Қоғам

Айболат паралимпиадалық ойындарға аттанды

Айболат паралимпиадалық ойындарға аттанды

23 қыркүйек күні аудандық Мәдениет үйінде өзгеше бір жиын өтіп, бұл басқосудың соңы кәдімгідей көпке ортақ мерекеге айналды.
Осы күні бүкіл аудан жұртшылығы болып ақсуаттық белгілі спортшы, әнші, кәсіпкер Айболат Құнапиевты 26 қыркүйек-3 қазан аралығында Ресейдің Сочи қаласында өтетін мүмкіндігі шектеулі спортшылардың I Әлемдік паралимпиадалық ойындарына шығарып салды. Сөйтіп, ол Қазақстанның олимпиадалық делегациясы құрамындағы 97 адамның, оның ішіндегі 63 спортшының бірі ретінде сапарға аттанды. Бұл додаға Шығыс Қазақстаннан екі спортшы ғана жолдама алып отыр.

Спортпен бала күнінен айналысатын Айболат жас кезінде де, әскер қатарында жүргенде де үзбей жаттығып, сан сайыстарда топ жарды. Балуан атанды, спорттың қол күресі түрінен өз тұстастарына дес бермей келді.
Ойда жоқта көлік апатына ұшыраған Айболат Нұриұлы небәрі 21 жасында тағдырдың жазуымен мүгедектер арбасына таңылып, содан бергі 26 жыл бойы кемтарлықтың тауқыметін тартуда. Солай екен деп жасып, азып кеткен Айболат жоқ, ол қашанда көздеген мақсатына жетпей қоймайтын қайсар жандардың әдетімен күресуден танбай келеді. Қажырлы азамат тіпті кейбір қол-аяғы бүтін, тепсе темір үзетін жігіттердің қолынан келмейтін істерге мұрындық болып жүруімен де ерекшеленеді. Ал бұл бағытта қосағын балапандай аялап, қырандай баптап, қолтығынан демеп келе жатқан өмірлік серігі Гүлшат Төлеуханқызының еңбегін ерекше атап айтқан ләзім.
А.Құнапиев бұл айтулы сайысқа берілетін жолдамаға үстіміздегі жылдың 31 қаңтары – 2 ақпаны аралығында Өскеменде, 9-14 наурыз аралығында Алматы қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде 100 келі салмақ дәрежесінде чемпион атану арқылы қол жеткізген болатын.
Осы кездесуде Айболаттың сегіз қырлы, бір сырлы азамат екендігі баса айтылып, оған көптеген тілеулес жандар, ауыл, аудан ақсақалдары, спорттағы ниеттес, пікірлес дос-жарандары ақ тілектерін айтып, қаржылай көмектерін көрсетті. Аудандық спорт бөлімінің басшысы Қ.Бақтияровтың айтйынша, Айболатқа облыстық спорт басқармасының басшысы Е.Чикенов, аудан әкімі С.Шоқаев, «Төретоған» ЖШС-нің басшылары Н.Қасымханов пен А.Сексенбаев, кәсіпкер Ж.Білімбаев, «Ізгі жан» қорының төрағасы Е.Ақтекенов сияқты жанашыр азаматтар жәрдем қолын созып, барып-қайтуына еркін жететіндей қаржы жинап берген екен. Өз кезегінде Айболат осы аға-інілеріне, ауылдас ағайынына шын көңілден шыққан алғысын жанды тербер әнімен, шынайы ықыласымен паш етті.
Айболаттың алғашқы жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ә.Баймұхамбетов өз тілегін ортаға сала келе, спортшыны Сочиге апара жатқан қазіргі жаттықтырушысы, қол күресінен Әлем чемпионы З.Әшімановқа зор сенім білдірді.
Кездесу соңында әдейі келген аудандағы үлкенді-кішілі спортшылардың бірқатары, олардың жаттықтырушылары тегіс сахна төріндегі Айболаттың қасына жиналып, суретке түсті. Бұдан соң еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат, еңбек ардагері, Нығмет Қисамбин жолаушыға батасын берді.
Кездесудің өн бойында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары қызықты жиынды әсем әнмен әдіптеп, мереке сәнін одан әрі асырумен болды.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button