Қоғам

АЯГӨЗДІҢ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ҚУАТЫ АРТАДЫ

  АЯГӨЗДІҢ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ҚУАТЫ АРТАДЫ

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Аягөз ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар нысандарды аралады. Ақтоғай кентінде салынып жатқан «KAZ Minerals Aktogay» тау-кен байыту комбинатының құрылысымен танысты.
Алдымен аймақ басшысы Ақтоғайға ат басын бұрып, ҮИИД бағдарламасына енген жобаның жүзеге асырылу барысына көз жеткізді.
– Бұл жоба тек Аягөз ауданының ғана емес, бүкіл облыстың индустриялық дамуына қосылған үлкен үлес. Жобаны іске асыру үшін 244,5 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінде оның 50 пайызы игерілген. Жыл соңына қарай тотықты кен өндіру бойынша бірінші кешен қатарға қосылады. Жоба толық қуатына көшкенде мұнда жылына 25 тонна катодты мыс пен 85 тонна концентратты мыс өндірілетін болады. Ең бастысы, жоғары технологиялар енгізілетін бұл комбинатта жаңадан 1500 жұмыс орны ашылады. Онда негізінен жергілікті тұрғындар еңбекпен қамтылады, – деп атап өтті өңір басшысы Даниал АХМЕТОВ.
2018 жылдың тамыз айында толық қуатта жұмыс істейді деп жоспарланған комбинаттың құрылыс жұмыстарында қазір тұрақты еңбекпен мыңнан астам адам қамтылған. Кешенді тұрғызу, электр желісін тарту, теміржол салу және онда қызмет көрсету, бетондау сияқты жұмыстармен қазақстандық компаниялар айналысатын болады. Оның ішінде Аягөз ауданының «Тасжол» фирмасы да бар.
Сондай-ақ, облыс әкімі жұмыс сапары барысында Ақтоғайда «Қазақмыс» корпорациясы мен облыстық құрылыс басқармасы арасындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолға алынған мектепке жапсарлас құрылысты жүргізуші мердігер мекемеге бірқатар сын-ескертпелер жасады. Жоспар бойынша құрылыс 2012 жылы аяқталып, ғимарат іске қосылуы керек еді. Бірақ олай болмады. Семейлік «Иртышгражданстрой» ЖШС құрылысты әлі күнге созып келеді. «Қазақмыс» корпорациясы тапсырыс беруші болып табылатын бұл нысанның жобалық құны – 474 млн. теңге. Егер 240 орындық орта мектеп дер кезінде пайдалануға берілсе, ақтоғайлық оқушыларды білім беру орнымен қамту мәселесі жеңілдейтіні белгілі. Алайда, құрылыс жұмыстарының қарқыны мүлде бәсең. Облыс әкімі мердігер компанияға қатысты қатаң шешім қабылдайтынын ескертті.
Аймақ басшысы бұдан кейін Мамырсу ауылдық округіндегі 52 гектар жерге құрылысы басталғалы отырған ет комбинатының жай-күйімен танысты. Жоба жетекшісі – «EurasiaAgroHolding» ЖШС. Бір ауысымда 1400 бас мал сойылып, өңделетін ет комбинаты өз өнімін Таяу Шығыс елдеріне және Қытайға экспортқа шығармақ. Мұндағы инвестиция көлемі – 2,6 млрд. тенге. Облыс басшысына серіктестік өкілдері жобаның жай-күйінен толық ақпарат берді.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Аягөздегі орталық жылу қазандығының жағдайымен танысты. Күніне 41,4 тонна, ал жылына 1 242 тонна қатты отын жағатын жылу қазандығы бүгінде ескірген, күрделі жөндеуді талап етеді.
Ал аяқталмай қалған «Аягөз құрылыс материалдары» комбинаты да біршама ауқымды шаруаны талап ететінін облыс басшысы өз көзімен көріп, қанықты. Толық қайта жөндеуді қажет ететін комбинаттың жобалық құны – 800 млн. теңге. Нысанның инфрақұрылымына бөлінген қаражаттың өзі ғана 358 млн. теңге. Жобалық қуаты жылына 6000 текше метр темір-бетон өнімдерін шығаруға қауқарлы комбинаттың ісіне де қарқын қажет екендігін облыс басшысы ескертті.
– Жалпы, еліміздің барлық саласына қажетті өнім өндіретін мұндай комбинат біздің өңірге аса қажет. Сондықтан бұл жобаның иесіне несие алуға барынша қолдау көрсетеміз, – деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Сондай-ақ, облыс әкімі Аягөздегі өзекті мәселелердің бірі екі ауысыммен оқитын мектептер екенін айта келе:
– Тәуелсіз еліміздің жыл сайын өркендеп келе жатқандығын жақсы білесіздер. Заман жақсарып, мемлекетіміз қуаттанып келеді. Соған сай жас ұрпақ та сапалы білім алуы қажет. Аягөз қаласына жаңа мектеп салуымыз керек. Өйткені, Аягөз ежелден тоғыз жолдың торабына орналасқан, тарихы терең өлке, – деді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы өзінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин мен Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметовке ауданның тұтынушыларын жергілікті жерде өндірілген сүтпен қамту жөнінде тапсырма берді.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button