Қоғам

Аяқталмаған құрылыстарға қаражат бөлінеді

Аяқталмаған құрылыстарға қаражат бөлінеді

Бүгінгі күні өңірде он және одан да көп жылдан астам уақыт бойы әртүрлі себептерге байланысты құрылысы аяқталмай келе жатқан 127 нысан бар. Осы «сақалды құрылыстарды» қаржыландыру үшін биыл облыстық бюджеттен шамамен екі миллиард теңгеге жуық ақша бөлінбек. Өскемендегі құрылыс нысандарын аралау барысында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ осылай деп атап көрсетті.
Қазына қаражатының мақсатты игерілуіне және орындалатын жұмыстың уақытында, әрі сапалы болуына жете мән беретін аймақ басшысы Өскеменде салынып жатқан құрылыс нысандарына тағы да айналып соқты. Тағы да дейтін себебіміз, бұған дейін бұл жерлерге бірнеше рет ат ізін салып, жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берген-ді. Ендігі жерде тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын көзімен көру үшін, жалпы құрылыс барысын тексеру мақсатында облыс әкімі алдымен қан орталығына келді. Биылғы көктемде қолданысқа беріледі деп жоспарланып отырған әлеуметтік мекеменің негізгі жұмыстары толығымен аяқталған екен, ұсақ-түйек шаруалар ғана қалыпты. Ең бастысы, аймақ басшысы берген тапсырмалардың дер кезінде орындалғаны қуантады. Ғимараттың ішін аралау кезінде тиісті сала мамандары облыс әкіміне техникалық күрделі медициналық құрал-жабдықтарды көрсетті. Осыдан төрт жыл бұрын еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі сатып алып, қоймада сақталып тұрған заманауи құрал-жабдықтарға көп ұзамай диагностика жасалып, іске қосылмақ. Ол үшін ең бірінші жабдықтарды орналастыратын бөлменің ішкі әрлеу жұмыстарын түгелдей бітіру керек. Облыс әкімі құрылысқа жауапты мердігер мекеменің басшысына ішкі шаруаларды жылдамдатып аяқтауды ескертті.
– Қазір біздің облыста әртүрлі себептермен құрылысы аяқталмай келе жатқан 127 нысан бар. Біз оларды орта жолда қалдырмау үшін жергілікті бюджеттен екі миллиард теңге ақша бөліп, қосымша қаржыландырамыз. Себебі, осыған дейін аталған құрылыстарға қазынаның қыруар қаражаты жұмсалды, жұмыстың басым бөлігі орындалып қойды. Қалған аз-кем бөлігін аяқтауға қажетті ақшаны табуға болады. Мемлекет ақшасын тиімді пайдалану біздің қазіргі басты мақсатымыз. Президентіміз де өзінің берген тапсырмасында мемлекеттің ақшасын үнемдеу үшін алдағы жылдары жаңадан құрылыстарды бастамай, керісінше аяқталмай тұрған нысандарды қолданысқа өткізуге күш салуға міндеттеген. Біз осыны естен шығармауымыз керек, – деп түсіндірген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қан орталығының қазіргі жағдайына оң бағасын берді.
Аймақ басшысы сөз арасында стратегиялық маңызға ие қан орталығында мемлекет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі дұрыс жолға қойылғанына көңіл бөліп, бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатынын айтты.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ЖМК ықшамауданында іргетасы енді ғана қаланып басталған, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы қаржыландырылатын тұрғын үй кешенімен танысты. Ілияс Есенберлин даңғылында орналасқан бұл кешенде барлығы 658 пәтерлі 9 тұрғын үй болады. Өткен жылдың соңына қарай басталған құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «ВК Техногрупп» ЖШС атқаруда. Жобаның құны – 6 557,7 миллион теңге. Қолданысқа беру мерзімі – 2016 жылдың бірінші тоқсаны. Қазір кешенде іргетас құю, арматураларды құрастыру жұмыстары іске асырылуда. Нысан қажетті құрылыс материалдарымен толық қамтылған.
Облыстық драма театр мен оңалту орталығында да қызу еңбек жүріп жатыр екен. Алғашқысында, яғни, театрдың құрылысында жұмысшы күші жеткіліксіздеу. Мердігер мекеме басшысы жақын күндері жиырма маман келіп, қазір істеп жүрген 150 жұмысшыны толықтыратынын жеткізді. Өз кезегінде облыс басшысы бұған дейін берген тапсырмаларының орындалуын қадағалап, жаңа ғимараттың кейбір келіспей тұрған тұстарына түзетулер енгізу керектігін айтты. Сонымен қатар, оңалту орталығының қасбетіне байланысты жобаға сәл өзгертулер енгізуге тапсырма берді.
– Орталықтың сыртқы келбеті, кіреберіс қасбеті әдемі болуы керек. Көзге ерекше көрініп тұрса қандай жақсы. Бұрынғыдай қатып қалған дизайнды сәл өзгешелеп, тартымды етіп жасауға болады. Сондықтан әлі де болса ғимараттың қасбетін өзгерткен дұрыс. Тиісті мамандар осы жағын ойланып, келесі жолы келгенде әзірлеген бірнеше нұсқаны маған көрсетіңіздер, – деп тапсырды аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button