Аягөз аруы атанды

Ұлыстың Ұлы күні бүкіл қазақ даласына думандатып келгеніндей, Аягөзге де ән-жыры мен сән-салтанатын ала жетті. «Ақындар елі, абыздар елі» атанған өлкеде Наурыз мерекесіне орай «Аягөз аруы-2019» сұлулық байқауы өтті.
Бір қуантарлығы, биыл бұл байқаудың бөлімдеріне біршама өзгеріс енгізіліп, жаңа форматта өтті. Кіл сұлудың әсем қылығы мен ата-анадан алған тәлім-тәрбиесін, өнерін паш еткен байқауды тамашалау үшін де жұрт қарасы мол жиылды. Байқау «Таныстыру», «Менің анам», «Өз өнері», «Сұрақ-жауап», «Сән шеруі» атты бес бөлімнен тұрды. Сайысқа тоғыз ару қатысты. Өзін өлеңмен таныстырып, жеті атасын жатқа айтып, түрлі сын-сынақтан сүрінбей өткен бұрымдылар ұлттық салт-дәстүрге жетік екендіктерін, қазақы тәрбие көргендігін байқатты.
Қазылар алқасы тарапынан қойылған әртүрлі сауалға табан астында жауап қайтарып, өнерімен жұртты тамсандырған арулар сайыс көрігін қыздыра түсті. Олардың өнерін бағалаушы қазылар алқасына қиындық туғызғаны қорытынды кезең болды. Кіл мықтының ішінен бөле-жарып таңдау жасау, расымен, қиындау еді. Дегенмен қара қылды қақ жарған қазылардың шешімімен бас жүлде Аягөздегі көпсалалы қазақ-мектеп гимназиясынан келген Мөлдір Тоқтасыноваға бұйырды. Өнері мен сұлулығы үйлескен аруға ешкімнің таласы болмаса керек. Бұдан кейін I орынды №5 мектептен Аружан Дәуренова жеңіп алса, II орын Таңсық ауылынан келген Дана Бекжановаға бұйырды. Жүлделі III орынды Кешірім Бозтаев атындағы мектептің намысын қорғаған Дана Бектенова мен №5 мектептің өкілі Наргиза Ақанова місе тұтты.
Сондай-ақ бірнеше аталым бойынша марапаттау болды. Атап айтсақ, «Білімді ару» – Ж.Аманғазинова, «Өнерлі ару» – А.Абдулланова, «Көрермен көзайымы» – А.Аманкелдиева, «Әдемі көйлектің иесі» – А.Аманбаева.
Бұл байқау көптің көңіліне көктем шуағын себелеп, жүректерге жылылық ұялатқаны сөзсіз.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы