ТОП

Аялдамада жоғалған алтын уақыт

Балауса Қожаева

№7 автобусты Қасым Қайсенов аялдамасында күтіп тұрғаныма шамамен бір сағаттай болды. Далада қар аралас жаңбыр. Ал такси бағасы шарықтап тұр. Қарапайым халықтың дабыл қағатын жөні бар. Ендеше қоғамдық көліктердің сирек жүруіне не себеп? Әлде автопарктер қысқы маусымға дайын емес пе?

Әлеуметтік желіде қоғамдық көліктердің мәселесі жиі көтеріледі. Әбден тозығы жеткен автобустар не қирап қалады, не жүріп келе жатып өртеніп кетеді. Естеріңізде болса, былтыр ғана №13 автобус жүріп келе жатып өртеніп кеткен еді. Құдай сақтап, ешкім зардап шеккен жоқ дегенімізбен автобустың зардабын халық тартып-ақ жүр. Бұл сөзімізге аялдамада сағаттап тұратын жолаушылар куә.

– Декретте отырған ана болғандықтан қоғамдық көлік мәселесі жайында тек жаңалықтардан естіп жүретінмін. Осы жолы емханаға бару керек болып, аялдамаға шыққан едім. Қанша уақыт күткенімді білмеймін. Бірақ суық жел сүйектен өтті. Бұрын мұнша ұзақ күтпейтін едік. Ақыр соңында такси шақыруға тура келді. Біріншіден, тоңып кеттім, екіншіден үйде баламды анам бағып отырған, – дейді тұрғын Ақгүл Тойбазарова.

Расымен такси қызметіне сұраныс артып тұр қазір. Бағасы да аспандаған. Діттеген жерге кешікпей жету үшін такси шақыруға тура келеді. Алайда, қымбатшылық жайлаған заманда күнделікті жолға 1000-2000 теңге жұмсау кім-кімге де тиімді болмасы анық. Жеті бірдей жолаушы тасымалдайтын компаниясы бар қалада автобус мәселесінің жиі көтерілуі ақылға сыймайды. Алғаш аяз түскенде компаниялардың біріндегі 80 автобустың, 35-і жолға шықпаған көрінеді.

– Аязды күндері қоғамдық көліктердің тежегіші істен шыға бастады. Жанармай да сапасыз екен. Осыған байланысты біраз көлік жолға шықпады, – дейді тасымалдаушы компания директорының орынбасары Виктор Рымарев.

Қоғамдық көліктердің сиреп кетуіне жоғарыда айтылған мәселелер ғана себеп емес. Өйткені кадр тапшылығы да бар. Жылдар бойы тасымалдаушы компаниялардың айтатын уәжі осы. Ал бұған қатысты жауапты мамандар тасымалдаушы компанияларға онсыз да көмек көрсетіліп жатқанын алға тартады.

– Жолаушыларды тасымалдап отырған мекемелерге субсидия бөлінді, 70-тен асқан адамдар үшін жеңілдетілген бағаның айырмашылығын қайтарып отырмыз. Балалардың, көпбалалы аналардың автобуста тегін жүруіне жол жүру билетін береміз, оның да ақшасын қайтарып береміз. Тасымалдаушыларға берілетін көмек қаржының көлемі 1 миллиард теңге көлемінде. Қазан айынан бастап бұл сомма беріліп жатыр, – дейді қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Абзал Мәулетханов,

Ал тозығы жеткен автобустардың орнына жаңасы қашан шығады? Бұл сұраққа аймақ басшысы Даниал Ахметов астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді.

– Қазіргі таңда 13 жаңа автобус келді. Біз қаладағы мекемелерге субсидия төлеп отырмыз. Оның жалпы сомасы – 996 миллион теңге. Алдағы уақытта тағы да 47 жаңа автобус сатып алынады. Қазір біз «Даму» қорымен келіссөз жүргізіп жатырмыз, көп ұзамай кәсіпкерлерге көмек беріледі. Бұл мәселе шешімін табады, – деді облыс әкімі.

Иә, Шығыстың қысы қатал. Аяз түскенше мәселе шешілер деп сенеміз. Ал ол үшін жолаушы тасымалдаушы компаниялар алдымен кадр тапшылығын жойып, желіге автобустарды шығаруы тиіс және көлік қирап қалмауы үшін алдын ала тексеру жүргізу қажет екенін айтады мамандар. Сонда ғана адамдар алтын уақытын аялдамада жоғалтпайтын болады.

Сурет авторы: Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button