Айбектің әзілі айнымай келді

 Айбектің әзілі айнымай келді


Айбек Нұғымаров екі дүркін «Қазақстан барысы» атанды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен биылғы доданың финалында жерлесіміз тағы бір шығысқазақстандық балуан Ерасыл Қажыбаевты жеңді.

Айта кетейік, еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 35 спортшы қатысқан жарыстың жартылай финалында Ерасыл Қажыбаев нұр-сұлтандық Айбат Сейтенді жеңсе, Айбек Нұғымаров Алматыдан келген Руслан Әбдіразақовтан айласын асырған-ды. Ал Шығыстың қос алыбы арасында өткен финалдық белдесу ерекше тартысты өрбіді. Алғашқы ұпайды Ерасыл алғанымен, артынша семейлік жас балуан қателікке бой алдырып, қарсыласын алға жіберіп алды. Көп ұзамай Ерасыл есепті теңестіргенімен, тәжірибелі Айбек Нұғымаров шешуші сәтті бүк ұпайына ие болып, жеңісті жұлып әкетті.

Еске салайық, Айбек Нұғымаров үшін бұл «Қазақстан барысындағы» алғашқы жүлде емес. Абайлық балуан 2013 жылғы додада да топ жарған болатын.
Турнир соңындағы марапаттау рәсімінде Айбекке 25 миллион теңгенің сертификаты, алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» табыс етілді. Ал екінші және үшінші орынға ие болған Ерасыл Қажыбаев пен Руслан Әбдіразақовқа сәйкесінше бес миллион және 1,8 миллион теңге берілді. Сонымен қатар балуандарға әр жеңісі үшін 100 мың теңге ақшалай сыйлық табысталғанын айту керек.

Тағы бір атап өтер жайт, осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылған додада Шығыс Қазақстанның намысын 2017 жылы Беларусь жерінде өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы Талғат Әміренов, былтырғы «Әскер барысы» жарысының чемпионы мен «Қазақстан барысы-2019» турнирі күміс белбеуінің иегері Ерасыл Қажыбаев, сондай-ақ төрт дүркін Әлем чемпионы Айбек Нұғымаров қорғады. Бір қызығы, биылғы додада былтырғы турнир жеңімпазы Ержан Шынкеев өнер көрсеткен жоқ. Қарағандылық балуан осыдан біраз бұрын алған жарақатына байланысты биыл бозкілемге шықпайтынын мәлім етті.

* * *

Кеше өскемендік жастар әуежайдан «Қазақстан барысы-2019» жарысының жеңімпазы Айбек Нұғымаровты күтіп алды.

Бұл күні әуежайға жиналған жас жанкүйерлер апайтөс балуанды «Айбек – чемпион!» деген ұранмен қарсы алып, ерекше қошемет көрсетті. Чемпион да өзіне әрдайым қолдауын аямайтын жерлестеріне құрмет білдіріп, әрқайсысымен естелік суретке түсті. Бұдан соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне биылғы дода жайында айтып берді.

– Белдесулердің қай-қайсысы да тартысқа толы болды. Жарыстың фавориті деген 5-6 адам бір-бірімен финалға дейін кездесіп қойды. Маған ақтық сында қарсылас атанған Ерасыл інім де осал емес. Екеуіміз де Шығыс Қазақстан облысының тумасымыз, жарыстарға бірге дайындаламыз. Биылғы турнир алдында финалда екеуіміз күресеміз деп айтып әзілдескен едік, дәл солай болып шықты. Бұл жолы менің мерейім үстем болды. Алайда Ерасылдың жеңістері әлі алда. Ал өз жоспарларыма келер болсақ, енді 15-16 маусым күндері Тарбағатайда өтетін Ырғызбай Досқанаұлы атамыздың атындағы ірі халықаралық жарысқа дайындықты бастаймын. Одан кейін желтоқсан айында өтетін «Әлем барысы» додасы бар. Бұған қоса «Еуразия барысы» сияқты басқа да байрақты бәсекелерге қатысамын. Сондай-ақ білім саласындағы қызметімді жалғастыра бермекпін. Өздеріңіз де білетін боларсыздар, осыдан біраз бұрын Семейдегі көлік колледжінің директоры қызметіне тағайындалғанмын. Маған қашан да қызу қолдау көрсететін жерлестеріме алғыс айтамын, – деді «Қазақстан барысы-2019» жарысының чемпионы.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button