Аягөз жылумен толық қамтылады

Өткен жұмада облыс әкімі Даниал Ахметовтің жұртшылықпен есептік кездесуінде аягөздік тұрғындар тарапынан жылу мәселесі көтерілген болатын. Аймақ басшысы дүйсенбі күні Аягөзге жұмыс сапарымен баратындығын айтқан еді. Соған орай Аягөз қаласына келген аймақ басшысы ат басын бірден қала ортасындағы жылу қазандығына бұрды.
Жалпы, қалаға «Аягөз жылу» ЖШС-не қарасты «Орталық» жылу қазандығы стандартқа сай жылу бере алмағандықтан, қала тұрғындарын біраздан бері жылумен уақытша «Аягөз су» мекемесі қамтамасыз ете бастаған. Аталмыш «Орталық» бу қазандығының жылу беріп келе жатқанына 44 жыл болған. Барлық құрал-жабдықтары мен құрылғылары ескірген. Заман талабына сай емес. Осы уақыт ішінде жылу қазандығына ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазандыққа көмір салып тұратын автомат құрылғы бұзылғандықтан, бұл жұмыстардың бәрі де екі жылдан бері қолмен атқарылады. КЕ-10-14 деп аталатын екі, ДКВр 6,5-13 деген бір бу қазандығы, үш үнемдегіш-экономайзер, үш жылу айналдырғышы тиісті нысандарға жеткілікті мөлшерде жылу бере алмай тұр. Жергілікті билік қыс ортасында орын алған бұл кемшілікті жоюды қолға алды. Алайда ескірген жылу қазандығын басынан аяғына дейін қақаған қыста жөндеп шығу мүмкін емес. Облыс әкімі Даниал Ахметов жылу қазандығы орналасқан ғимараттың ішіне кіріп, мәселенің мән-жайына қанығып,тұрғындарымен жүздесті.
-Ең алдымен, мен Сіздердің шыдамдылық танытқандарыңызға алғыс айтамын,- деді Даниал Ахметов кездесуге келген қала тұрғындарына. – Сіздер қыс ортасында еш әрекет жасай алмайтынымызды түсіне білдіңіздер. «Сабыр түбі – сары алтын» деген бабаларымыз. Міне, бұл істі біз қолға алдық. Аягөздің жылу жүйесіне 250 миллион теңге қаржы қарастырып отырмыз. Меншік иесінен сатып алып, бу қазандықтарын толығымен жаңартамыз. Бұл жүйе қыруар қаржыны талап ететіні белгілі. Енді үш қазандықты да жаңадан қоямыз. Бірер күнде жұмыстар басталады. Амандық болса, биылғы 1 қыркүйекке дейін Аягөз қаласы жаңа жылу қазандықтарымен толық қамтамасыз етіледі. Сәрсенбі күні арнайы мамандар келіп, бұл істі бастайтын болады. Алматыдан да арнайы мамандарды шақыртып отырмыз. Біз бұл мәселені толығымен шешеміз. Жалпы, мен осы бір жылдың ішінде сіздерге алтыншы рет келіп тұрмын. Меніңше, біз айтқан барлық уәделердің үдесінен шығып келе жатырмыз, – деді облыс басшысы Даниал Ахметов. Облыс әкіміне алғыс сезімдерін білдірген қала тұрғындары да баршылық.

-Осыдан екі күн бұрын қаламыздағы жылу мәселесі жайлы сіздің жұрт алдында есеп беру кездесуіңізде көтерген едім. Міне, екі күн өте салысымен өзіңіз келіп, біздің күрмеуі қиын түйінімізді шешіп беріп жатырсыз. Өткен жылы болған су тасқынының зардабын жою барысында да сіз Аягөзге бірнеше рет келіп, жағдайды бақылауда ұстап отырдыңыз. Сізге де, өзіңіздің тапсырмаларыңызды бұлжытпай орындап жатқан ауданымыздың билік өкілдеріне де алғысымызды айтамыз, – деді аягөздік Роза Доғалова. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлшара Жағыпарқызы мен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әлібек Тоқбаев та облыс әкіміне ризашылықтарын білдірді.
Облыс басшысы бұдан кейін бес қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Бұл жобаның құны – 357,5 млн. теңге. Тапсырыс беруші «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы, мердігерлік мекеме «Story Project» ЖШС. Мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні екінші қабаттың ішкі-сыртқы қалау жұмыстары толығымен аяқталған. Құрылыс материалдары, жұмыс күші жеткілікті. Құрылысшылардың көпшілігі жергілікті жігіттер көрінеді. Облыс басшысы ерекше қарқынмен жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.