Тарих

Аягөз жеріне түскен Қарақол метеориті шаңырақ пішіндес екен

Аягөз жеріне түскен Қарақол метеориті шаңырақ пішіндес екен Семейлік ғалым-экономист, қаламгер Өмірзақ Сұлтанов биыл жазда Әлихан Бөкейхановтың атақонысы – Тоқырауын бойында біршама күн жүріп қайтты. Ұлт көсемінің табанының ізі қалған қасиетті жерді армансыз аралады. Оның себебі бар. Биыл баспадан «Қазақтың экономика ғылымы және Алаш қайраткерлері» атты көлемді монографиясын, Әлекең бастаған Алаш ерлерінің қазақтың ауыл шаруашылығы экономикасы, орман шаруашылығы, жер иелену мен жер пайдалану, тағы басқа салалар бойынша жазған еңбектерін зерттеген еңбегін басып шығарды.

Жер мен орман жайлы өткір жазды

Әлиханның «Овцеводство в Степном крае» (1904), «Скотоводство. Крупный рогатый скот» (1905) деп аталатын, Томск қаласында басылған еңбектерін қазақшалаған ғалымдардың бірі – осы Өмекең. Қайраткердің қаржы-қаражат саласына қатысты «Алым тарату жолы», «Земский қазақ ақшасы», «Ничьи деньги» мақалаларын терең зерттеді. «О киргизских поминках», «Аңқау елге арамза молда» мақалаларында ақша атауын теңге деп жазып, оның рубльге шаққандағы баламасын ажыратып бергенін, яғни, қазақтың бұрыннан төл ақшасы болғанын меңзеген қазақтың алғашқы жоғарғы білімді талантты экономист болғанын дәлелдеп жазды.

«Әлиханның қаламынан шыққан мақалалардың көпшілігі «Қазақ» (1913-1918 ж.ж.) газетінде жарияланды,-деп қалам тербейді Өмекең.- Газет аптасына бір рет (1915 жылдан бастап аптасына екі рет) төрт бет болып шығып тұрған. Басылым қоғамдық-саяси және тағы басқа мәселелермен қатар әлеуметтік-экономикалық жағдаяттарды да ұдайы жазған. Осы тақырыпты да үзбей көтергенін газеттің алғашқы нөміріндегі «қазақтың бұрынғы және бүгінгі жайын жазу, күнелту, сауда, кәсіп, жер-су, егін-таран, мал шаруасы жайынан кеңесу» деген жолдар да айғақтайды. Міне, осы тақырыпқа Әлиханның «Қазақта» жарияланған 250-дей мақаласының бірталайы арналды».

Өмекең осы мақаласында қазақ даласындағы орманды жерді «чрезвычайно бедна» деп атаған қазақтан шыққан тұңғыш ормантанушы-ғалым Әлекеңнің көрегендігіне таңдана мысалдар келтіреді. Сосын осы заманмен мынандай параллель жүргізеді: 1995-2000 жылдарда Қытай, Өзбек, Қырғыз елдерінде ағашқа деген сұраныс өсіп, аса жабайы нарық пайда болғаны белгілі. Семей орманын қалай болса солай кесудің салдарынан қазақ жері онсыз да аз орман ағашының 2 млн. шаршы метрінен айрылды. Бұл бергі жағы 84 миллион АҚШ долларына пара-пар ақша еді. Ең қиянаты сол, осы жәйт алапат экологиялық ахуалдың асқынып, құмды дауылдардың жиілеп, қуаңшылық белең алып, жерасты суларының деңгейі төмендеп, топырақтың құнарсыздануына алып келді. Міне, Өмекең, мұны тілге тиек етіп өткір жазды.

Жас ғалымның сонау 1980-ші жылдардың ортасында «Жердің көп-азына қарамай, жердің хауасына қарай адам баласы мал баққан немесе егін салған» деп Әлекең айтқандай, қазақтың маңдайына біткен мал жайылымдығын барынша тиімді пайдалану жайында баспасөз беттерінде жариялаған терең зерттеуімен ерекшеленген мақалалар сериясының өзі бір төбе.

