Қоғам

Қаңғыбастарға қамқорлық көрсетіп отыр

Қаңғыбастарға қамқорлық көрсетіп отыр

Бұл шаңырақтың астында сан қилы жазмыш иелері тоғысқан. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, баз кешкен жандардың ғұмыр сапары, басынан өткерген оқиғалары әр алуан болғанмен, меншіктеген ныспылары ортақ, ол – қаңғыбас. Зырян ауданының Греховка кентінде былтыр күзде ашылған «Әлеуметтік бейімдеу орталығы» бүгінде қоғамнан шет қалған осындай адамдарды қамқорлығына алған.
Орталық бұрынғы мектептің ғимаратына жайғасыпты. Екі-үш жылдан бері пайдаланылмай, бос тұрған нысанды тоздырып алмай сақтап қалу және сол арқылы тұрақты мекенжайы жоқ кезбелердің проблемасын шешу үшін жергілікті билік білім ошағын жөндеуден өткізіп, игілікті іске жаратуды жөн санапты. Сөйтіп, «бір оқпен екі қоянды атқан» аудан басшылығы қаладағы қаңғыбастарға пана болатын 50 орындық әлеуметтік мекемені іске қосты.
– Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды қоғамдық ортаға бейімдеуге арналған мекеменің қажеттілігі біздің ауданда бұрыннан өткір тұрған мәселенің бірі еді. Зырян қаласының өзінде ғана үйсіз-күйсіз жүргендер қатары жетіп артылады. Оларды қайда жібереміз? Қалай десек те, адам баласы ғой. Қол ұшын созып, олардың қатарға қосылуына көмектеспесек, біздің адамдығымыз қайсы? – деген аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алена Шушенькова қаңғыбастарды Белоусовка кентіндегі орталыққа жібергендерін де айтты.
Бірақ ол жақта орын саны шектеулі болғандықтан, көбісі кері қайтып, өздерінің қалыпты тіршіліктерін жалғастыра береді екен.
Енді қазір Греховкадағы оңалту орталығының ашылуымен күрмеуі қиын түйткілдің түйіні тарқатылды. Басында баспанасы жоқ бейбақтар бұрынғыдай көше кезіп, далаға түнеп, қоқыстан қорек іздемейді енді. Індет боп жабысқан ішімдікті де татып жүрген жоқ қазір. Денелеріне сіңіп алған мүңкіген жағымсыз иістен арылған, саталақ-саталақ киімдерін тазасына ауыстырып киген. Жататын орындары жайлы, ішер астары алдында. Тек олардан талап етілетіні – орталықтан оңалып шыққан соң, кезбелікке салынбай, ел қатарлы өмір сүру, еңбек ету…
Біз мінген көлік екі қабатты «Әлеуметтік бейімдеу орталығының» алдына келіп тоқтағанда, аула сыпырған екі-үш адам жүрді. Ішке кіргенімізде ұзын дәліздің қос қапталындағы бірнеше бөлменің есігі айқара ашық екен, арғы жағында жиһаздардың шаңын сүртіп, еден жуған адамдар қарасы көзге шалынды. Жайдары жүзбен қарсы алған орталық директоры Роман Горенков мән-жайды білген соң, бізге ғимаратты аралатып, енді ғана ашылып жатқан мекеменің жұмысын таныстыра бастады.
– Мынау емделушілердің жататын орындары, мынау асхана, мынау демалыс бөлмесі, бұл жерде олар бірге отырып теледидар көреді, кітап оқиды, шахмат ойнайды. Әйелдер тоқыма тоқып уақыттарын өткізеді, – деп ол бәрін көрсетіп жүр.

Алдымен медициналық тексеруден өтеді

Бір есікті ашқанымыз сол еді, арғы жағынан қолқаны қабатын күлімсі иіс бұрқ ете қалды. Сөйтсек, ол бөлмеде жаңадан келгендерді тексеруден өткізіп, киім-кешектерін алып қалатын көрінеді. Егер әлгі киімдер киюге жараса жуылып, дезинфекция жасалып иелеріне қайтарылады, болмаса отқа тасталып, орнына басқасы беріледі. Емделушілер жуынғаннан кейін медициналық тексеруден өтеді. Он күнге созылатын тексеру процесінде қаңғыбастар оқшаулау бөлмесіне орналастырылады. Штаттағы дәрігерлер емделушінің денсаулығын мұқият тексеру кезінде еш кінәрат таппаса, қабылдауға рұқсат береді. Ал егер ауру анықталса, емделуге жібереді. Тәртіп солай.
Байқауымызша, бейімдеу орталығындағылардың бәрі дерлік орта жастан асқан жандар екен және олардың арасында қаракөз қандастарымыз көрінбегені қуантты. Біз келгенде бейімдеу мекемесі енді ашылып жатқандықтан, оңалуға ниеттілер саны он бестің үстінде ғана еді. Қазір біршама көбейген. Ал штаттағы қызметкерлер жиырманы құрайды, оның ішінде екі дәрігер мен төрт медбике, аспазшылар, әлеуметтік қызметкерлер бар.
Орталықтың қызметінде оңалтумен қатар емделушілердің құжаттарын рәсімдеу, жұмыс тауып беру, мүмкін болса, тұрақты бір жерге орналастыру, мамандықты меңгеру үшін оқыту секілді көмектер қарастырылған. Былайша айтқанда, міскіндердің толыққанды адам санатына қосылып, қоғамның мүшесіне айналуына барынша мүмкіндік туғызады.
– Әлеуметтік қызметкерлеріміз олардың жоғалтып алған құжаттарын қайта қалпына келтіруге, жасы толғандардың зейнетақысын рәсімдеуге және басқа жұмыстарына көмектеседі. Мұнда бір жылға дейін тұруға рұқсат бар, осы уақыт ішінде жаңағы айтылған мәселелердің бәрін шешуге тырысамыз, – дейді Алена Шушенькова.
Екінші қабаттағы бөлмелерді аралап тауысқан соң, төмендегі асханаға бас сұқтық. Піскен астың бұрқыраған иісі танауды бірден қытықтап ала жөнелді. Күлім қағып алдымыздан шыққан аспазшы әйел амандық-саулықтан кейін өзіне жүктелген міндетті сыдыртып түсіндіре бастады.
– Күніне үш рет тамақ береміз. Шынымды айтайын, мұндай құнарлы, дәмді тағамдарды кейбір отбасылардың дастарқанынан кездестіре алмайсыз. Біріншіге сүтпен араласқан ботқа болса, екіншіге малдың, құстың етінен жасалған гарнирі бар тамақтар дайындалады. Оған қоса, жеміс-жидек, көкөністеріміз тағы бар, – деді бас аспазшы Людмила Колмакова.

