Қоғам

Қайдарбек ел кәдесіне жарап жүр

Адам тағдыры сан алуан екені рас. Бұдан тура 31 жыл бұрын жарық әлем есігін ашып, дүниеден сауға сұрап келген сәби бүгінде ата қонысында ел қатарлы тірлік етіп келеді.

Қайдарбек ел кәдесіне жарап жүр

Ерінбеген адам ғана
етікші болады

Етікші боламын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген ол қазір Асубұлақ кентіндегі әкімдіктік ғимаратында ауылдастарының, бауырластарының аяқкиімдерін қолма-қол жұтындырып отырып, жөндеп беріп жүр. Ауылдың әкімі Нұржан Ақтановқа алғыстан басқа айтары жоқ. Енді ше, ол Қайдарбек Танысбектің талабын жанып, бір бөлмеде ақысыз-пұлсыз еңбектенуіне жағдай жасап берген екен. Қайдарбек Қытайда жүргенінде де осы кәсіппен айналысқан-ды. Тіпті, кішігірім дүкені де бар-тын. Үйренген кәсіп Қазақстанға келген кезде қолына қайтара ине-біз бен былғары бауларды ұстатқаны бар. Шүкір, айына шәй-суын айыратын ол ең алдымен маңайындағы ел-жұрттың кәдесіне жарағанына риза.

Кім дертті тілеп алады дейсің. Қайдарбек те Қытайдың Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданындағы Қаржауын қыстағында жарық дүниеге он екі мүшесі сау сәби болып келген-ді. Кішірек кезінде аяқ астынан соқырішек болып ауырды. Бірақ ондағы дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймауынан және дұрыс емдемеуінен екі аяғы бірдей сал болып қалған. Қайдарбек екі аяғынан айырылса да, жасағанның екі қолын аман қылғанына шүкіршілік етумен келеді.

– Мені бұл дерт жасытқан жоқ. Қайта өзімді-өзім қайрап, тіпті болмағанда үй тұрмысындағы шаруаларды атқаруға талпындым. Мысалы, қазірдің өзінде қыс бетінде есік алдының қарын күреймін, ағаш кесемін, отын бұтаймын. Кәдімгі дені сау адамдардың бітіретін шаруасын отырып алып-ақ атқара беремін.

Зілтемір көтеруден жүлдегер болған

Осы тұста одан «Сен Қытайда жүргенде зілтемір (штанга) көтерумен шұғылданды деп естіген едік. Сол рас па?» деп сұрағанбыз. Қайдарбек сәл мұңайып қалды да, оның рас екенін айтып, біраз жыл кәдімгідей зілтемірдің нешемесін көтергенін, шаршы топты жарыстарға да қатысқанын, алайда, қолдаушы шықпаған соң үлкен биіктен көрінуге мүмкіндік болмағанын жайып салды. Әуелде Шыңжаң бойынша жарысқа қатысып, одан соң 2006 жылы Бейжің мен Гуанчжоуда мүгедектер арасындағы мемлекеттік зілтеміршілер сайысында 75 келілік салмақ дәрежесінде 120-125 келіге дейін көтеріп, бір рет екінші, бір рет үшінші орынды иемденіпті. Алайда, жеңіп тұрған жерінен орнына басқа адамды салып жібергендіктен, Кореяда өткен халықаралық жарысқа бара алмаған көрінеді.

Оның әке-шеше, туыстарымен Қазақстанға келгеніне де екі жылдан асып барады екен. Мұнда Ұлан ауданының Асубұлақ кентіне тұрақтаған соң да бос отыра алмай, өскен жеріндегі кәсібі – аяқкиім тігіп, жөндеуді қолға алған. Одан түсетін табысының сыртында мемлекет тарапынан мүгедектігі үшін берілетін 22 мың теңгенің үстіндегі зейнет-жәрдемақысы тағы бар. Ол «Бәріне де шүкір деймін. Аяғым бастырмаса да, екі қолым сау, жүрегім таза, ел ортасындамын. Жалпы, мынау өмір деген қазанда қайырымдылық деген қасиеттің ауып кетпегеніне әбден көзім жеткен. Мешел көріп, менсінбейтіндер жоқ. Өзің пейілді болсаң, әлгі «Өзі жақсыға екі кісілік орын бар» демеуші ме еді, сол сияқты қолыңнан келген шаруаны істей білсең, қай жерде де басың сыйымды болады ғой» деген әңгіме арасында.

«Ата жұртым, елім» деп келген Қайдарбек те, оның ата-анасы да бұл жердегі ортадан өгейлік көріп отырған жоқ. Қазір кәдімгідей бастығып қалған. Тек мұнда келгелі ол зілтемір көтерген емес, сондықтан әбден қарайып қалар ма екем деген ішкі уайымы да жоқ емес. Асубұлақ кентінде спорт кешені бар, бірақ зілтемірмен айналысушылар жоқ. Ондай спортшылар болмаған соң зілтемір де болмайтыны белгілі.

– Қайдарбектің өмірге деген талпынысы, адам атаулыға деген көзқарасы ерекше. Кез келген адаммен әңгімелескенін көрсеңіз. Ондай әңгімелерінен керім жылылық есіп тұрады, – дейді оны үнемі керек жеріне апарып жүретін «атқосшысы» Айболат. – Қайдарбектің қалаға келсем, ана елдегідей зілтемір көтеріп, жарыстарда нәтиже көрсетсем, ел ағалары осы армандарымның іске асуына қол ұшын берсе деген ішкі ой-армандары бар.

Иә, Айболат Қайдарбектің тілегін екі еткен емес. Қайда апар десе де, ала жөнеледі. Бұл өз басында бар дүние болғандықтан да болса керек. Өйткені, Айболаттың да туған апайы осы Қайдарбек сияқты, тек бірінші топтағы мүгедек.

Қайдарбек жоғарыда Айболат айтқандай, қалаға қарай ойысып, зілтемір көтеруді мықтап қолға алсам, өзімнің етікшілік кәсібімді дамытсам деген мақсаттарын бір сәт те ойынан шығарған емес. «Оның бәрін бір құдай біледі. Талпынғанға тау қопару да қиын болмайды деп ойлаймын. Ата мекенімізге бет бұрарда көп ойланғаным бар. «Тірлік қалай болар екен?» дегендер ғой ол. «Хан – қақпа, батыр – қорған, ел – қазына» дегендей, ата-бабамыздың алтын қонысына келгелі жатсыну, шеттету дегенді көргеміз жоқ. Тегі, өз еліңнің ортасында жүргенге ештеңе жетпейді екен. Мен соны түсіндім. Тек жатыпішер жалқау болмай, қолыңнан келетін шаруа арқылы-ақ Отаныңа үлесіңді қосуға болатынын түйсіндім» деді ол бізбен қоштасарды ақжарма көңілмен.

Қайдарбектің жасы 32-де. Ал сөз саптауы дананікіндей. Түсінік-түйсігінің тереңдігі қандай! Жігері тастай, арманы асқақ, екі аяғы ырқына көнбесе де, екі қолымен-ақ ауылдастарының керегіне жарап жүрген еңбекқор азамат бізбен емен-жарқын қоштасқан. Оның жанарынан мейірім мен жылылық байқағанбыз. Ол сірә, Қайдарбектің адамдарға деген кеңпейілі болса керек…

Ғафура Сәрсенбайқызы

Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button