Спорттың тамырын дөп басқан

Өмекеңнің қаламы құшырлана беттеген тақырыптың бірі – спорт. Семейден қазақ жастары арасынан бірінші болып Олимпиадалық ойындарға қатысып, күміс жүлде алған Ғұсман Қосанов, қазақтан шыққан тұңғыш спорт шеберлері – ауыр атлетикадан Амангелді Рымқұлов, стол теннисінен Әлия Серікбаев, конькиден Ораз Қаңлыбаев, еркін күрестен Қабден Байдосов, самбодан Марат Имашев, көгалдағы хоккейден Мұрат Жексенбеков жайындағы тақырыптарды тербеуі бір бөлек. Семейлік атақты балуандар, күрестің бірнеше түрінен спорт шеберлері Р.Сапарғалиев, Х.Ысқақов, Ж.Оралбеков, тағы басқалар жайында білгір мақалалар жазды. Аса жауапты сәттерде спортшының күштілігі, әдіс-айласының ерекшелігі ғана емес, сезім сергектігі, қас қағым сәттегі ұшқырлығы, ерік-жігері, жүректілігі сияқты қасиеттерінің таразыға түсетінін дөп басып айтуы – Өмекеңнің құштар қаламының қапысыз қайратына куә. Өз бала кезіндегі тамашалаған күрес әсерін
«… төреші қолын көтергенде кейбір спортшылардай аспанға секірмей, айғайламай, сабырлы қалып танытып, қарсыласын арқасынан қағып, кілемнен құшақтап шыққан кейпі бала көңілде сақталып қалыпты», – деп суреттеуі сол құштарлықтың әсері.

Футбол тақырыбына да қаламын кеңінен тербеген. Өйткені, Семей – қазақ футболының отаны. Кеше ғана осы көне қалада ел футболының 100 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілді. Той белсенділерінің ішінде тағы да Өмекең жүрді. Жүз беттен тұратын зерттеу кітабын жалғыз өзі жазып шықты. Ол кітап осы қарсаңда жарық көрді.

1913 жылы қалада алғашқы командалар құрылғаны тарихи құжаттармен дәлелденген. 1963 жылы жарты ғасырлық той өз деңгейінде аталып өткен. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары Семейдің «Елім-ай» командасы үш дүркін (1994-1995, 1998 жылдар) ел чемпионы атағын жеңіп алды. Азия чемпиондарының кубогі мен Достастық елдері чемпиондарының кубогін сарапқа салған додалы жарыстарға қатысты. Футбол 1863 жылы Англияда пайда болды десек, араға елу жыл салып Семейге келді. Оның басты себебі: қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуы, дамыған сауда-экономикалық орталық болуында. 1912 жылы Мәскеуден Семейге Н.Куприянов деген келіп, атақты көпес Плещеевтің дүкеніне қызметкер болып орналасады. Ол өзімен бірге доп, тор, спорттық бұйымдар әкеліп, футболға әуестігін танытқан жастарды жаттықтыра бастайды. Сол кезде құрылған «Ярыш» командасының құрамында жас Мұхтар да ойнайды. Осы маңызды фактілердің барлығын тәптіштеп зерттеп, қаздай тізіп баспасөзде жариялаған Өмекеңнің ұлы жазушымен бірге ойнаған Юнус Нигматуллиннің жиендерінің қолында сақталған «Ярыш» командасынының алғашқы эмблемасының соңына түсуінің өзі бір хикая. Мөлшері 28х13 см. бас жағы түймедақ гүлі сияқты дөңгеленіп келіп, арт жағынан үш лентамен тармақталған, оның бәрі алқызыл түсті қымбат матамен жиектеліп, «Ярыш» деген арабша сөзбен кестелеген эмблеманы Юнустің туған жиені Рамисаның Алматыдағы үйіне дейін іздеп барып алғаш көрген де Өмекең.

