Қоғам

Аягөз – Шәуешек теміржолы салынуы мүмкін

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Ресейдің Өскемендегі бас консулы Алан Хетагуровпен кездесті. Бас консул облыс әкіміне шекаралық ынтымақтастық, бірлескен кәсіпорындар жұмысы және спорт пен туризмді дамыту жөнінде ақпарат берді.

– Қазіргі кезде Қытайдың Шәуешек (Тачэн) қаласынан Аягөзге дейін 283 шақырымдық теміржолын салу жобасы үлкен басымдыққа ие. Ол біздің ел үшін де, Ресей үшін де Қытайға шығатын қысқа жол болады және өзара экономикалық қарым-қатынасқа тың серпін береді, – деді сауда-саттықты үдету турасында ой бөліскен Даниал Ахметов.

Бас консул Шығыс өңірінің, оның ішінде Өскемен шаһарының тұрақты дамып келе жатқанын, сондай-ақ жергілікті жұрттың кеңпейіл әрі ашық-жарқын екенін айрықша атап өтті.

– Аймақтың инженерлік-техникалық әлеуеті зор, әсіресе жаңартылатын қуат көздеріне қатысты жобалары біз үшін қызығушылық тудырып отыр. Атап өтерлік жайт, Ресейдің бірқатар қаласында қазақ диаспоралары жетерлік, оларға мемлекетіміз тарапынан тиісті демеу көрсетіліп келеді және қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғаспақ, – деп атап өтті Алан Хетагуров.

Ержан Кеңесұлы

 

Осы айдарда

Back to top button