Айдында кәсіпқойлар мен әуесқойлар айқасты

Өскемендегі Борис Александров атындағы Спорт сарайында ерекше хоккей кездесуі өтті. Атап айтқанда, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Қазцинк» ЖШС-нің кубогы сарапқа салынған кездесуде Б.Александров және Е.Паладьев атындағы турнирлердің жеңімпаздары «Қазцинк» пен «Үлбі» командалары кездесті.
Бір айта кетерлігі, бұл екі ұжым басқа жағдайда бір-бірімен кездесе қоюы екіталай еді. Себебі, «Үлбі» командасы хоккей десе ішкен асын жерге қоятын әуесқойлар клубы болса, «қазцинктіктер» керісінше талай рет ел біріншіліктерінде ойнаған бұрынғы кәсіпқой спортшылар. Сол себептен болар, бұл кездесудің ауаны кәдімгі хоккей матчтарынан өзгешелеу болды.
Кездесу бастала сала, «Қазцинк» хоккейшілері алға қарай лап қойып, тез арада есепті ашты. «Үлбіліктер» қарсыласынан мұндай қарқынды күтпесе керек, бәлендей тойтарыс бере алмады. Бірінші кезеңнің есебі – 5:1. Есесіне, екінші және үшінші кезеңдерде «Үлбі» хоккейшілері намысқа тырысып, есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Алма-кезек шабуылдармен өткен ойын 9:6 есебімен «қазцинктіктер» пайдасына аяқталды.
Ойын соңында қарсыластар буллиттен өзара мықтыны анықтап, бұл сында «Үлбі» хоккейшілерінің асығы алшысынан түсті. Артынша кездесуді ұйымдастырушылар үздік ойыншыларды бағалы сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапаттады. Осы спорттық шараның өтуіне мұрындық болғандардың арасында «Тат-Арка» серіктестігінің маманы Амантай Бәшіровтің еңбегін ерекше атап өткен жөн.
– Мұндай ойынды алғаш рет өткізіп тұрмыз. Жалпы, бүгінгі ойын жолдастық кездесу деп аталғанымен, қарсылас командалардың айдында аянып қалмай, жеңіс үшін барын салғанын көрдіңіздер. Спорттық шараны Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізуді жөн санадық. Бәріміздің де соғысқа қатысып, от кешкен ата-әкелеріміз бар. Менің Мұхаметрақым Бәшіров деген ағам мен қайын атам Құсайын Малдыбаев та соғысқа қатысып, Берлинге дейін жеткен. Сондықтан мұндай шараның мақсаты – біріншіден, жастар арасында шайбалы хоккейді насихаттау болса, екіншіден, майдан даласында қаза тапқан, Ұлы Жеңісті жақындатқан боздақтар рухына тағзым ету, – дейді Амантай Бәшіров.
Оның айтуынша, алдағы уақытта мұндай хоккей матчтарын өткізу дәстүрге айналмақ.
Нұржан Кенжеұлы