Қоғам

Аягөздіктер ұлттық өнімдерді тегін таратты

Аягөздіктер ұлттық өнімдерді тегін таратты


Өскемендегі «Freshmarket» гастрономының алдында өткен жәрмеңкеде Аягөз ауданының 23 ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин аралап көрді.

Бұл күні сиыр мен жылқы еті – 1100, қой еті – 1000, көкөністер 60 теңгеден саудаланды. Жәрмеңкеде Мыңбұлақ ауылынан келген «Бектас» шаруа қожалығының өнімдері лезде сатылып кетті. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып, таласып алды.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлібек Тоқбаевтың айтуынша, жәрмеңкеге жеті тоннадай ет, 10 тонна көкөніс, 12 тонна қауын-қарбыз әкелінген.

– Бүгінгі жәрмеңкеде ұсынылып отырған азық-түліктің бағасы 25-30 пайызға арзан. Меніңше, бұл шара біріншіден, ауылдағы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Екіншіден, қала тұрғындары үшін тиімді, – дейді Әлібек Тоқбаев.
Сондай кәсіпкерлердің бірі Бауыржан Құсақов асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысады. Оның айтуынша, бүгінде ол 247 бас асылтұқымды құнажын сатып алған.

– Қазір 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын 1500 басқа арнап қайтадан жөндеп жатырмыз. Қазақтың ақбас сиырының санын көбейтуді қолға алғаныма біраз уақыт болды. Өйткені, қазақтың ақбас сиыры – ТМД-да алғаш болып шығарылған арнаулы етті бағыттағы ірі қара тұқымы. Қазақ және қалмақ сиырын герефорд тұқымымен шағылыстыру жолымен сұрыптап алынған, жергілікті жердің табиғи өзгешеліктері мен азықтық ерекшеліктеріне әбден бейімделген, – дейді Бауыржан Құсақов.

Жәрмеңкеде аягөздіктер мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арнап қайырымдылық дастарқанын жайып, ұлттық өнімдерді тегін таратқанын айта кеткен жөн.

– Аудан басшылығына аналық ризашылығымды білдіремін. Немерем – мүгедек, 23 жаста. Оған «Үлбі» әлеуметтік мекемесі қызмет көрсетеді. Осындай жәрмеңкеде мүмкіндігі шектеулі балалардың көңілін аулап, көрсеткен құрметі үшін ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Бүгін бізге сегіз келі ет пен сүт өнімдері тегін берілді. Бұл – біз үшін үлкен көмек, -дейді Әлима Қапатаева.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button