Қоғам

Аяз ата не істеп жүр?

Аяз ата не істеп жүр?


Өскемендегі мамандандырылған балалар үйінде таңғажайып шара өтті. «Жаз дегеніміз не?» мерекелік концерті Балаларды қорғау күніне орайластырылған, әлбетте.

Қарапайым істі ғажайып қылған балдырғандардың бал қылығы еді. Бірі көбелек, бірі қоңыз боп киініп, келген қонақтарды көз талдырып күтіп жүрген ата-аналарын көргендей қуанып қарсы алды. Мерекелік концерт басталысымен, таңдайлары тақылдап тұрып тақпақ айтқанда, күлкіге қарық болмаған ел қалмады. Балалар бәрінен де мезгілсіз жетіп келген Аяз атаны ерекше қуанып қарсы алды. Балдырғандардың көңілді дауысы мен жарқын-жарқын шыққан күлкісін естіген ақсақал байыз тауып жата алмаған көрінеді. Тек ақ қар мен көк мұзға бой үйреткен қария мұндағы жаз мезгіліне таңғалып, сәл абыржып қалған еді. Осы сәтте балдырғандар жаздың не екенін аталарына түсіндіріп бақты. Бірі жайдарлы мезгіл туралы тақпақ айтса, бірі ән шырқады. Найзағай дауысынан қорыққан атаны ақылға шақырып, жаңбыр жаздың сәні екенін айтты бүлдіршіндер. Жаздың да жайлы мезгіл екенін түсініп, балаларға дән риза болған Аяз ата мәрт мінезіне басып, сыйлықтарын ұсынды.

– Балалар үйінде табан аудармай 25 жыл қызмет жасадым. Жаутаңкөз балақайлардың киімін де, асын да дайындаймын. Оған тек қуанамын. Негізі, бұл жерде көңілді. Ән-биіміз таусылған емес. Тек бір сәт бейкүне балдырғандардың ата-анасыз екенін ойлап, жүрегім шаншып кетеді. Бір күні әке-шешелері келіп, алып кетсе ғой деп армандаймын. Оған дейін «тәттілерді» ана мейіріміне жарытып өсіремін, – дейді тәрбиеші Татьяна Белоусова.

Шара соңында осы уақытқа дейін де аталмыш мекемеге көмек қолын созып келген атымтай азаматтар балаларды сыйлықтарымен қуантты. Бұл күні балалар көппен бірге отбасы жылуын сезінгендей еді.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button