Қоғам

Аягөзге инвесторлардың назары ауып тұр

Аягөзге инвесторлардың назары ауып тұр

Аягөз ауданы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындысы бойынша өткен жылды облыс көлемінде бірінші орынмен аяқтады. Соңғы кезеңде ауданның агроөнеркәсіп саласына қомақты инвестициялар тартылуда. Өңірдің кенге бай қойнауы индустриялық жобалардың жемісті жүзеге асуына мүмкіндік ашып отыр. Өлкенің тыныс-тіршілігіне тың серпін берген жобалардың келешегі мен ағымдағы жылға жоспарланған шаруалар жөнінде аудан әкімі Бақытжан Байахметов баяндап сұхбат берді.

Мал басы артып, техникамыз жаңаланды

-Бақытжан Кәкенқажыұлы, өзіңіз туып-өскен Аягөз ауданына әкім болып келгелі бір жылдан асыпты. Өткен жыл аягөздіктердің есінде несімен қалды деп ойлайсыз?
– Расымен бұл өлке маған етене таныс. Қызмет жолым да Аягөзбен тікелей байланысып жатыр. Сондықтан бұл қызметке келе салып агроөнеркәсіп кешенін дамытуды қолға алдық. «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында 100 жоба дайындалды. Облыс көлемінде осы бағдарламаға қатысты қаржы институттарының басшылары мен кеңесшілері бірнеше мәрте ауданға шақыртылып, ауыл шаруашылық құрылым басшыларына жұмыс жүргізудің тәртібін түсіндірді. Нәтижесінде аталған бағдарлама шеңберінде ауданға жалпы 1,2 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Жалпы өткен жылда агроөнеркәсіп кешенінде 17 млрд. 158 млн. 600 мың теңгенің өнімі өндірілді.
-Бұл бастамалар аудандағы мал басының артуына әсер етті деуге бола ма?
-2016 жылдың 1 қаңтарына ірі қара мал саны – 64604 басқа, қой-ешкі – 247495 басқа, жылқы – 27031 басқа, құс – 35890-ға көбейді. Тек ұсақ малдың санында өсім байқалмады. 2014 жылмен салыстырғанда ірі-қара мал 103,6%, қой-ешкі – 94,9%, жылқы – 113,5%, құс – 100,5% пайызға жетті.
Саладағы осы серпіліс ауыл шаруашылығына қажет техниканы жаңалау және көбейту талабын туғызды. Осы жағы ескеріліп, серіктестіктер мен шаруа қожалық басшыларына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде өткен жылы 364 млн. теңгеге 74 трактор, 66 ауылшаруашылық техникасы алынды. Осы алынған техникалар үшін 15 шаруа қожалыққа мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия ретінде 37 млн. 874 мың теңге қаржы төленіп отыр.
-Аудандағы ет өңдеу комбинатының құрылысына тоқталып өтсеңіз.
– Иә, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін арнайы инвестор тартылып шағын ет комбинатының құрылысы басталып кетті. Жалпы құны 170 млн. теңгені құрайтын бұл жоба іске асқан жағдайда халықтың мал басын көбейтуге деген ынтасы да артатын болады. Бұл жобадан бөлек, құны 10,2 млрд. теңгені құрайтын тағы екі ірі жобаның іске асуы жоспарланған.
Жақында Өскеменде өткен халықаралық «Агроинвест» форумында «Евразия Агрохолдинг» ЖШС және «RIFA investment LLP» компанияларымен ауданымызда 14 мың тонналық ет комбинаты мен 50 мың бас қой бордақылау алаңын салу және ұсақ мал тұқымын асылдандыру жөнінде ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Осы жобалар аясында ауданымызға 9 млрд. теңгенден астам инвестиция тартылмақ. «RIFA investment LLP» компаниясы Қытай нарығындағы ірі компаниялардың бірі екенін ескерсек, бізде өндірілген өнім көрші ел нарығында да саудаланады деуге толық негіз бар.

