Қоғам

Аягөз құрылыс алаңына айналыпты

Аягөз құрылыс алаңына айналыпты


Аягөзде су басқан 143 үйдің 92-сіне жөндеу тағайындалып, 51 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Сол жарамсыз 51 үйдің 17-сінің тағдыры әлі белгісіз болып тұр. Орнын жаңа баспанамен алмастыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі тиіс.

Осыдан екі ай бұрын қарғын су мен лайсаңның ортасында қалған бірнеше көше бүгінде құрылыс алаңына айналыпты. Тасқыннан хабарсыз мейман келсе, бұл аулаларда асар жүріп жатыр деп ойлап қалары сөзсіз. Қауырт жұмыстың ауыртпалығын құрылысшы жігіттер емен-жарқын әңгімемен жеңілдетуде. Олардың әрекетін сәт сайын бақылап үй иелері жүр. Аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары бастап апарған әр көшеден осындай көріністі байқадық.
-Біздің компания 24 үйді мамыр айының соңына дейін иелеріне өткізуі тиіс. Барлық үйлердегі жұмыс 60-70 пайызға бітіп тұр. Жергілікті компания болғандықтан, жұмысшылардың бәрі аягөздіктерден жасақталды. Үйлерді кептіру үшін жеті үрлегіш зеңбірек алдық. Құрылыс материалы мен қаржы бөлу жағынан ешбір қиындық жоқ. Тек білек түріп еңбек ету керек. Біз бұл жерге табыс табайық деп келген жоқпыз. Жерлестеріміздің өз баспаналарына кіргенін көргіміз келеді. Сол үшін шамамыз келгенше үй иелерінің өтінішін жерде қалдырмауға тырысамыз. Құрылысшы жігіттер де барлық жұмысты шын ниетімен атқарып жатыр, – дейді «Алмас құрылыс» ЖШС директоры Қайрат Айтуғанов.

Біз бас сұққан Бауыржан Момышұлы көшесіндегі қоржын үйлердің дені 1957 жылы салынған екен.

-Мен 151 үйдің төртінші пәтерінде тұрамын. Үйіміз 1957 жылы салынған. Оны бастан-аяқ күрделі жөндеу жүргізіп, заман талабына сай етіп алғанбыз. Сондықтан менің үйімді қалпына келтіріп жатыр деп айтуға болады. Ал кейбір көршілердің үйін жөндеуден соң танымай қалатын сияқтымыз.
Құрылысшылар жұмысты шын пейілімен атқарып жатқаны көрініп тұр. Бұл үйлерді облыс әкімі бірнеше рет келіп көрген болатын. Аудан әкімі күнде тексеріп кетеді. Әзірге жөндеу жұмыстарына ешқандай мін тақпаймыз, – дейді Аида Әбдікәрімова.

Қазір ол отбасымен айына 40 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатыр. Пәтерақы «Аягөз Болашақ» қорынан төленуде.

Осы көшедегі 153 үйдің екінші пәтерінде тұратын Серік Иманов үйдегі төрт жанның ішінде өзі ғана тұрақты жұмыс істейтінін айтады.

–Балаларды оқытып, жеткізу үшін жұмыстан қол үзбедік. Сондықтан бұған дейін баспанамды жаңартып жөндеуге уақыт та, мүмкіндік те болған жоқ. 1957 жылдан бері күрделі жөндеу көріп тұрғаны осы шығар. Ескі ағаш терезелердің орнына пластик терезе орнатты. Су бәрінен де еденді бүлдірген болатын. Орнына бетон плита құйылды. Оның астына қарақағаз бен пенопласт төселді. Енді қабырғаларды гипс тақтамен қаптап жатыр. Үстіне тұсқағаз жапсыру ғана қалды. Есік алдында жазда отыратын ауыз үй бар болатын. Оны бұзып тастадық. Орнына гуманитарлық көмек ретінде берілген газблоктан жаңа там соғып алмақпыз, – дейді Серік Иманов.

-Менің үйіме су 11 наурызда кірді. Құжатымызды алып үлгердік. Төрт сағаттан соң үйге қайта оралып, жиһаздарды судан шығарып, биікке жинаған болдық. Қазір бәрі қоймада қаусап жатыр. Үйіміз баспанаға ұқсамай қалған болатын. Енді бұрынғысынан да көрікті кейіпке еніп келеді. Тасқынның үйінділерін тазалауға бірнеше мекеме мен ұйымдар атсалысты. Көмек Қазақстанның әр бұрышынан келіп жатыр. Бүкіл Қазақстан халқының, Мемлекет басшысының қамқорлығына алғыс айтамыз. Қиын сәтте елдің жанашырлығын сезіп отырдық, – дейді Саят Тұрлыбеков есімді тұрғын.
Амангелді көшесіндегі Айтқали Ысқақов есімді зейнеткердің үйіне де су кірген екен.

-Еденге қайтадан бетон плита құйды. Енді бетіне линолеум төсеу ғана қалды. Одан кейін қораны қалпына келтіру керек. Тасқын басылған соң, көшемізге облыс әкімінің өзі келіп, мердігерлерді таныстырған. Сол кезде мердігерлерге жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырған болатын, – дейді ол.
Жалпы, Аягөз қаласындағы үйлерді жөндеуге Семей мен Тарбағатайдың мердігерлері, жергілікті компаниялар тартылған. Барлық үйлер мамыр айында жөнделіп бітуі тиіс. Мердігерлер үйін жөндеп жатқанда, қарапайым тұрғындар мерекелік демалысты пайдаланып, сенбілік өткізуді жөн деп тауыпты. Сол сенбілік аясында арықтардың арнасын кеңейтіп, бұлақтардың көзін аршуда.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button