Атақты «Қарақол метеоритінің» ізіне түскені де бір жеке уақиға. Өмірзақ мырза қайбір жылы 19-шы ғасырдың орта тұсында Ақсуат өңіріне құлаған, кейін Мәскеудегі академик А.Е.Ферсман атындағы минералогиялық мұражайға алып кеткен тасты іздеп Мәскеуге келеді. Бұл Мәскеу бұ кісіге бұрыннан мәлім. Осы қалада үш жыл Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының аспирантурасында оқыған. Содан бірнеше мекемеде, институттарда болып, оның тарихымен танысады. Сөйтсек, «Қарақол» метеориті Петербордағы императорлық ғылым академиясының қорына 1844 жылы келіп түсіпті. С.Самсоновтың коллекциясынан түскен тастың тарихы былайша жазылған: 1840 жылдың 27 сәуірі күні талтүсте Аягөз аймағындағы Қызылбелдеу жотасы мен Ақшәулі тауы арасындағы Қарақол өзені бойындағы қазақ даласына құлаған аэролит жаңағы мұражайда Айдан жеткізілген топырақ үлгісімен қатар «жайғасқан» Қарақол метеоритімен табандылық таныта жүріп жүздескен жалғыз қазақ өзі болса керек. Академик Вернадский атындағы геохимия және аналитикалық химия институтының жауапты қызметкері А.Скрипникпен кездеседі. Одан арғы жайды Өмекең өзі былай деп баяндайды: «Міне, нағыз «Қарақолмен» жүздесудің де сәті жетті. Біраз қиналып барып, әйтеуір Анна Яковлевна маған шыныланған қорап ішінде тұрған метеоритті ұстауға рұқсат берді. Осыдан 162 жыл бұрын қазақ даласына түскенде ата-бабаларымыз қорқасоқтап қараған жәдігерді ақырын қолыма алдым. Әрине, менің сол кездегі жандүниемді, ішкі сезімімді оқырман түсінер деп ойлаймын. Өйткені, ол қазақ даласына тікелей қатысы бар дүние емес пе?! Біздің тарихымыздың сыр шертетін бір бөлшегі ғой. Мен қазақтың киіз үйі пішіндес жылтыр қара тастың шаңырақ іспеттес төбесінен сипай бердім….».

Баспалап тамыр басқан Өмекең енді осы метеоритті елге алып қайту төңірегінде әңгіме бастайды. Әрине, олар бере алмайтындықтарын айтады. Ал көшірмесін жасап ауға рұқсат. Ол үшін бірақ сақтандырау полисіне қомақты ақша аудару қажет екен. Оны кім береді?! Дегенмен, тауы шағылса да, талабы қайтпаған Өмекең аспан тасын елге қайтарудан әлі де үмітті.

Қызы докторлығын жапон тілінде қорғайды

Биыл Өмекеңнің шығармашылықпен айналысқан отыз жыл ауқымында жазылған, әр жылдарда ғылыми журналдарда, БАҚ беттерінде жарық көрген таңдаулы жазбаларының басын қосқан 30 баспа табақтық «Шабыт қайнары» атты жинағы да жарыққа шықты. Білім мен ғылым саласындағы тұлғаның шығармашылықпен айналыспаса тоқырауға ұшырауы оңай шаруа екеніне көзі әбден жетті. Сан-салалы мәселелерге байланысты ой-пікірін ішке сақтамай, қоғамда болып жатқан жағдайларға үн қосып жариялаған маңызды мақалаларының өзі екі жүзден асыпты! Мақала болғанда қандай! Майлы жіліктің басындай!

Әңгіме басына қайта оралайық. Жапон елі 1864 жылы өзінің жеке Низам заңын жоғарыда айтқан Алаш қайраткерлері мұрат тұтқан бес қағидаға негіздегені белгілі. Соның күшімен жиырма жылдың ішінде самурайлық феодализмді жеңіп шыққан, сөйтіп алға жылжығанын білеміз.

Осы Жапон елімен Әлекең мұрасын зерттеуші Өмірзақ Сұлтановты байланыстырып тұрған тағы бір дүние бар. Қайбір жылы Токио университетінің арнайы грантын иеленуге 60 шақты үміткер бақ сынады. Сонда барлығы 3 турдан тұрған сынақтан кейін үш-ақ үміткер қалады. Ең жоғарғы І-ші дәрежелі сертификатты иеленген Ақерке деген қазақ аруы Жапонияның аса беделді Хитоцубаши университетінің магистрі атанған. Осы қарындасымыз – Өмекеңнің екі ұл арасындағы жалғыз қызы.

