Қоғам

АЯҒЫ ЖОҚ, ҚОЛЫ ЖОҚ ДАЯН ҚАЙТІП КҮН КӨРЕР?..

 Сұрғылт аспанын көк түтін тұмшалаған алып шаһардың тағы да бір таңы атып, тынымсыз тірлігі басталып кетті.  Құмырсқаның илеуіндей сапырылысқан адамдар легі бір сәтке толастар емес. Көше бойлап жанталасқан жастың да, жасамыстың да өз уайымы өзінде. Шешімін таппаған шаруа шаш етектен. Қабақтары қарс түйілген халықтың айналасына мойын бұруға да, әлдекімнің хал-ахуалын сұрауға да мұршалары жоқ. Сағатты айтпағанда, сырт-сырт еткен секундтардың өзі санаулы…

Жұмыр жерді мекендеген қаншама миллиардтаған жан болса, соншама тағдыр өз талғамынша, өзінің шама-шарқынша, мүмкіндігі келгенінше тіршілік көшінен қалмаудың қамымен қарманып қалуда. Кеудесіндегі жұдырықтай ғана сағаты соңғы соғысын тоқтатпайынша солай жалғаса бермек…

Тағдыр демекші, «Бір адамның басы бар, аяғы жоқ, біреулердің қолы жоқ, аяғы бар…» деп келетін өлең жолдарын әлдебір жерден көзіміз шалып қалғаны бар-ды. Иә, адам баласы қандай да бір сырқатты немесе мүгедектікті Алладан сұрап алмайтыны белгілі. Осыған орай қазақта «Ажал да, ауру да айтып келмейді» деген тәмсіл бар.

Құмарлықтың құрбаны болған азамат

Бүгінгі кейіпкеріміз Даян да бір кездері қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін азамат болған. Қатарынан қалмай Отан алдындағы борышын да абыроймен атқарып кеп, ауылдың маңдайалды механизаторы болып еңбек етіп жатқан болатын… Дәл бүгінгідей, «Дүйім елдің алдында мүгедек арбасына таңылып, өткен-кеткендерге қол жайып қайыр-садақа сұрап, бейшараның күйін кешіп отырам» деген ой үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. Айттың не, айтпадың не, тағдыр жазды, бұл көнді. Қол жайып демекші, оның жаятын қолы да жоқ. Ең болмаса, өздігінен жүріп-тұрарлық аяғы да тобығынан шорт кесілген.

Өскеменнің қақ ортасына орналасқан, ұзақ күн кісі аяғы саябырсымайтын «Daniel» сауда орталығының жаяу жүргіншілер жүретін жол жиегінде қатар-қатар жағалай, кей күндері екі, тағы бірде үш мүгедек отырады. Үшеуінің тегі де еуропа нәсілді. Мәселе олардың ұлтында да емес. Солай десек те, бір қайран қаларлығы, әлгілердің арасындағы біреуі ғана, яғни біздің кейіпкеріміз Даян ғана жұма күндері мешіттің алдына қайыр-садақа сұрауға барады. Қалғандары мұсылман қауымының қайырым-мейірімі өзге діндегілерге қарағанда әлдеқайда мол екендігін білсе де, бармайды. Шамасы, мұсылмандардан садақа алуға арланатын болса керек. Бірақ көшедегі ары өткен, бері өткен мұсылман балаларының берген азын-аулақ болса да садақасын үн-түнсіз ала беретіндіктерін де байқап жүреміз.

