Экономика

Аягөзде 276 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Аягөзде 276 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
Облыстық ақпарат орталығында Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметовтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында өңірдің экономикалық дамуы, сондай-ақ, алдағы жоспарлары жайында кеңінен сөз қозғалды.
Биыл Аягөзде құны 7559,3 миллион теңгені құрайтын 276 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, Өркен, Мыңбұлақ, Қопа, Ақшәулі ауылдарында су құбыры желілері тартылатын болады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы аудан орталығында 50 орындық жатақхана мен 60 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ.
Биыл Аягөзде көптен бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мектеп мәселесі де оң шешімін табатын болады. Аудандағы білім ошақтарының тапшылығын жою мақсатында ағымдағы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында екі мектеп бой көтермек.
– 2017 жылдың қазан айында Аягөзде 600 орындық мектеп лицейі қолданысқа беріледі. Осы орайда, оңтүстік әскери қалашықта да 600 орындық мектептің құрылысы басталғанын айта кеткен жөн. Биыл аудандағы үш ауысыммен оқытуды доғару мәселесі шешімін табады. Біз өткен жылы Ақтоғай кентіндегі бұрынғы қатымхана ғимаратын қайта жөндеуден өткізіп, оны ағымдағы жылдың 13 қаңтарынан бастап бастауыш сыныптарға арналған мектеп ретінде қолданысқа бердік. Сонымен қатар, Аягөздегі №3 орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оның құны – 147 миллион теңгені құрап отыр, – деді Бақытжан Байахметов.
Аягөздегі Ақтоғай кен байыту комбинатының өндіріс көлемі ұлғаяды. Осы орайда, өндіріс қарқыны мен көлемін Норильск тау-кен металлургия комбинаты, Коунрад кен орны, Балқаш байыту фабрикасы, Соколов-Сарыбай кен орны және Жезқазған мыс балқыту зауыты секілді ірі кәсіпорындармен салыстыруға болатын аталмыш кәсіпорындағы мыс қоры 5,8 миллион тонна мыс, 115 мың тонна молибденмен бағаланатынын айта кеткен жөн.
Қазір ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары бойынша облыс көлемінде көш бастап тұрған Аягөз ауданында 24 кооператив жұмыс істеп тұр. Осы кооперативтердің арқасында бүгінде ауданда 18 адам тұрақты, 35 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Аудан әкімі айтқан ең басты жаңалықтардың бірі – алдағы уақытта Ақтоғай кентіндегі тұрғын үйлерге жарық пен су құбырлары тартылатын болады.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button