COVID-19 

Аягөз, Үржар, Зайсан… Аудандар несімен таңғалдырды?

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халық нақылы. Алайда облыс тұрғындары бұл сөзге аса мән бере қоймайтын секілді. Әйтпесе қауіпті індет тараған қазіргі уақытта денсаулығын ойлаған адам маскасыз жүре ме?..
Жүреді екен. Ол аз болса туыс-жұрағатты жинап, дүркіретіп той жасайтындар да бар. Осындай ақылға қонымсыз іс-әрекеттерінің кесірінен опық жеп, айыппұл төлеп жатқандар қаншама. Ал тексеруші топ қалт жібермей қадағалайды бәрін. Оларға санитарлық талаптардың сақталуы, халықтың қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан да болар өңірдің мониторинг топтары мереке қарсаңында тексеруді екі есе күшейтті.

Айталық, карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында 5-7 наурыз аралығында облыс аумағында кезекті мәрте рейдтер өткізілді. Нәтижесінде 5 наурыз күні облыста барлығы 52 ереже бұзу фактісі тіркелсе, 6 наурызда – 17, 7 наурызда тағы осынша ереже бұзу жағдайы анықталған. Атап айтсақ, 5-7 наурыз күндері Семейде жүздеген нысан бақылауға алынды. Үш күн ішінде 76 ереже бұзған тұрғын жауапкершілікке тартылды. Риддерде тоғыз адам санитарлық талапты сақтамаған. Тәртіпке бағынбаған тұрғындардың дені маска тақпаған.
Бұл күндері Курчатов қаласы мен Глубокое ауданында бір-бірден ереже бұзу жағдайы тіркелді. Ал Аягөз, Үржар, Бесқарағай, Зайсан, Шемонайха аудандарында шектеу шараларын бұзған ешкім болмай таңғалдырды. Қуанып қалдық. Ендеше Өскемен мен Семейдің халқы аталған аудандардан үлгі алса дейміз.

Балауса Мэлсқызы

Осы айдарда

Back to top button