Қоғам

Аягөз бен Зайсанның су жүйелері жаңғыртылады

Аягөз бен Зайсанның су жүйелері жаңғыртылады


Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың қатысуымен онлайн-режимде өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма төртінші сессиясында айтылды.

Аталмыш сессияда «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет» жөніндегі облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 16/176-VI шешіміне өзгерістер енгізу, «Облыс аумағын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 9 желтоқсандағы № 34/421-V шешіміне өзгеріс енгізу және облыстық мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралған болатын.

Атап өтсек, бюджет қаржысын қайта бөлу – үнемделген немесе уақытында игерілмеген қаржының жинақталуы есебінен мүмкін болып отыр.

Күн тәртібіне қойылған мәселелерге орай баяндама жасап, қайта бөлінген қаржы жөнінде толығырақ мәлімет берген облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Раушан Ластаеваның айтуынша, бұл қадам еліміздің және облыстың бюджетінен бөлінген қаржыны барынша сапалы игеру үшін жасалып отыр.

Сондықтан Үкімет деңгейіндегі бюджеттік заңнамаға сәйкес облыс бойынша кейбір мақсатты трансферттерді алу және бөлу жоспарланған.

– Қайта бөлудің нәтижесінде Аягөз қаласындағы су құбыры мен су жүйесін жаңғыртуға (төртінші кезек) даму бюджеті бойынша қосымша 101,1 млн теңге бөлінді. Ал Зайсан қаласының сумен қамту жүйесіне (бірінші кезек) 200 млн теңге бөлініп отыр, – деп атап өтті Раушан Мамашқызы.

Бұлардан бөлек, ағымдағы мақсатты трансферттер бойынша қосымша қаржылар аграрлық салаға, кәсіпкерлікті дамытуға және өңірдің білім саласының қажеттіліктеріне бағытталған.

Сондай-ақ босаған қаржыны қайта бөлу арқылы ауыл шаруашылығы, ішкі саясат, кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары, денешынықтыру және спорт, туризм және сыртқы байланыстар секілді бірқатар облыстық басқарманың қажеттіліктеріне жұмсалатын қаржылық лимиттері ұлғайтылған.

Сессияда сонымен қатар әртүрлі мәселелер де қаралды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button