Қоғам

Айбек Нұғымаров түйе балуан атанды

Айбек Нұғымаров түйе балуан атанды

(Сурет шартты)

Оңтүстік Қазақстан облысында өткізілген Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы халықаралық турнирде жерлесіміз Айбек Нұғымаров түйе балуан атанды. Осымен елу екінші рет байрағы желбіреген дүбірлі жарыс биыл тойланатын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және күш атасы Қажымұқан бабамыздың 145 жылдығына арналды.

Шымкенттегі жеңіл атлетика манежінде өткен турнирге қазақ сахарасының түкпір-түкпірінен келген кіл мықтылармен қатар, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай секілді іргелес елдерден жауырыны жерге тимеген балуандар қатысып, бірнеше салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Екі күнге созылған тартысты белдесулер нәтижесінде 55 келiде Абылайхан Кеулiмжай (Жамбыл), 60 келiде Еламан Хуанбай (Қарағанды), 66 келiде Қасымхан Төленбай (Алматы қаласы), 74 келiде Айдос Ғалымов (Қарағанды), 82 келiде Ерсұлтан Мұзаффаров (ОҚО), 90 келiде Әдiлжан Ыстыбаев (ОҚО), 100 келiде Асыл Бәрменов (Қарағанды) және 100 келiден жоғары салмақта Мухсин Хисомиддинов (Өзбекстан) жеңіс тұғырына көтерілді.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, ең қызығы қалың жанкүйер тағатсыздана күткен түйе балуандар айқасы болды. Бұл салмақта жалпақ әлемге аты әйгіленген шеберлер бақ сынады. Олардың ішінде «Қазақстан барысы» атанған Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов, сондай-ақ, моңғолдың даңқты балуаны Алдангэрел, қарағандылық қабылан Ержан Шынкеев, облыстың мақтанышы Айбек Нұғымаров және басқалары болды. Сөйтіп, бозкілемде атой салған алыптар белдесуінің финалына жерлесіміз Айбек Нұғымаров пен Ержан Шынкеев шықты. Екеуі де осал емес, екеуі де қазақ күресінің жілігін шағып, майын тауысқан шеберлер. Тәжірибелері толысқан тісқаққан балуандар. Оның үстіне қос қарсылас бір-бірінің айла-тәсілдерін жақсы біледі. Сондықтан ақтық белдесу аса тартысты жағдайда және екеуінің аса сақ қимылдарымен өтті. Дегенмен, талай додаларда топ жарып, маңдайы жарқырап жүрген Айбек ұлымыздың бұл жолы да бағы жанды. Мерейі үстем болды. Сөйтіп, Қажымұқан Мұңайтпасов бабамыздың 145 жылдығына арналған турнирдің түйе балуаны атанып, бас бәйгеге тігілген бір миллион теңге сыйақыға ие болды. Құтты болсын дейміз!

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button