерекшеліктерін ескере отырып, оқуға деген жеке көзқарасты қалыптастыруды көздейді. Нәтижесінде балалар қоғамның толыққанды азаматтары болып шығады.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button