Қоғам

Аягөздіктер алдан көрінді

Ұлан ауданында Қазақстанның Халық қаһарманы Қасым Қайсеновті еске алуға арналған және Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықовтың 100 жылдығына орайластырылған бокстан 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир мәресіне жетті.

Үш күнге созылған жарысқа Алматы және Қарағанды облыстарының, сондай-ақ Шығыс Қазақстанның бірқатар ауданы мен қаласының жас былғары қолғап шеберлері қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде хабарлағанымыздай, Ұлан жерінде мұндай жарыс осымен бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Осыған дейінгі соңғы жарыс 2019 жылы өткен болатын. Ол кезде доданың ауқымы тіптен кең еді, турнир халықаралық мәртебеге ие болып, оған бес елдің спортшылары қатысқан-ды. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты одан кейін екі жыл бойы жарысты өткізуге мүмкіндік болмапты. Сондықтан ұйымдастырушылар, атап айтсақ, аудан әкімдігі мен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы биылғы турнирді қатысушылардың есінде қаларлықтай жоғары деңгейде ұйымдастыруға тырысты. Белгілі болғандай, биылғы бәсекеге 120-ға жуық спортшы қатысқан екен.

Ал енді жарыс қорытындысына келсек, биылғы дода шын мәнінде, есте қаларлықтай тартысты өтті. Әсіресе Аягөз ауданы былғары қолғап шеберлерінің жетістігін атап өткен орынды. Аягөздіктер бұл жарысқа тыңғылықты дайындықпен келгендерін айқын аңғартты, қарсыластарының түгелдей дерлігін сенімді жеңіп, аудан бокс мектебінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жалпыкомандалық есепте көш бастаған Аягөз құрамасынан кейінгі екінші орынға облыстық дарынды балаларға арналған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінің командасы көтерілді. Ал үздік үштікті Семей қаласының құрамасы түйіндеді.

Тағы бір айта кетер жайт, биылғы бәсекеде жарыс иелері, ұландықтар да тәп-тәуір нәтиже көрсете білді. Атап айтсақ, шаршы алаңға шыққан жергілікті боксшылардың алтауы шешуші жекпе-жектерге дейін жетіп, жүлдегерлер арасынан көрінген-ді.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button