Қоғам

Аяғы тоңғандар Манарбекті іздейді

   Қысы қаталдау келетін Тарбағатай ауданында пимаға деген сұраныс жоғары болса да, бұл кәсіпті жергілікті жерде жандандырып отырғандар санаулы. Солардың бірі – Қызылкесік ауылында тұратын Манарбек Сегізбаев. 

Кәсібін тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде бастаған шебердің қолынан шыққан пималары сапалы болғандықтан да, ауылдар мен қыстақтардағы малшы қауымнан тапсырыстар молынан түсетін көрінеді. Ешкімге қажетсіз болып бұрыш-бұрышта жататын қой жүні Манарбек үшін –таптырмас шикізат. Шеберханасында кеңес заманында жасалған станоктар тұр. Техника болған соң тозбай тұрмайды. Қосалқы құрылғыларын заманауи түрге жаңарту керек, соған біраз қаражат қажет дейді.

-Станоктың жүнді түтетін, қатайтатын таспаларын айырбастау керек болып тұр. Бір салғанда он пиманы жасап шығару қажет. Түтуі бар, қонышын керу, аяқ өлшеміне қарай қалыпқа салу,  кептіру, тағы басқа жұмыс үдерісімен негізі бес адам істеу керек. Бірақ қазіргі кезде үлгере алмасам да, бір өзім жүрмін. Жұмысты толық жүргізіп, қасыма жұмысшылар алғым келеді. Құрылғыларының бағасы да қымбаттау, өзімнің сатып алуыма мүмкіншілік болмай тұр,-дейді Манарбек Сегізбаев.

Оның айтуына қарағанда, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы бір айлық курсын оқып, сертификатын да алған. Дегенмен, банктер арқылы несие алу үшін кепілге қоятын мүлкі  төмен бағаланғанды ма, әлде басқа да себептері болды ма, әйтеуір станоктардың құрылғыларын жаңартсам деген жоспарына күні бүгінге дейін қол жеткізе алмай келеді.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button