ТОП

Аягөздегі орталықта үлкен өзгерістер болады

Аягөз қаласындағы балалардың арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметін кешенді тексеру аяқталды. Облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат орталықтың даму жоспары туралы айтып берді.

Республикалық комиссия мүшелерінің, сондай-ақ мүгедек балаларды оңалту саласындағы сарапшылар мен психологтардың, жұртшылықтың ұсыныс-тілегін ескере отырып Аягөздегі орталықты дамытудың арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асырыла бастады. Оған жұмсалатын бюджеттік инвестициялар көлемі – 140 млн. теңге.

Орталықтың екі корпусына жөндеу жұмыстарын жүргізу, сапалы жабыны бар екі заманауи ойын алаңын орнату, аумақты абаттандыру жоспарланған. Ғимараттың бірінші қабатында паллиативтік бөлімше, ал екінші қабатында бүлдіршіндер тобы орналасатын қосымша корпус салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сондай-ақ жаңа аумақтардың есебінен орталықта спорт залы мен емдік дене шынықтыру кабинеті ашылады.

Әлішер Мархабат жапсарлас құрылыста лифт орнатудың маңыздылығын атап өтті. Бұл мүгедек балалардың барлық санаттары үшін ішкі қозғалысты жеңілдетеді. Орталық тәрбиеленушілерін оңалту үшін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық арнайы жабдықтар, көпфункционалды төсектер сатып алу көзделген.

Сонымен қатар блыстық бюджет есебінен барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ұйымдастырылады.

Ағымдағы жылы орталық үшін бюджеттен барлығы 463 млн. теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. 2019 жылы орталықты ұстауға 256 млн. теңге жұмсалды, бюджеттен тыс көздерден 11,7 млн. теңге түсті.

Облыс әкімінің орынбасары мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірін жақсартқаны үшін демеушілерге алғысын білдірді. Қолдау биыл да жалғасын тапқан. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин және «Милосердие» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Татьяна Семенова орталық үшін жалпы сомасы 10,9 млн. теңгеге медициналық функционалдық үш және төрт секциялы төсек, екі көтергіш сатып алуға дайын екендіктерін білдірді.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button