Шығыстың жеті бренді

Айдархан аңды шақырып атады

Айдархан аңды шақырып атады
«Ел іші – өнер кеніші» деген мақалды естіген сайын есіме қабырғалық Айдархан Нұрсапаров түседі. Сол Айдархан кезінде өнер жолын таңдаған болса, шоу-бизнесте қой боп жөтеліп, автомат боп сақылдап жүрген талай әртісті нәпақасыз қалдырар еді.
Ол Катонқарағай ауданының Қабырға ауылында тұрады. Туған жері – Шыңғыстай. «Айдар елікті шақырып атады екен» деген әңгімені қабырғалықтар о баста әзілге балаған. Кейін растығына көздері талай жетті. Ағаштың ұшар басындағы қарғаны, айдалада жайылып жүрген бұзауды, қыл аяғы көршінің қаз-тауығын да сонадайдан даусымен жанына шақырып, талайды бәстен ұтқан бұл Айдар.
Бірде ол Катонқарағай ауылына базар аралай барып, дүкенге бас сұғады. Сәл өтпей-ақ, сатушылар мысықтың мияулаған даусын естіп, мазасыздана бастайды. Азық-түлікті арамдап кетер деп қорыққан әйелдер сауданы қоя салып мысық іздеуге кіріскенімен, таппаса керек. Өз құлақтарына сенбей Айдардан сұраса, ол еш саспастан мысықтың қай жерге жасырынғанын біліп тұрғанын айтады. «Ақысын алсаң да, бізді мына мысықтан құтқар» деген өтінішті «орындап», жанына ерген жолдастарының тамағын жібітіп беріпті.
Айдархан аңды шақырып атады
Онымен қоймай жеті шақырым жолда көлікті төрт рет тоқтатқаны бар. Сондағы «Тоқтаңдар-ей» деген жалынышқа толы жарықшақ дауысты Айдар шығарып отырғанын көліктегілер Қабырғаға жеткенде бірақ ұқса керек.
Осындай оқиғалардан кейін бұзау іздеген бала да, ат қараған ақсақал да, қыдыра келген әйел де Айдар жүрген жерде құлағына сенбейтін болған.
Ол аңға саяқ шығады. Шыңғыстайдан келе салып бүкіл аңның жымын қалай біліп алғаны да қабырғалықтар үшін әлі күнге құпия. Өзінен сұрағанымызда: «Аңды қызық көріп шақырып алатыным рас, бірақ атқан емеспін. Олай істесем, қиянат болмай ма» деп жауап беретін.
Қабырғада Айдардың үйген маясы, Айдардың қалаған пеші, Айдардың салған үйі, Айдардың саптаған балтасы, Айдардың шыңдаған шалғысы деген ұғымдар «брендке» айналып кеткен. Тау қойнауына хан сарайындай қонақжай салғысы келген қаланың дөкейлері де әуелі Айдарға жүгінеді.
Кеңес заманында кеңшар болып тарта алмаған суды бір айда жалғыз өзі жалаң қолмен бақшаға әкелгенін ел әлі күнге тәмсіл қылып айтады. Жуырда сол Айдар 50-ге толды. Үйінің есігін «қызық болсын деп» тура бұрыштан шығарып қойыпты. Баласының алды мектеп бітіріп жатса да, әзілін әлі тастамаған екен. Темекіні қойғысы келген балдызына әйелі бүйрекке ішіп жүрген шөпдәріні «иманжапырақ» деген тау шөбі ретінде ішкізгенін естіп күлкіге қарық болдық. Олай болатыны, Айдар Алтай шөптерінің дәрілік қасиетін аюдан кем білмейді. Соған дәніккен балдызы әккі жездесінің әзіліне түсіп қалса керек. Асырып айтқандық емес, Айдархандай тасада жүрген таланттар әр ауылда бар. Ауылдың өлім-жітімі де, той-томалағы да соларсыз өтпейді. Өйткені, мал соятын қасапшы да, еттің бабын білетін қазаншы да солар. Түсінбегендер оларды «ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермес жылпостар» деп атап жатады. Бірақ бұлар ауылына керек адамдар. Өз басым Айдарды көрген сайын неге ауылда тұрақтап қалмағанымды түсінемін. Өйткені, ауылда тұрған соң Айдарша тұру керек.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button