Даянға қарағанда жағдайлары әлдеқайда жақсырақ (бірінің оң, екіншісінің сол аяғы жоқ) қой, деп екі мүсәпірді қоя тұрып, қос қолы білезіктен, екі аяғы тобықтан кесілген кейіпкерімізге таяп кеп, сөзге тарттым. Мені органның адамы деп ойлап қалды-ау деймін, бастапқыда сөйлескісі келмей, сөзімді естімеген адамның кейпін танытып, қитығып біраз отырып алды. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан да інінен шығады» демей ме, әріден қозғаған әңгімем қатардағы қарапайым адамдардың түрлі-түрлі тағдырларына келіп тірелгенде ғана барып беті бері бұрылған ол жүзіме тіктеп қарады. Айналасын былшық басқан көкшіл көздерінде үміттен гөрі күдік, тағдырдың тәлкегіне деген әлдебір шарасыздық пен өшпенділік басым секілді…

«Бұл неғылған адам болды екен, неге мұнша шүйлігіп сұрақтың астына алып тұр?» деген сұрау белгісі де жоқ емес мұңлы жанарында… Дегенмен адам баласы емеспіз бе, біртіндеп әңгімеміздің де тиегі ағытыла бастағандай.

– Ұлтым ба-ба-башқұрт, туып-өскен же-жерім – Ресейдің Че-че-челябі облысы, – деп әңгімесін бастады өзін Даян деп таныстырған жігіт ағасы. Тілінің тұтықпасы бар екен. Сөздері ұғынықсыз. Қайсыбір айтқандарын қайталап сұрап алуға тура келді.

– 1962 жылдың тумасымын. Өскеменге бала күнімде келгем. Ол кезде әке-шешем тірі болатын. Қатарымнан қалмай мектепте оқыдым, кейін әскерде болып кеп, ауылды жерде трактор жүргізушісі болып жұмыс істедім. Өзіммен бірге туған екі әпекем бар болатын. Олар Ресейде тұратын. Хабар-ошар алмағалы көп жыл болды, қазір өлі-тірілерін білмеймін. Бала күнімнен балық аулауды жақсы көруші едім. Ақыры, сол құмарлығым осындай хәлге түсірді, – деп терең күрсінген Даян жанары жасаурап, бір сәт үнсіз қалды. Сосын, түсініксіздеу тілімен бірдеме деген болды. Алғашында ұқпаған едім, шылым сұрапты. Шылымын құшырлана сорып-сорып алған соң барып:

– 1987 жылы қасымда бір досым бар, екеуіміз Зайсан көліне балық аулауға бардық, – деп әңгімесін жалғастырды.

Қандастарынан көңілі қалған келіншек…

– Жаңа жыл мерекесінің қарсаңы болатын. Бұрын да талай барып жүрген балығымыз ғой. Өзімізбен алған тамағымыз да, арақ-шарабымыз да мол, жылы киімдеріміз де баршылық дегендей. Бірақ қырсық шалайын десе ондай запасыңа да, басқаңа да қарамайды екен. Көлге екі-үш шақырым қалған кезде мәшинеміз қалың қарға кеп батты да қалды. Осыны күтіп тұрғандай-ақ, күн аяқ астынан суытып, ақ түтек боран басталды да кетті. Айналаны қараңғылық басып келе жатқан кез болатын. Содан екеуіміз жан ұшырып жүріп кезек-кезек жол тазалаймыз. «Сәл әлденіп алайық» деп кабинаға кірсек болды, боранның қаттылығы сондай, мәшиненің есігін аша алмай қалатын болдық. Ақыры, не заманда бензин таусылды. Боран  болса, басылудың орнына үдеп барады…

Зайсанның трассасына дейін шамамен 10-12 шақырым жер бар. Досым «Не болса да!» деп сонда кетті. Содан қар тазалаймын деп жүріп, әбден сілем қатып құлап түскенім есімде қалыпты. Сәл тынығып алайын, көп кешікпей көмек те келіп қалар деп үміттеніп жатып, талықсып кетіппін. Есімді Зайсанның аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде бір-ақ жидым. Бәрінен де екі қол, екі аяқтан айырылғаным жаныма қатты батты. «Енді қайтіп өмір сүрем?» деп, таң атқанша кірпік ілмей жатқан түндерім әлі есімде…

– Досыңыз не болды, көмек әкеле алмады ма? – дедім дегбірсізденіп. Бұл сауалыма Даян бірден жауап бермеді. Мәңгірген адамға ұқсап бетіме бежірейіп біраз уақыт қарап отырып барып:

– Ә-ә, досым ба? Ол өлді ғой… – деді, менің қолымнан не келуші еді дегендей, шолақ қолдарын екі жаққа қарай жайып.

