Қоғам

Аягөз өңіріне балдай батып, судай сіңдім

Аягөз өңіріне балдай батып, судай сіңдім

Менің саналы ғұмырым қазақ бауырларымның арасында өтіп келе жатыр. Сонау 1962 жылы қазақ жеріне аяқ басқанымнан бері санап отырсам, 54 жыл болыпты.
Рас, орта білімді сол жақтан алып келдім. 1978 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдадым. Шынын айту керек, ақ адал еңбегімізбен күн көрдік. Біреудің ала жібін аттамадық. Ол бәлкім, менің тегімде болғанымен, жастайымнан алған тәлімді тәрбиеме де байланысты болса керек. 8-10 жастағы кезімде үлкен атам Абдулхалиқ Дамолланың діни мектебінде білім алдым. Ал Қазақстанға оралған бізге қазақ халқының шапағаты көп тиді десем қателеспеймін. Сондықтан қазақ бауырларыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Жатсынбай бауырына тартып, жақсы көрді. Бұл бәлкім, менің өлең өлкесіне ат шалдырып жүргенімнен болса керек. «Аягөз ауданының Құрметті азаматы» атағын алдым. Қазақ та біздің ұйғыр халқындай өлең-жырға, ән мен әуенге өте жақын халық қой. Мен де саналы ғұмырымда қолымнан қаламым түспей келе жатқан жанмын. Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерім де аз емес. Алматының «Жалын» және «Жазушы» баспаларынан шыққан «Көктем әуендері», «Дәуірлер дәурені», «Айлы кеште», «Аманат», «Сені ойлаймын» атты 5 кітаптың авторы атандым.
Абай атындағы халықаралық ақындар бәйгесінің жүлдегері болдым. «Бақшада – ұйғырмын, тауда – қазақпын» деген қағиданы ұстанған маған қазақтың салт-дәстүрі де, ұйғыр ұлтының жөн-жоралғысы да тым жақын. Сондықтан осынау Алғыс айту күні мен тумаса да туғандай болып кеткен қазақ халқына, Аягөз жұртшылығына ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақ халқында «өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген дана сөз бар. Сол айтқандай, жарты ғасырдан астам уақыт осы бір «абыздар елі, ақындар елі» атанған Аягөз өңіріне балдай батып, судай сіңдім. Немере, шөбере ертіп, үбірлі-шүбірлі болдым. Бүгінде жасым 75-тен асқан, абыз ақсақал атандым. Енді қалған ғұмырымда ұрпағымыздың тыныш та бақуатты өмір сүруін тілеймін.

Бахар Рахимов,
зейнеткер, ұйғыр ұлтының өкілі
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button