Аягөздің мектептерінде жылыжайлар бой көтерді

«Өз қолыңмен өсірген көкөністің дәміне не жетсін!» деп отыратын үлкендер. Сол кезде ойлаушы едік, «басқаның бақшасында піскен жеміс топырақ тати ма?» деп. Сөйтсек, ол сөздің мәнісі әріде екен. Бұған Аягөздегі №6 жалпы білім беретін орта мектептің жылыжайын аралаған кезде көз жеткіздік.
Ел Президентінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасын болашақтарына темірқазық еткен аягөздік білім ордасының ұстаздары оқушыларды өнер мен білімге, спортқа ғана емес, адал еңбек етуге тәрбиелеуден де жалықпай келеді. Есесіне, мектеп асханасына қажетті қияр, қызанақ, картоп, сәбіз, қызылша, орамжапырақ дегендерді өз қолдарымен өсіріп, баптап, күзге салым қап-қабымен қоймаға сықап тастайды. Тіпті, өздерінен артылғандарын сатып, азық-аулақ табыс табуға да мүмкіндіктері бар.
– Білім мен өнерді айтпағанда, балаларды еңбекке баулу, оларға «Жер – ырыстың кіндігі» екенін нақты іспен ұғындыру мұғалімдердің алға қойған мақсаттарының бірі. Біздің мекеме бұрыннан қосалқы шаруашылықпен айналысады. Мәселен, өткен жылы 300 келі қызылша, 300 келі сәбіз жинадық, одан басқа қияр, қызанақ, орамжапырақ секілді көкөністер тағы бар. Бұл өнімдер мектебіміздің интернатында тұратын 125 оқушыға, сол сияқты асханадан ас ішетен басқа да балаларға қыс бойы қорек болды, – деген мектеп директоры Ләззат Молдашева ағымдағы жылы былтырғыдан да мол өнім алу жоспарланғанын айтты.

Оған мүмкіндік бар. 2013 жылы аталған білім ошағы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы арқылы қомақты грантқа қол жеткізіп, заманауи жылыжай құрылысын жүргізіп алды. Биыл ондағы жер теліміне алғашқы тұқым себілген. Қиярдың 300 түп көшеті, дәл осынша мөлшерде қызанақ көшеті отырғызылған. Жылыжайдағы жоғары температура мен күн сәулесінің ішке еркін түсуі олардың өсіп-өнуіне мейлінше қолайлы жағдай туғызған. Нысанның Ресейде өндірілген құрастырмалы темір қаңқасы кез келген дауылға төтеп беретіндей берік болса, түссіз поликарбонат материалынан жасалған жабыны іштегі жылуды сыртқа жібермейтін қасиетімен ерекше.
Поликарбонат материалының пленка немесе шыныға қарағанда көп артықшылығы бар. Пленкалық жабын сенімді емес әрі жыл сайын ауыстыруды қажет етеді (желдің, шаңның, күннің, жауын-шашынның және ауа райының әсерінен тез тозады), ал шыны нәзік әрі қымбат материал, оны монтаждау және пайдалану да күрделі. Ал поликарбонат жауын-шашын мен ультракүлгін сәулелерге төзімді, жарықты жақсы өткізеді, ал оның өз кезегінде өнімдердің тез пісіп, жетілуіне әсері мол. 10 жылдан артық қызмет ететін мұндай материал барлық ауа райы жағдайына төзімді болғандықтан, қыс кезінде бұзып, жинауды қажет етпейді.
БҰҰ-ның Даму бағдарламасына қатысуға мұрындық болып, осы жобаның жүзеге асуына атсалысқан аудандық мәслихаттың депутаты Төлеухан Бозтаевтың айтуынша, Аягөзде дәл осындай үш жылыжай бар. Үшеуі де мектептердің жанынан халықаралық бағдарлама қаржысына бой көтерген. Олардың біреуінің құны – 2 млн. 400 мың теңге.
Жылыжайда тамшылатып суару тәсілі қолданылады. Бұл суды үнемдеп жаратуға тиімді. Сыйымдылығы әжептәуір пластик бөшкеге суды бір толтырып алса болғаны, бір айға жетеді.
– БҰҰ-ның Даму бағдарламасына қатысқан кезде жобаның мақсаты деген тұсына: «Біріншіден, оқушыларды еңбекке баулу, екіншіден, бюджеттік қаржыны үнемдеу, үшіншіден, балаларға экологиялық таза тамақ беру» деп жаздық. Алдағы уақытта мектеп ұжымы осы мақсаттарды басшылыққа ала отырып жұмыс істейтін болады, – дейді депутат Төлеухан Бозтаев.
Иә, маңдай термен келген өнімді базардағымен салыстыруға келмейді, әрине. Экологиялық таза, ешқандай қоспасыз табиғи жолмен өсірілген, құнарлы. Айталық, Қытайдан әкелген жеміс-жидектер қазір сауда орындарында самсап тұр. Көздің жауын алады, бірақ олардың дәм татуы жоқ. Ал өз бақшаңызда, туған жердің құнарлы топырағында өнген өнімнің жөні бір басқа. Аягөздік оқушылар енді жылдағыдай күннің қызған шағын күтіп мамырға дейін жүрмейді, ерте көктемнен хабар жетісімен-ақ, жылыжайдағы шаруаларына білек түрініп кіріседі. Содан суару, шөбін жұлу, топырағын қопсыту секілді толып жатқан бақшалық жұмыстар қара күзге дейін жалғасады. Нәтижесінде, қыс бойы тұтынатын азықты өз қолдарымен жинап алады.
Серік Әбілхан
Аягөз ауданы.