Қоғам

Аягөзде ауқымды жобалар жүзеге асады

Аягөзде ауқымды жобалар жүзеге асады


Бұл күндері облыс бойынша рейтингте бірінші тұрған Аягөз ауданы соңғы екі жылда көп өзгерді. Жақсы жағынан. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы күрт жақсарып, елдің тұрмыс-тіршілігіне де әсер ете бастағаны көзге ұрып тұр. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп, мәдениет пен білім секілді басты салалардың терезесін тең ұстап, жан-жақты өркендеп келе жатқан ауданның әкімі Бақытжан Байахметов қол жеткен табыстар, алдағы жоспарлар туралы ой бөліскен еді.

– Бақытжан Кәкенғажыұлы, өткен жылы қол жеткізген табыстарыңыз көңіл толтырарлықтай ма?

– Жалпы, Мешін жылы жаман болған жоқ. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қандай да бір дағдарысқа қарамай-ақ ілгері басып келеді. Ауданымыз негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, негізгі бағытымыз да осы сала бола бермек. Дегенмен, Аягөзге өнеркәсіп те жат емес. Соңғы жылдары мемлекетіміз бұл салаға да зор көңіл бөліп отыр. Бұл жер тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, теміржол қатынасы да жанданып келеді.

Сонымен, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2016 жылдың қаңтар-желтоқсанында 19 397,8 млн.теңге, немесе 2015 жылдың кезеңімен салыстырғанда 102,6 пайызға өсіп отыр. Агроөнеркәсіп кешенінде 19,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Осының 15,7 млрд. теңгесі, яғни, 81 пайызы мал шаруашылығына, ал 3,7 млрд. теңгесі, 19 пайызы егін шаруашылығына тиесілі болып отыр. Тұтастай алғанда, мал басының, құс санының өскені байқалады. Мәселен, ірі қара 6,7, аналығы 11,2, жылқы 5,2, құс 0,4, түйе 5,2 пайызға өсті.

– Ауыл шаруашылығы саласы бойынша мемлекетіміз ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру, мал тұқымын асылдандыру бағытын ұстанып отыр. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Иә, мұндай бағыттың мемлекет тарапының назарында болуы өте құптарлық іс деп білеміз. Өйткені, мұның тиімді жақтары тіпті, көп. Ол субсидия алу барысында болсын, сапалы мал санын өсіруде болсын анық байқалады. Сондықтан біз де осы тұрғыда жұмыстар атқарып келеміз. Мәселен, 2016 жылы аудан бойынша 43 асыл тұқымды шаруа қожалығы тіркелген, қазір барлығы да жұмыс жасап тұр. Бүгінгі таңда аудан бойынша ірі қарадан – 12, қойдан -21, жылқыдан – 10 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істеп келеді.

Сондай-ақ, Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың арқасында Өркен ауылдық округіне қарасты «Бақ Дәулет» шаруа қожалығы қой малын өсіретін асыл тұқымды шаруашылық ашып отыр. 22 ауылдық округ әкімдеріне 2016 жылға біріктіру және ірілендіру іс-шара жұмыс жоспары бекітілген болатын. Осыған сәйкес, аудан бойынша шағын шаруа қожалықтарын біріктіру және ірілендіру мақсатында ауданда сегіз ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері ашылды. Соның нәтижесінде 53 адам жұмыспен қамтылды, олардың 21-і тұрақты, ал 32-сі мерзімдік жұмысқа тартылды.

– Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер баршылық. Олардың пайдаланылуы қалай?

– Бұл расында да құптарлық жайт, мемлекетіміз жыл сайын ауыл шаруашылығына берілетін жеңілдіктерді ұлғайтып келеді. Аягөздің шаруа қожалықтары, серіктестіктері мен жеке сектор иелері оның игілігін жап-жақсы көріп отыр. Мәселен, «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 2013-2016 жылдары аралығында ауданның шаруа құрылымдары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 21 жоба орындап, 236 млн. теңгеге 1153 бас ірі қара малын алды. «Құлан» бағдарламасы бойынша да 12 жоба іске асып, 155 млн. 700 мың теңгеге 560 бас жылқы малы алынды. Сол сияқты, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша жеті жоба орындап, 65 млн. 700 мың теңгеге 2563 бас ұсақ мал сатып алынды. Ал «Лизинг» бағдарламасы бойынша 258 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 633 млн. 800 мың теңге қаржы жұмсалып, ауыл шаруашылығы техникасының қатары 144 тракторға ұлғайды. Сондай-ақ, 147 млн. 100 мың теңгеге 127 бірлік өзге де ауылшаруашылық машиналары алынды. Жалпы, осы бір жылдың ішінде ауданға 1 млрд. 289 млн. 800 мың теңге инвестиция тартылғанын атап өткім келеді.

– Ауданда ауызсу, жол мәселелері қалай шешілуде?

