Қоғам

Аягөзде еңселі білім ордасы ашылды

Аягөзде еңселі білім ордасы ашылды


Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Аягөзде үш қабатты, 600 орындық жаңа мектеп ашылды. Ауданның ақсақалдары, әскери бөлім командирлері мен қызметкерлері, оңтүстік қалашық тұрғындары қатысқан салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов жұртшылықты айтулы мерекемен және жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтады.

– Мұның өзі еліміздің экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік хал-ахуалының жақсара бастағанының нышаны деп түсінген жөн. Елбасының сындарлы саясатының арқасында қол жеткізіп отырған жетістіктеріміз бен алған асуларымыз бір төбе. Бүгінгі қуанышты сәтті пайдаланып, барша аягөздіктерге табыс тілеймін, – деген облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізді.

Айта кетейік, мектептің құрылысын сапалы жүргізіп, дер кезінде қолданысқа берген – «Алау» ЖШС. Мердігер компанияның басшысы – Ғалымтай Найзабеков. Жобаның жалпы құны – 1011,1 млн теңге.

Бұл – ауданда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған екінші мектеп. Осыған дейін де аудан орталығында еңселі білім ордасы бой көтерген-ді. Бастысы, Оңтүстік қалашығының жас өрендері енді қысылмай, қымтырылмай емін-еркін білім нәрімен сусындайтын болды.

– Үш ауысымда білім алу бұдан былай біздің ауданда болмайды. Осыған дейін шағын комплектілі орта мектептерде бала санының азаюы өзекті мәселелердің бірі болатын. Биыл ол проблема да өз шешімін тауып отыр. Яғни шағын комплектілі орта мектептегі оқушылар жақын жердегі білім мекемелеріне баратын болды. Оларды тасымалдау жағы да ұйымдастырылған. Өткен жылы ескі Майлиндегі оқушыларды №4 орта мектепке тасымалдау үшін «ПАЗ» автобусы, Тарлаулы ауылдық округіндегі Қ.Қадыржанов атындағы Қызылқия орта мектебіне, Ақшәулі және Тарбағатай ауылдарындағы орта мектептерге тасымалға арналған автокөліктер сатып алынған. Бүгін Оңтүстік қалашығында ашылып отырған мектеп ғимараты барша аягөздіктер үшін зор қуаныш болды, – дейді аудан әкімі Бақытжан Байахметов.

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетпейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын», – деген болатын.

– Жас ұрпаққа арнап осындай сәулетті мектеп салып берген облыс, аудан басшыларына көп рахмет. Біз өте қуаныштымыз. Заман талабына сай, барлық қажетті құрал-жабдықтары бар мұндай мектеп біздің арманымыз еді. Сол арман бүгін орындалып отыр, – дейді қала тұрғындары Әйгерім Омарбекқызы мен Дәулет Ибрагимов.

Айта кетерлігі, Оңтүстік қалашықта тұрғындар саны күн санап артып келе жатқандықтан, балабақша қажеттігі туындаған болатын. Жаңа мектептің ашылуы аудан бойынша үш ауысымды білім алу сияқты күрделі мәселені толық шешті. Енді бұрынғы №4 орта мектеп ғимараты балабақша ретінде қайта жөнделмек.
Жалпы, Аягөзде білім саласына жеткілікті көңіл бөлініп отыр. Мысалы, тек биылғы оқу жылында мектептерді қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 95 902,0 теңге бөлінді. Сол сияқты, «Менің мектебім» акциясы бойынша жергілікті кәсіпкерлер облыстық «Парыз» қорына 29 млн. теңге аударған. Осы акцияның аясында төрт химия, үш физика, тоғыз биология, 19 роботтық техника кабинеттері ашылғанын айта кеткен ләзім. Биыл мектептерді ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен 128639.9 теңге қаражат бөлінді. Әлбетте, осындай қамқорлық оқушылардың білім сапасына оң ықпал етері сөзсіз.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button