Аягөз абаттандырылып жатыр
Аягөз – тоғыз жолдың торабында, теміржол бойына орналасқан, стратегиялық маңызы бар қала, сондықтан да мұнда жыл сайын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіледі.
Биыл да қала көшелері абаттандырылып, тас жолдарға асфальт төсеу жұмыстары жалғасын тапты. Қазір Абай бульвары 59 және 61, Ақтамберді көшесі 78 және 80 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Аталған аулалардағы ойын алаңдарына балалар ойнайтын әртүрлі құрылғылар орнату жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 977,0 мың теңгеге Шыңқожа ауылдық округінде балалар ойын алаңы және 664,0 мың теңгеге Бидайық ауылдық округіндегі саябақ абаттандырылды. Тарбағатай ауылдық округінде 7 млн. 441 мың 254 теңгеге балалар ойын алаңы және 2 млн. 391 мың 305 теңгеге еңбек ардагерлеріне мемориалдық тақта орнатылған болатын. Бүгінде Ақтамберді 26, 28, 30, Әуезов 6, 8, 12, Алтынсарин 17 мекенжайындағы көпқабатты үйлердің аулаларына абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған аулаларда ойын алаңдарына жұмсақ төсеніштер төсеу жұмыстары атқарылуда. Көшелерге асфальт төсеу жұмыстары да біршама жақсы қарқынмен жүргізілгенін атап кеткен орынды. Аягөз аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арқылы Б.Момышұлы, Қабанбай батыр, Аталықов, Терешкова, Шыңқожа батыр, Т.Бигелдинов, Радионов, Шөкімұлы, М.Горький, А.Байтұрсынов, Дүйсенғазин көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақтамберді (Х.Дүйсенова көшесінен Нұралинов көшесіне дейінгі аралық) және Ә.Тәңірберген (Ақтамберді көшесінен Абай бульварына дейінгі аралық) көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қала көшелерін жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компаниялар «К-Дорстрой» және «Гордорстрой» ЖШС мен аудандық әкімдік арасында меморандум жасалып, Макеев және Отарбеков көшелерінің жолдарына асфальт төсеу жұмыстары толығымен жүзеге асты. Жуырда ғана Макеев көшесі де асфальттанды. Бұдан өзге, қала көшелері мен елді мекендерге ауызсу тарту жұмыстары жүргізіліп жатты.
– Жалпы, аудан халқын таза ауызсумен толықтай қамтамасыз ету – біздің басты мақсатымыз. Аягөз жұртшылығын сонау кеңестік жүйе кезінде де таза ауызсумен қамтамасыз ету қиын болғанын бәріміз білеміз. Осыдан бірнеше жыл бұрын қала көшелерінде су іздеп, флягасын сүйреткен жандар көп кездесетін. Қазір бұл шаруа оңтайлы шешімін тауып келеді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Медет Мырзыкешов. – Бұл жұмыстарды алдағы уақытта жүйелеп, шешетін боламыз. Бүгінгі күні аудандағы 52 елді мекенде 72738 жан тұрады. Соның ішінде орталықтандырылған ауызсумен 7 мыңға таяу адам қамтамасыз етілді. Жалпы, мейлі қала, мейлі ауыл болсын, тұрғындардың әлеуметтік ахуалы тең болуы тиіс. Бұл –заман талабы. Су – тіршілік көзі. Сондықтан ауыл тұрғындарының әрбірінің үйіндегі крандарынан таза ауызсу ағып тұруы қажет деп білем. Өкінішке қарай, әлі де көптеген үйлерге су 24 сағат ақпайды, сол себепті осы олқылықтарды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Нарын, Тарбағатай, Ақши, Қосағаш, Мәдениет, Бидайық, Баршатас сынды ауылдық округтерінде су 2-6 сағат көлемінде ғана ағатын. Қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Қосағаш ауылында топтық су беру жүйесі орналасқан. Бұл жерден Мәдениет, Бидайық ауылдарына су барады. Мұнда бұған дейін 3-5 сағат қана су ағатын. Қазір қосымша бес скважина қазылып, су беру уақыты 10-12 сағатқа жетті. Алда бұл көрсеткішті 24 сағатқа жеткізу жоспарланып отыр. Қазір Баршатас ауылының халқына 24 сағат ауызсу берілуде.
Сондай-ақ қала көшелерінің самаладай жарық болып, жайнап тұруы аса маңызды. Бұл, ең алдымен, көрер көзге шаһардың сәні мен салтанатын арттырып тұратын болса, екіншіден, қылмыс жасау фактілерінің азаятыны байқалып отыр. Мәселен, биыл Аягөз қаласын жарықтандыру бойынша алты жоба іске асты. Жарық тарту жұмыстары Аталықов, Ә.Молдағұлова, Жолдасовтар, Бөгенбай батыр және Аққожа би (Аягөзстрой аймағы), Қошқарбаев, Дүйсенғазин, Жамбыл, Құлсейітов, Қажымұқан, Нұғманов, Ларшин, Шакенов, Қабанбай батыр (Орталық аурухананың артқы жағы) көшелерінде жүргізілуде. Сонымен бірге, Ақтамберді, Ә.Тәңірбергенов көшелеріндегі жарық бағандары алынып, жаңадан орнатылды.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.