КәсіпкерлікҚоғамТОП

Аягөздік кәсіпкер «Алтын сапаның» иегері атанды

Ақыл-ой биігі, іскер басшылығымен дараланып жүрген жерлестеріміздің бірі Шыңғыс Құлахметов тағы бір марапатқа қол жеткізді. Нақтылап айтсақ, «Алтын сапа» байқауында Шыңғыс басшылық жасайтын «Med-365» ЖШС кәсіпкерлікті дамытудағы үлесі үшін марапатталды.

Жалпы, «Алтын сапа» сыйлығы Президент Жарлығына сәйкес конкурстық негізде талапкер кәсіпорын өнімінің немесе қызметінің сапасы үшін жыл сайын берiледі.

«MED 365» серіктестігі медициналық бағытта инновациялық жобаларды іске асыру арқылы ел нарығымен қатар, шет мемлекеттермен байланыс орнатып, жүйелі жұмыс атқарып жүр.

Талантты қазақ жастарынан құрылған ұжымның жұмысымен біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы танысып, Үкімет басшысы мен министрлер те оң бағасын берген. Айрықша өнім өндіруші жігерлі қыз-жігіттер қандай марапатқа да әбден лайық. Озық ойлы жастарды шебер ұйымдастырып, серіктестікті өрге сүйреп жүрген мекеме басшысы, жас ғалым, өнертапқыш Шыңғыс Зейнел-Ғабиденұлын марапатымен жерлестері атынан құттықтадық.

– Қандай да бір жетістікке жетсем де, Аягөз жұртының құттықтау жолдап, қуанып жататынына дән ризамын. «Алтын сапа» – елдегі ең мықты тауарөндірушілер бақ сынайтын байқау. Оған тауар өндірумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады.

Біздің стартап бастауға идея іздегенімізде басты мақсатымыз табыс табу емес, әлеуметтік мәселені шешу болды. Отбасындағы тәрбие ел игілігі жолында еңбек ету болған соң халық қажетіне жарайтын іспен айналысуды бозбала шағымнан басты бағдар еттім.  Сонымен қатар әкем, белгілі жазушы Зейнел-Ғабиден Құлахметовтің 51-ақ жасында жүрек талмасынан қайтыс болғаны қатты ойландырды. Осы қаза жанымызға қатты батты. Ол кезде мен студент едім.

Сол шақта адамдар бойындағы қандай да болмасын ауруды ерте кезінен анықтаудың маңызын түсіндім. Мойындау керек, бізде көбіне ер адамдар денсаулығына немқұрайлы қарайды. Дәрігерлер де адамдардың ауруы асқынғаннан кейін келетінін айтып дабыл қағуда. Осы орайда біз өндірісте жұмыс істейтін азаматтардың денсаулық жағдайын жасанды интеллект көмегімен ерте анықтайтын Med-365 жобасын қолға алдық, – дейді Шыңғыс Құлахметов.

Олар құрастырған құрылғы өндірістік компаниялардағы еңбеккерлердің жұмысына кіріспес бұрын медицина тексеруінен жылдам өтуін қамтамасыз етеді. Оның көмегімен қызметкерлердің қан қысымын, мастық дәрежесін өлшеп, инсульт қатерін алдын алуға болады.

Мысалы, ірі компанияларда 100-150 қызметкер бір уақытта жұмысқа келеді. Денсаулығының жұмысқа жарамдылығын қазірге дейін медбике көмегімен анықтайды. Ол адамның қан қысымы көтеріліп тұрса, дәрісін беріп жұмысқа кіргізе береді. Ал ондай жұмысшының белсендігілі төмендейді, ең қауіптісі денсаулығына күш түсіп, басқа ауруы асқынуы мүмкін. Міне, осындай адами фактор жиі болатын жерде жасанды интеллектіні алдау мүмкін емес.

Жұмысшылардың әрбірін дәрігер тексеретін болса 7-10 минут уақыт алады, бұл құрылғыға тексерілсе, 1 минут 10 секунд уақыт кетеді. Бұл көп жұмысшылары бар кәсіпорындарға тиімді.

Жобаға шет елдер де аса қызығушылық танытуда. Бұл – қазақ ғылымы мен өндірісіне деген баға мен оң көзқарас.

Осы байқауда дәл осындай марапатқа жерлесіміз, іскер басшы Насихат Исабаева да ие болды. Ол кісі жетекшілік ететін «Терра Вита» ЖШС медициналық жабдықтар мен жиһаз шығарады.

 Ермек Тұрсынұлы

 Аягөз ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button