Руханият

Ай ханшасы алпыс жаста

Ол – «Ай патшалығының» ханшасы. Ол «Шағылға біткен шынармын» деп жырлайды. Ол «Кәусар дүниеге» әлі де ғашық. Кім дейсіз бе? Бақытжан Раисова. Алтайдың ақын қызы алпыс жасқа толды.

Жазушы Айгүл Кемелбаева «Бақытжан Мұхтарханқызының қазақы болмысы маған өткен ғасыр қаймағы бұзылмаған елдік дәстүр жұрнағындай сезіледі. Заманмен бірге өзгерген ұлттық мінезге жат құбылулардың теріс тұсы бұл ақында атымен жоқ. Нағыз қазақтықтан айрылмаған, жаны таза ақын» деп жазған еді. Жаны таза ақын. Иә, мен келісемін. Әлбетте, мен «жоқ» десем, жазушының бұл сөзі жоққа шығып қалмайды. «Келісемін» дейтінім, мен мектеп қабырғасында ұстаз Бақытжаннан сабақ алдым. Оқушысы болдым. Екі жыл тәлімін көрген соң, менің де есіме түйгенім бар. Шынымен, жаны таза…

Негізі «ұстаз Бақытжан», «ақын Бақытжан» деп ресмиленудің қажеті жоқ. «Қазақ тілі апай» дейтініміз өз алдына балалық «әдемі ақымақтық» қой. Ол өмірді ақынша кешіп келеді. Мектепте де ақын еді. «Қазақ тілінен» сабақ бергенде, бізді ҰБТ-ға емес, ұлт көсемі болуға дайындап жатқандай сөйлейтін. Жан-тәнімен құлшынып, рухтанып сөйлеуші еді. Әредік әдебиеттің терең-терең иірімдеріне түсіп кетіп, тасып барып, бойын тез жиып алатын. Әрине, бұл әрекетінің бәрі ақын болуға талаптанып жүрген менің арманымды асқақтата түсті… Ақын мектеп жұмысының батпан жүгін арқалап жүрді. Жазылмай жатқан өлеңі жас баладай шырылдап, етегінен тартып тұрғанда 45 минутын құр босқа өткізе салуына болар еді. Жоқ, ол сабақ берді. Бірімізден нағыз ақын, бірімізден нағыз жазушы, тіл, ұлт жанашыры шығар деп сенген болар. «Жаны таза ақын» дегенге келісетінім осы.

Алтайдың ақын қызы алпыс жасқа толып отыр. Облыстық драма театрда ұлан-асыр кеш өтті. Актер жастар ақынның өлеңдерін сахналады. Өлеңқұмарлар «Ай патшалығына» саяхаттады. Ақын шынымен, Ай мен Күнді көбіне жырға қосады. Оның санасында түпсіз бір түркілік жад сақталып қалғандай. «Ай» атты екі-ақ шумақ өлеңі осыған дәлел:

«Түркілердің ханшасы Айша үлбіреп тұратын,

Қарап тұрып жұлдызға әлдилеген мұратын.

Ай мойнында асылып, дірілдейтін кішкене ай,

Боз аспанда-падиша-сары табақ піскен Ай.

Түркілердің жұртында ай қалатын белгі боп,

Құлға салар ай-таңба айтылмайды енді көп.

Ай орнатып басына әкесінің күрсінген,

Айға бата оқыды Ол. Ай маңдайлы ұлды боп».

Ақын өз заманының жыршысы. Бақытжан ақынның өлеңдері де ескі бір естеліктерден сыр шертеді. «Махаббат бекетіндегі» ақ бантикті қыз бен аққұба жігіттің ғашық әндерін шырқайды. Бұл күнде әнге айналған «Мен кінәлі емеспін ғой, жаным» атты өлеңі сөзімізге сендіреді.

Бақытжан ақынның өлеңдері «Ай патшалығында» салтанат құра бергей!

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button