Жапон еліндегі бүкіл әлемге мәлім аса қорқынышты жер сілкінісінен кейін Ақерке елге қайтуға асықпапты. Ақерке 2011 жылғы 11 наурыз күні Токиодағы зәулім ғимараттың 18 қабатында болған. Жер бір сағаттай селкілдеп, сілкініп тұрып алады. Жанына жығылардай болып қисайған биік үйлердің есік-терезелері сынған, бірақ қабырғалары аман. Жарық өшірілген, лифт істемеген. Біраздан кейін арнайы құтқару қызметі келген. Баспалдақпен төмен түспеулерін ескерткен. Ақеркенің қасында екі жапон қызы болған. Қайта-қайта сілкініп тұрған жағдайда 17-18 сағат бойы өз бөлмелерінде үстелдің астында тығылып отырған.

Біздің Жапониядағы елшілік сол елде тұрып жатқан, оқып жатқан азаматтарымызбен байланыс орнатқан. Қазақстан өз азаматтарына екі ұшақ жіберген. Ақерке Алматыға Наурыз мейрамы күні ұшып келді.

Атақты Кембридж, Гарвард, Оксфорд университеттері секілді көнеден келе жатқан, классикалық үлгідегі Токиодағы Хитоцубаши университеті өз студентеріне мәжбүрлі демалыс беріп, зілзалаға байланысты қаншама жылдан келе жатқан қатаң дәстүрді бұзған. Бірақ университеттегі сабақ 18 сәуірден қайта басталады деп шетелдік студенттерді, магистранттарды ерте ескерткен. Кешіксең, беделіңе нұқсан.

Семейге келген Ақеркеге әке-шешесі елде қалсаң қайтеді деген, сөйтсе ол Фукусимадағы апатты жоюға өз еркімен баруға жазылған адамдардың қатарында мен де өтініш беріп қойдым дейді. Бұның не деп, қыздарының қабағына қарасқан. Дегенмен, патриоттық сезімді шеттен келген адамның бойына да себе білген жапондардың отаншылдық рухына таңғалысты. Қыздарының Жапонияда тұрғанына 11-12 жыл болыпты. Екінші отаны десе де болады. Шетелдіктердің көпшілігі ағылшынша сөйлеп, жазса, Ақерке магистрлік диссертациясын жапон тілінде жазады. Бүгінде докторантурасын қорғауға таяу.

Мәскеу мен Петерборда жанкүйер болған

Өмекеңнің «Мәскеудегі бір топ қазақтың жанкүйерлік хикаясы» атты әдемі жазбасы бар. Оның ізімен кәдімгідей кино түсіруге болады. 1980-ші жылдардың орта тұсында Мәскеуде оқып жатқан жас қазақ аспиранттарының бір тобы осы зәулім қалада өтетін халықаралық жарыстарда бақ сынайтын даңқты қазақ боксшыларына спорт ғимаратын басына көтеріп жанкүйер болатын шақтар бейнеленеді. Петербор қаласындағы сондай жанкүйерлік сапардың бірі әуежай басындағы жанжалмен бітеді. Әуежайдың дәмханасында осы аспиранттардың бірін кемсіте сөйлеген бейбастақ орысты бір періп құлататын Қанат атты батыр жігіттің: «Әй жігіттер, намыс деген осы! 1917 жылы бүкіл әлемді дүрліктіріп төңкеріс жасалған, революция бесігі аталған Ленинградта қазақтардың кім екенін көрсеттік емес пе?!» дегені жә деген бір сюжеттің жүгі.

Тағы бір кейіпкері жайында: «Нәкеңе қарасаң сол жетпіс дегеніңіз қылшылдаған жігіт жасы секілденіп кетеді» деп жазатыны бар. Өмекеңнің өзіне қарасаң да «Алпыс деген анау айтқан асу емес екен-ау, алас ұрған қырық жастағы жігіт емес пе, біздің Өмекең!» деп мейірленесің осы бір мерейлі мезетте.

Сайлау Төлеуов,
журналист

Семей.

Осы айдарда

Back to top button