Ет өңдеу кешені 2017 іске қосылады

-Ақтоғай кен орнының игеріле бастауы ауданда индустриялық серпіліс тудырды деуге болады. Оған соңғы жылдары өңірлік Индустрияландыру картасында Аягөздің аты жиі ене бастауы дәлел болады. Биылға жылға қандай жобалар жоспарланып отыр?
-Республикалық Индустрияландыру картасына енген Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысын қолға алған «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС өткен жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 93 млрд. теңгеден астам инвестиция игерді. Игерілген инвестиция ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуының көзі болып отыр десе де болады. Бүгінгі күні құрылыс басында 4013 адам жұмыс істеуде. Тіпті, Қазақстанның өзге облыстарынан келген құрылысшылар да жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 2015 жылы ауданнан ҮИИД бағдарламасына семейлік «Би стоун» ЖШС-нің құны 460,0 млн. теңгелік «Декоративті табиғи тасты өнеркәсіптік өңдеу» жобасы енді. Ол облыстық үйлестіру кеңесінің қарауында талқыланып, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен ҮИИД бағдарламасына енгізілді. Жоба ағымдағы жылдың сәуір айында іске қосылады деп жоспарлануда.
Жоғарыда атап өткендей, «Еurasia Agro Holding» ЖШС аудан аумағында «Ет өңдеу кешені мен мал бордақылау алаңының құрылыс» жобасын жүзеге асыру үшін 9759 млн. теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Жоба бойынша ауысымда 1400 бас қой және 200 ірі қара бордақылануы тиіс. Құрылыс кезінде 350, ал жоба іске қосылғанда 204 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобаны іске асыру үшін Мамырсу ауылдық округі аумағынан 52 гектар жер телімі берілді. Бүгінде жобаны «Индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасына енгізу жөнінде жұмыстар ұйымдастырылуда. Нысанның пайдалануға берілу мерзімі 2017 жылдың ақпан айы, ал жобаның толық қуатқа шығу мерзімі 2017 жылдың қыркүйек айы болып белгіленді.
-Көптен бері жырға айналған Аягөз-Ақсуат бағытындағы автомобиль жолын жөндеу мәселесі қалай шешілуде?
-Иә, бұл жайт бәрімізге белгілі. Биыл Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас тасжолының 78 шақырымы жөнделеді. Жазда облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өзі арнайы Аягөзден Тарбағатайға дейін автокөлікпен жүріп өтіп, жолдың жағдайын көзімен көріп, тексерген еді. Енді Аягөзден Ақсуатқа жол жүру уақыты екі есеге қысқарады. Бұл жолаушылар ағынын тәулігіне 200 машинадан 1500 машинаға дейін ұлғайтатын болады. Сондай-ақ, өткен жылы аудандық маңызы бар жолдардың 408 шақырымына тегістеу жұмыстары, 420 000 шаршы метріне құм- топырақ қосып тегістеу жұмыстары, 7000 шаршы метріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаладағы тоғыз ықшам аудан, Бөгембай батыр, Б.Момышұлы, Қабанбай батыр, Ш.Уалиханов, Х.Дүйсенов, Гагарин, Ақтамберді, Ә.Тәңірбергенов, Ғ.Шәкеров, М.Әуезов көшелеріне, Абай желекжолына шұңқырларын жөндеу жұмыстары жасалып, Е.Рахимов, Нұралинов көшелеріне асфальт төселді.

Қаржы үнемдеуді қазандықтардан бастадық

– Аудан орталығы тоғыз жолдың торабында жатқанын өзіңіз де айтып өттіңіз. Келімді-кетімді адамы көп шаћарды абаттандыру жағы қалай жүзеге асып жатыр?
– Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Боздақтар» кешенінде Кеңес Одағының Батыры жерлесіміз, Мұқатай Әбеуловке ескерткіш және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған монумент орнатылып, «Майдангерлер» кітабы шықты. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қу дауысты Құттыбай бидің ескерткіші қойылып, «Киелі аймақ» кітабы жарық көрді. Осы мереке аясында «Қазақстан барысына» іріктеу бойынша қазақ күресінен Казақстан Республикасының біріншілігі біздің қаламызда өтті. Жалпы, аудан бойынша «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында барлығы 88 млн. 755 мыңға 87 жоба орындалды.
-Елбасының тапсырмасы бойынша еліміз бойынша қаржы үнемдеудің түрлі шаралары қолға алынуда. Дей тұрғанмен, білім беру, денсаулық сақтау сынды әлеуметтік міндеттемелерді толықтай атқару міндеті қойылып отыр. Осы бағыттарда не тындырылып жатыр?
-Өткен жылы Аягөз қаласында мемлекет пен жекеменшік серіктестік аясында 30 және 75 орындық балабақша топтары ашылып, жекеменшік балабақшалардан мемлекеттік тапсырыс арқылы қосымша 60 орындық төрт топ жұмысын бастады. Сонымен қатар, Аягөз қаласындағы 140 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстары аяқталып, жуырда ашылды. Осымен қалада балабақша проблемасы толығымен шешімін тапты.
Өткен жылы Т.Көбдіков, К.Қадыржанов атындағы және Айғыз, Рахмадиев атындағы орта мектептерінің спортзалдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2016 жылға екі ауылдық округ мектептеріне ойын алаңын салуға 10,0 млн. теңге және жеті мектепті ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 65,0 млн. теңге қаражат қарастыру жоспарланған.
Біздің ауданда бюджет қаражатын үнемдеу үшін үш мектептің электроқазандықтары ауыстырылды, қазандықтарды жалға беру арқылы сегіз мектептің және бір балабақшаның тарифтері төмендетілді. Жалпы, осы іс-шаралар арқылы жылуға берілген 21,8 млн. теңге қаражат үнемделді. Сондай-ақ, былтыр Аягөз қаласында 600 орындық мектеп қолданысқа берілді. Алайда, білім саласында шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – қалада оқушыларға орындардың жетіспеушілігі. Мәселен, Аягөз қаласындағы К.Бозтаев атындағы орта мектеп ғимараты өте ескі, оқушыларға тарлық етіп келе жатқаны жасырын емес. Бұл мәселені біз жоғарыға қойып отырмыз, шешімін тауып қалар күн алыс емес. Жалпы алғанда, Аягөз ауданы – әлеуеті орасан, болашағы жарқын өңір. Сондықтан да алда атқарар ауқымды істер жетерлік.

Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт

Осы айдарда

Back to top button