Еңбек терапиясы бар

Ғимарат электр қуатымен жылынады, бұрын қатты отынды пайдаланыпты. Бөлмелері жылы, бейнебақылау камералары орнатылған, арнайы күзет қызметінің өкілдері барлығын монитордан бақылап отырады. Мамандандырылған арнайы күзет қызметімен келісім жасалғанша, әзірге бұл міндет орталыққа алғашқылардың бірі болып орналасқан Владимир Кучеровқа жүктеліпті.
– Уақытша күзет қызметін атқарып отырмын. Жасым алпыс бірде. Бұйыртса, екі жылдан соң зейнетке шығам ба деген дәмем бар. Бейімдеу орталығының мамандары зейнеткерлікке шығуға қажетті құжаттарымды реттеп, рәсімдеуге көмектесуде. Бұрын ұзақ жылдар кеніште еңбек еттім, кейіннен жұмыстан босағанда ішімдікке әуестеніп кеттім. Арақтың кесірінен барымнан айырылдым, жалғыз қалдым. Денсаулығымды құрттым. Өздігімнен жүріп-тұрғаныма, аяқ-қолымның саулығына шүкірлік етемін. Осы жерден емделіп қатарға қосылып кетсем, ары қарай жұмыс істеп, бәлкім өмірімнің қалған бөлігін бірге өткізетін жалғызбасты әйелді кездестірем бе,кім білсін?! – деген жанарын сығырайтып әйнек жаққа ойлана көз тастады.
Тері күртеше киіп, бүкшиіп отырған дудар бас ер адам сыртқы сықпытынан көзге қораш көрінгенмен әңгімешіл екен. «Қаңғыбастар ішімдіктен басқа не ойлаушы еді? дейтінбіз әдетте, бірақ олармен жақын тілдесіп, ішке түйгендерін суыртпақтаған соң,бұл ойымыздан айнып қалдық. Рас, олардың арасында да достық қарым-қатынасты ұстанатындар жетерлік екен. Қаңғыбастардың бір үзім нанды бөліп жейтіні, қиын-қыстау сәттерде бірін-бірі тастап кетпейтіні таңғалдырды. Ақырын сұрастырсақ, кезбелердің өздеріне тән түсініктері, жазылмаған ереже-тәртіптері болатынға ұқсайды. Әрқайсысы өздері бөліп алған аумақтан аспай нәпақа тауып, тіршілік етеді.
Мекеме дәрігерлерінің айтуынша, емделушілердің бәрі ерік-жігерінен айырылған, тағдырдың тәлкегіне түскен жандар. Оңалту орталығы осындай адамдарға қолдан келгенше көмекті аямайды. Әсіресе, күнделікті жүргізілетін еңбек терапиясы олардың түзелуіне үлкен септігін тигізеді дейді мамандар.

Тақырыпқа орай

Бұл күнде мамандар тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды «биологиялық бомбаға» теңеп, олардың қоғамға қауіптілігін дабыл қағып хабарлауда. Себебі, далада түнеп, қоқыс аралап, қалдықтармен тамақтанатын қаңғыбастардың антисанитария салдарынан түрлі жұқпалы дерттерге шалдығатынын дәрігерлер дәлелдеп отыр. Олар ауруды өздері жұқтырып қана қоймай, айналасына тарататынын ескерсек, шынымен «биологиялық бомба» демеске лаж жоқ. Мәселен, Украина мемлекетінде тырысқақ (холера) және оба ауруларына шалдыққан бірсыпыра адамның денсаулығын зерттеген медицина қызметкерлері бұл қауіпті сырқаттар қаңғыбастар арқылы жұқтырылғанын анықтаған. Төтенше жағдайға байланысты аталған елде кезбелерді оқшаулап, жаппай тексеру амалдарын жүргізу қолға алынған. Мамандар осының бәрі тұрақты мекені жоқ адамдарды бақылауға алып, оларды оңалтумен айналысатын арнайы орталықтардың аздығынан екенін айтқан.
Демек, Зырян ауданында ашылған әлеуметтік бейімдеу орталығы осындай қауіп-қатердің алдын алуға, сақтандыруға, ең бастысы, аяғын шалыс басып, тағдырынан таяқ жеген жандарды туыстарының ортасына қайтып оралуына қол ұшын береді деген үмітіміз басым. Орталықтың құрылғандағы мақсаты да осы еді ғой…
Вырезка
Интернеттегі деректерге ден қойсақ, халықаралық зерттеуші мамандардың жүргізген бейресми есебі бойынша, әлемде 100 миллионнан астам қаңғыбас бар көрінеді. Мұның 100 мыңдайы біздің елімізде жүр.

Серік Әбілхан

Зырян ауданы

Осы айдарда

Back to top button