– Ауызсу мәселесі бойынша 19 ауылдық елді мекенде су құбырларының құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 2016 жылы тұрғындардың 83 пайызы ауызсумен қамтылды. Сондай-ақ, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында бір ауылдық округте, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында елді мекендерде тағы үш жоба іске асырылмақ, қалған тоғыз елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жалпы, соңғы жылдары аудан бойынша 1231 шақырым жолдар жөндеуден өтті. Сол сияқты, 32 жыл жөндеу көрмеген Аягөз – Тарбағатай жолы да жаңғыртылды. Қазір аудан халқы жұрттың талабы мен тілегіне көңіл аударып, Аягөз – Тарбағатай жолына қаржы бөлгізген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ жүрекжарды алғыс сезімдерін білдіруде. Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Сабильяновтың да аудан халқы үшін атқарып жатқан еңбегі алабөтен. Бұдан өзге «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында әр ауылдық округте абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Елбасымыздың білім мен денсаулық саласына ерекше көңіл бөліп, назарға алуының арқасында ауданымызда 12 жаңа мектеп пен балабақша нысандары пайдалануға беріліп, биылдың өзінде ғана 27 білім ордасы жөндеуден өткізіліп, заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Алда әлі 2 мектеп құрылысының жұмысы жоспарлануда.

– Аягөз ауданында еліміздегі ірі жобалардың бірі болып саналатын Ақтоғай кен байыту комбинаты KAZ Minerals тобы бар. Осы комбинаттың бүгінгі аяқ алысы баршамызды сүйсінтіп отыр…

– Иә, көптеген жерлестерімізге жұмыс орнын тауып беріп отырған KAZ Minerals тобы екені рас. Жалпы, KAZ Minerals тобы сульфидті кендерді өңдейтін Ақтоғай кен байыту фабрикасындағы сынақтар мен іске қосу-реттеу жұмыстарын бастады. Ақтоғай кен орнының сульфидті кенінен тауарлы мыс концентраты 2017 жылғы бірінші тоқсанның соңында өндіріледі деп көзделген.

Ақтоғайда тотыққан кеннен катодты мыс алу 2015 жылдың желтоқсан айында басталды, ал сульфидті кеннен мыс концентратын өндіру 2017 жылғы бірінші тоқсанның аяғында іске асады. Сульфидті кенді қайта өңдеу жөніндегі жылдық қуаты – 25 млн тонна. Жалпы, бұл кен орнын пайдалану мерзімі – 50 жылдан астам. Ақтоғай кен орнының операциялық шығындары халықаралық мыс өндіруші жобаларының арасында бәсекеге қабілетті болып табылады.

– Аягөзді жұрт ақындар мен батырлардың, абыздардың елі, махаббат мекені деп біледі. Осы бір қасиетті мекенде ауыз толтырып айтарлықтай қандай да бір толымды істердің атқарылуы заңды құбылыстай болып көрінеді.

– Шынында да, кезінде мұнда Ақтамбердінің, Ақтайлақтың, Шоқанның, Құрбанғали Халидидің, Абай мен Шәкерімнің, Мұхтар мен Мұқағалидың табандары тиген ғой.

Аягөз тоғыз жолдың торабында орналасқан ежелгі қала болғандықтан, мұнда келушілер де, шаһар үстін басып өтетін жолаушылар да, саяхатшылар да көп. Қаланың сәні мен салтанаты келісіп, һәм жұтынып тұруы бек абзал. Бүгінгі күні қаланы ерекше түрге енгізу жолында еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Түзу көшелердің бойына бағандар қойылып, электр шамдары жарқырады. Көше жолдары асфальттанып, газондар егілді. Әр жерге көз қуантарлық әртүрлі архитектуралық бейнелер, билер мен батыр бабаларға ескерткіштер орнатылды. Ұлттық реңкке басымдық бердік. Сондай-ақ, қаладағы 46567 шаршы метр жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. 9060 шаршы метр жерге газондар, 78 955 дана гүл егіліп, 2000 дана тал, шырша көшеттері отырғызылды. Бірнеше көше күрделі жөндеуден өтті. Қозы Көрпеш-Баян сұлу ескерткіші тұрған саябаққа шығыс үлгісіндегі қақпалар қойылды. Жоғарыда айтқанымыздай, Аягөз тарихы мен тағылымы мол қала. Бұл жерде қазақ халқының дана абыздары ғұмыр кешкені рас. Біз де, кейінгі ұрпақ та оларды ешуақытта жадынан шығаруға құқы жоқ. Сондықтан батыр болған, би болған бабаларымызға ескерткіштер орнатып келеміз. Өткен жылы жерлесіміз, Совет Одағының Батыры Мұқатай Әбеулов атамызға демеуші ұрпақтарының арқасында зәулім ескерткіш тұрғызудың сәті түсті. Осының бәрі болашақ ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің құралдары деп білеміз. Бұған дейін Қу дауысты Құттыбай би бабамызға еңселі ескерткіш тұрғызылған. Сарыарқа ауылында Ақтайлақ пен Байғара билерге, Нарын ауылдық округінде Шыңқожа батырға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды. Қазақтың хас батыры Шыңқожа Базарқұлұлының ескерткішінің салтанатты ашылуына байланысты Нарын ауылдық округінің Мәдениет үйінде «Шыңқожа батыр және Аягөз өңірінің әдеби-мәдени шежіресі» тақырыбында конференция өтіп, оған республиканың түкпір-түкпірінен тарихшы, ғалымдар мен батырдың ұрпақтары келіп қатынасты.

Бұдан өзге ауданда халықтың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын жақсарта түсу мақсатында тұрғын үйлер, жатақханалар мен мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар салынып, халықтың игілігіне жұмыс істеп келеді.

Сұхбатты жүргізген – Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button