– Апыр-ай, ә! Досыңыздың мерт боп кеткені қиын болған екен, – дедім мен өкінішімді жасыра алмай.

Даянның айтуынша, досы трассаға төрт-бес шақырым қалғанда әлі әбден құрып құлап, қар астында үсіп өлген екен. Өзін келесі күні күн еңкейіп қалғанда барып сол өңірдің аң аулауға шыққан аңшылары тауып алған көрінеді.

Осы кезде біздің әңгімемізге талдырмаштау келген орыс келіншегі араласып, жөн сұрады…

– Ресейдегі әпекесінің өтінішімен біраз уақыттан бері осы бейбақтың қасындамын, – дейді өзін Тамара деп таныстырған келіншек. Даянның қамқоршысы екен.

– Ушанов алаңының маңында пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Күніне бес-алты мың теңгедей табыс табамыз. Кейде оған да жетпей қалады. Бақылап отырмасаң, соның өзін қағып кететіндер бар. Өткенде көк базардың маңына отырғызып, өзім бір шаруаларыммен екі-үш сағатқа кетіп қалған едім. Әлдебіреулер арақ беріп масайтып, жиналған ақшаның бәрін үптеп кетіпті, – дейді қамқорындағы адамның бас киімін, жаға-жеңін жөндеп жатқан қамқоршысы.

Сөз арасында Тамара мынаны айтты:

– Біраз уақыттан бері Даянның қасында жүргенімде байқағаным, садақа беретін 100 адамның 90-ы – қазақ ұлтының өкілдері. Қазақ халқының қайырымдылығы сондай, өздерінде жоқ боп тұрса да, мүгедек адамға көмек қолын созуға дайын тұрады. Мен соқыр емеспін, бәрін байқап- көріп жүремін ғой. Осындағы орыстардың және басқа да ұлт өкілдерінің әлеуметтік жағдайы қазақтардан әлдеқайда жоғары… Қараңызшы, әне кетіп бара жатқан машиналардың да жаңасы, қымбаты соларда. Солай бола тұра, жол жиегіндегі мүсәпір, мүгедек адамға көз қырын да салмай, қайқаң қағып өтіп кете барады. Күнде көретінім – осы. Өзімнің ұлтым орыс болса да, мен өзімнің тасбауыр, қайырымсыз, мейірімсіз қандастарыма қатты өкпелімін…

Қоштасар сәтте Даянға таяп кеп:

– Бауырым, сен жасыма, өмір бүгінмен аяқталмайды, қамқорлық қолын созып жатқан қайырымды адамдар көп болсын! – дедім сәл де болса қаяу көңіліне дем беріп қояйын деген ниетпен. Арбасының жақтауына байлап қойған пластмасса қорабына салған бір мың теңге ақшама кәдімгідей риза боп қалды…

…Қыр астында қылышын сүйретіп қаһарлы қыс та келіп қалды. Бойында жаны бар, қол-аяғы сау жандар мәшинесінің дөңгелегі мен майын ауыстырып, үйлерінің есік-терезелерін қымтап, қайсыбір барлықтан ықылық атып жүргендері үстілеріне жаңа тон алып, қысқа дайындалып жатыр…

Күні бойғы суықтан соң ұшып-жығылып үйіне барғанда, құшақ жайып қарсы алатын не жанұясы жоқ, өздігінен әне-міне қарекет жасайын десе, не қол-аяғы жоқ Даян қайтер екен?

«Апыр-ай! Аяғы жоқ, қолы жоқ Даян қайтіп күн көрер екен?» деген сауал көпке дейін санамды сансыратып тұрып алды…

Пақыр да болса, жер басып жүрген пешенелі пендесін жаратқан Алла өзі қамқорына алса екен…

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button