Қоғам

Аяулым ақ Олимпиадаға қатысуды армандайды

Аяулым ақ Олимпиадаға қатысуды армандайды

Еліміздің І қысқы жастар ойындарында өскемендік Аяулым Әміренова фристайл могулда жұптасып өнер көрсетуде алтыннан алқа тақса, фристайл-могулда екінші, фристайл-акробатика түрінен үшінші орындарды иеленді. Бір жылда қатарынан үш медальды олжалаған талапты қызбен Өскеменнің іргесіндегі «Алтай альпісі» тау шаңғысы базасында осыдан екі жыл бұрын танысқанбыз…
– Қызымыз өжет, төрт жасында шаңғыға тұруды үйреттік. Бастапқыда тастап кететін шығар деп ойлағанымыз рас. Бірақ олай болмады, керісінше, Аяулымның бойында фристайлды үйренсем деген құштарлық уақыт өткен сайын күшейе түсті. Сергей Аксенов деген жаттықтырушыға тапсырдық. Содан бері, міне, сегіз жылдан асты, фристайлдың басқа түрлерін де қызығушылықпен меңгеруде, – дейді фристайлшы қыздың ата-анасы Серік пен Гауһария Әміреновтер.
Иә, қызығы мен шыжығы көп қысқы спорт түрлерінде қаракөз қандастарымыздың есесі кетіп жүргені жасырын емес. Бұған кешегі елімізде өткен Азиада ойындарында ел атынан сынға түскен саңлақтарымыз арасында өзге ұлт өкілдерінің көп кездесуі – соның айғағы. Ал Аяулымның фристайлға аса жоғары ықыласпен ден қойып, оны терең меңгере бастағаны қуантып отыр бізді. Қаршадай қыздың ата-анасы да балаларының бұл қалауын қолдап-қоштаудан шаршаған емес. Айталық, Зайсан ауданындағы «Әмірен» шаруа қожалығын басқаратын Серік қат-қабат шаруаға қарамастан, бәрін ысырып қойып, жұбайы Гауһариямен бірге қыздарын Алматыда өткен Азия ойындарына ертіп барып, көрсетті. Ондағы мақсат белгілі, Табағандағы фристайл жарысын өз көзімен көрсе, тәжірибелі спортшылармен жақын болса деген тілек.
– Аяулымның бойындағы қайсарлығы, болашаққа деген кәміл сенімі қуантады. Қазақ қыздары арасынан еліміз тәуелсіздік алғалы бірде-бір Олимпиада чемпионы шықпаған екен. Ендеше, Аяулым бұл статистиканы өзгертер деген үмітіміз бар, соған тілектестік білдірейік, – дейді облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев.
Ал Аяулымның бапкері Сергей Павлович болса шәкіртінің қазіргі аяқ алысына ризашылығын білдіре отырып, әлі де көп іздену, жаттығу қажеттігін айтады.
– «Алтай альпісі» тау шаңғысы базасында жасөспірімдер арасында фристайлдан ел біріншілігінде чемпион атандым. Фристайл – қазақтың ұл-қыздары үшін игерілмеген аса күрделі спорт түрі. Сегіз жылда оның қыр-сырына қаныға бастадым. Енді төрт жылдан кейін Оңтүстік Кореяда өтетін ақ Олимпиадаға қатысу арманым. Сол үшін барымды салып еңбектенемін, – дейді қайсар қыз Аяулым Әміренова.

Оңдасын Елубай

Осы айдарда

Back to top button