Кейінгі жылдары Аягөз аумағы мен Семей өңірін киіктер мекендей бастағанын мамандар байқаған. Олардың айтуынша, түз тағысының саны арта түскенін осыдан көруге болады.
– Ақбөкендер көршілес Павлодар мен Қарағанды облыстарынан Шығыс Қазақстанға кіріп қана қоймай, мекен етіп тұрған. Ендеше осыған орай сақтық шараларын күшейтіп, биыл көктемде және қыста бір ай бойы кең ауқымды табиғат қорғау акциясын өткіземіз. «Сайғақ» атты бұл іс-шара осы 15 сәуірден басталды, – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері.
Іс-шарада Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция қызметкерлері бірлесе жұмыс істейді. Өтімділігі жоғары автокөлік пен КУНГ-тар пайдаланылады.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің арнайы бұйрығы бойынша, киіктерді тек ғылыми мақсатта пайдалануға болады. Заңсыз аулағандардың мүлкі тәркіленіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылады (3-12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру көзделген). Серке киік үшін – 500 айлық есептік көрсеткіш, ал ұрғашы киік пен төлі үшін 350 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Тасқын Болатұлы